Ұлбосын Танагузова: Баланы гаджетке таңып қойғанымыз – үлкен қателік
Бала – болашағымыз. Ертеңгі елдің іргесін ұстайтын да сол балалар. Ал біз сол болашағымыздың бастамасы болатын жандарды қаншалықты дұрыс тәрбиелеп жатырмыз? Осы сұрақ аясында жоғары тәжірибелі балалар психологы Танагузова Ұлбосын ханымнан сұхбат алдық.
– Бала кішкентай кезінде психологиялық жарақат алмас үшін жас ата-аналарға қандай кеңес бере аласыз?
Алдымен балалы болмай тұрып, ата-аналар бұл жағдайға толықтай дайын болуы керек. Себебі ананың эмоциясы мен көңіл-күйі толықтай құрсақтағы сәбиге әсер етеді. Бұл кезде әкеге артылар жауапкершілік зор. Жас отбасыларға айтарым, ерлі-зайыпты болған соң, екеуі бір-бірінің жан дүниесін түсіне білуі керек. Құрсаққа бала біткен соң ер азамат ол өзінің болашақ баласының анасына ауыртпашылық түсірмегені абзал. Қазақта “жеріктік” деген түсінік бар, сол жеріктікті де қандыру да міндетті. Егер ана шошынса, күйзеліске түссе, бала туылған соң да денсаулығында кінәрат болуы мүмкін. Ана мен әке күнде отырып, болашақ балаларының қандай болатынын, оның мінез-құлқын, бәрін отырып армандаған дұрысырақ, себебі іште жатқан бала оны сезеді. Кейде бізде мынандай жағдайлар жиі болады. Бала шамамен 3-4 жасқа келгенде қылықтарына қарап, жақсы көргеннен баланы алып, аспанға көтеріп, жұлқылап ойнаймыз. Жылдам әрі биікке көтерілген кезде оның жүрегі «дік» ете қалады. Баланың күлгеніне қарап, оған ұнап жатыр деген ойға келеміз. Осының әсерінен баланың жүрегінде қорқыныш пайда болады. Есейген соң да бұл үрей жалғаса береді.
Келесі кезекте біздегі мәселе – үйдегі ата-ананың баланың алдында дауыс көтеріп, бір-бірімен түсінісе алмауы. Бұл балаға болашақта отбасын құруға қиындық келтіреді. Қоғамда әйел адамға жұдырық ала жүгіретін азаматтар бар. Ондай көріністі көрген қыз болса, ер азаматтарға деген сенімсіздігі қалыптасады. Ал ер бала көрсе, әкеден көргенін ол да жасайды. Сондықтан қандай мәселе болса да, баланың көзінше айтпаңыздар дегім келеді. Міне, осындай мәселелерден бала есейгенде ғана емес, құрсақта жатып та психологиялық жарақат алуы мүмкін. Ондай балалар ертең ата-анаға қарсы келуі әбден мүмкін. Ал бала айтқаннан бұрын көргенді істейді.
– Қазіргі балалар гаджеттен көз алмайды. Тіпті бесіктегі баланың өзін гаджет беріп жұбатамыз. Бұл жағдайға қалай қарайсыз?
– Дұрыс айтасың. Қазір өзің де байқап жүрсін. Балаға телефон көрсетсең, көзін алмай, тіптен қолын созады. Демек, қателікті ана жіберген. Қай кезде десең, ол жүкті болған күндерде жіберді. Жастар демей-ақ қояйық, баршамызда осы дүниеге тәуелді болып қалғанбыз. Ал жас ата-аналар ол ішінде бала бар ма, жоқ па, оған да қарамайды. Телефоннан түрлі дүниелер көрген соң ана эмоцияға беріледі. Одан қалса, бала телефонды сезеді. Сондықтан оның орынына ертегі оқыңыз, онымен сөйлесіңіз, сырласаңыз. “Іштен біліп туылады” деген осы. Жас анаға айтарым, бойыңа бала біткен сәттен бастап ойлан! Сен онымен жақсы эмоцияда бол. Телефонды таңнан кешке дейін қараудың қажеті жоқ. Бала туылмай жатып, сол дүниені қабылдайды.
Кейін бала дүниеге келгеннен кейін оның әр тәтты қылығын телефонға түсіріп аламыз. Ол қаншалықты дұрыс? Бала өскен соң тәуелді болғаннан бұрын сол виртуальді өмірге кіріп кетеді. Көрген дүниелерін жаттап алады, қайталайды. Сол арқылы баланың бойына агрессияны жинайды. Бала дүниеге аппақ болып келеді. Сол аппақ жүрекке қара дақ түсіретін өзіміз. Телефон көріп, бойына неше түрлі мінез-құлықты да қалыптастырады. “Осы жыламасыншы” деп қолына ұстата салу дұрыс емес.
– Баланы сол гаджеттен бір сәтке алыстату үшін қандай психологиялық ойындар ұсынар едіңіз?
– Ата-анадан ала алмаған сол бір көңілді бала гаджеттен іздейді. Ата-ана баламен көп ойнау керек. Бала қай кезде бақытты? Әрине, жанында ата-анасы болған кезде өзін жақсы сезінеді. Балаға жиі ертегі оқып берген жөн. Балаға ойыншық алып бергеннен кейін, «болды алып бердім» демей, сол ойыншықты қалай ойнайтынын көрсеткен жақсы. Ертегі оқудың пайдасы – ата-ана мен баланың арасы жақындай түседі. Бала еш қиналмай ойын бөлісетін, өтірік айтпайтын жағдайға дағдыланады. Осыған қатысты бір әңгіме бар. «Бірде бір кісінің кішкентай баласы болады. Бала күнде бір сұрақты жүз рет қояды. Әр сұрақ қойғанда әкесі ерінбей жауап береді. Әкесі үлкен дәптер алып, баласының бір күнде қанша сұрақ қойғанын қуанышпен жазып алатын болыпты. Арада жылдар өткенде әкесі қартайып, баласы ер жетеді, екеуі саябақта отырады. Әкесінің көз жанары нашарлағаннан көп нәрсені көре алмайды. Құстардың дауысын естіп, “бұл ненің дауысы?” деп баласынан бірнеше рет сұрайды. Бала бір жауапты қайталап айтып отырады. Біраз уақыттан соң сол сұрақты қайтадан қояды. Сонда баласы «Түу, әке, жүз рет сұрадыңызғой, жүз рет жауап бердім ғой» деп өкпесін білдіреді. Сонда әкесі үндемей тұрып, бұрын өзі жазған дәптерді баласынның қолына ұстатып кетіпті. Оны оқыған баласы жылап, әкесінен кешірім сұрайды» Бұл жердегі қорытынды былай болмақ, әке ұлын өмірге дағдыландырды. Бұл жерде баланың бетін қақпай, «қоя тұршы, кейін көремін» деп айтқан жоқ, бәрін үйретті. Ал біз не істейміз? Бала сурет салып келсе, қуанбаймыз. Ол балаға өз-өзін дұрыс бағаламауға, сенімсіздікке алып келеді . Баланың әрбір сөзіне ерекше мән беріңіз.
– Қазіргі көп отбасыда болатын жағдай шығар, екі баланың бір-бірімен жиі сөзге келуі, ойыншыққа таласып қалуы деген сияқты жайттар көп кездеседі. Сол жағдайдан ата-аналарға қалай дұрыс шығуға кеңес бересіз?
Ата-аналарға айтарым, балаларға үлкен жауапкершілікті ерте жүктейміз. Тұңғыш баламыз бен кенжеміз төбелессе, бірден үлкен балаға бас саламыз. «Сен үлкенсің ғой, сен неге ойлай жасайсың?»- деп зекіп тастаймыз Ол да балағой, оның да тентектік жасайтын құқығы бар. Балаларға ұрыссаңыз, бірдей ұрысыңыз. Оларды үлкен, кіші деп бөлу дұрыс емес.
– Ұлбосын ханым , көп жылдық тәжірибелі психолог ретінде, мектепте біраз балалармен жұмыс жасайсыз. Сол балалар алдыңызға көбіне қандай жағдаймен келеді?
– Балалардың басым көпшілігі, жоғарыда айтып өткендей, сол отбасы мәселесімен жиі келеді. «Мені анам түсінбейді, мені отбасым түсінбейді»- деп мұңын шағады. Балалардың түріне қарап еш мін тағып, сын айта алмайсыз. Көп нәрсе олардың жан дүниесінде болып жатыр. Оны ата-ана түсіне алу керек. Жұмыстан шаршап келсе де, «балам, қалайсың?, көмек керек пе?, не істеп жатсың?» дейтін қарапайым сұрақтармен көңіл бөлсеңіз жеткілікті. Ол өзінің ата-анасына керек екенін түсінеді.
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Кенгашова Айсауле
Жетекшісі: Неля Берікқызы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718