Дизайнер Биботамен сұхбат

Дизайнер Бота Бақытжанқызы
Мен 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Осы қалада мектеп бітіріп, колледжге түстім. Кейін академияда оқыдым. Дизайн саласындағы кәсіби білімді Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан алдым. Дизайнер болуды 2 сыныпта оқып жүргенімде-ақ армандадым. Қыздарға арналған түрлі көйлектердің суретін салғанды ұнататынмын. Осы жасымнан бастап дизайнер боламын деп шештім. Бұл шешімімді ешқашан өзгерткен емеспін. Мақсатқа деген тұрақтылық болғаны дұрыс деп ойлаймын.
Bibotta атауы қалай дүниеге келді?

Дизайнерлік жолды таңдаған соң өз есімімді қалыптастырғым келді. Брендтік атау ойлап табу үшін көп ойландым. Оның халықаралық тілге де ыңғайлы болуы керек. Кейде танымал болуыңның өзі осы брендтік атауға байланысты болады. Бұл бизнестің жазылмаған заңдылығы. Қазіргі таңда мені барлығы Bibotta есімімен таниды. «Бұл сіздің шын есіміңіз бе?», «Осы ат сізге қатты жарасады» деген пікірлерді жиі естимін. Bibotta атауы Бота Багытжанның қысқартылған түрі. Алғашында Б.Бота деп жазып, идея осыдан туған. Шүкір, брендтік атау мен ойлағаннан да танымал болды.
«Бизнесті бір тігін машинасымен бастадым»
Осыдан 1 жыл бұрын шағын ателье аштым. Ателье ашу үшін көп қаражат қажет болмады. Қаржылық жағынан анам көмектесті. Алғашқы капиталды тігін машинасын сатып алуға жұмсадым. Шағын бизнесімді ашқанда менде тек бір тігін машинасы мен жалғыз тігінші болды. Алты ай бойы осы құраммен жұмыс істедік. Уақыт өте келе тағы бір-екі тігінші алдым. Қазіргі таңда 4 тігінші, 1 конструктор және көмекшім бар. Олардың жалақысы тіккен киімдеріне байланысты.
«Өзіңді таныту үшін сән апталығына қатысуың керек»
Дизайнерлердің ең көп шығындалатын тұсы – сән апталықтарына қатысу және коллекция жасау. Сені өзгелер тану үшін, өзіңді мойындату үшін танымал сән апталықтарына қатысып, өз туындыларыңды паш етуің керек. Және бұған тек бір рет қатысу жеткіліксіз. Кем дегенде 3-4 рет қатысуың керек. Ал әрбір сән апталығына қатысу жарнасы 300-400 мың теңгені құрайды. Оған арналған коллекцияны дайындау үшін де көп қаражат керек.
Менің дизайнер ретінде қызмет етіп жүргеніме төрт жылдай уақыт болды. Алғашқы жасаған коллекцияларым өтпей қалды. Оларды алғашқы шығармашылық жұмысымның нәтижесі ретінде сақтап қойдым. Соңғы бір жылда менің кәсібім алға басты деп айтуға болады. Бірден танымал боламын, киімдерім көпшілікке ұнап, өтімді болады деп ойламау керек. Әр нәрсе өз уақытымен болады.
Сұхбат алушы: Елриза Бауыржанқызы
Жетекшісі: Рушанова Н.Б.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *