Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр
Мақала авторы: Айзада Секен; Тұран университеті журналистика факультетінің 2 курс студенті
Азық түлік бағасы асқындап тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың қыркүйегінде азық-түлік тауарларының бағасы былтырғы жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 22,2%-ға өсті. Азық-түлік емес тауарлар 17%-ға, ал ақылы қызметтер 12,3%-ға қымбаттады. Жалпы жылдық инфляция 17,7%-ға жетті деп хабарлайды LS агенттігі.
Қымбатшылық, әсіресе, Маңғыстау облысында байқалады. Мұндағы инфляция көрсеткіші – 21,7% және Астанада 20%-ға жеткен. Алматыда бұл көрсеткіш 17,3%-ға тең. Тауарлар арасында А4 қағазы екі есе қымбаттады. Ал құмшекер – 80,8%, кір сабын 68,9%-ға шарықтаған.
Тамызбен салыстырғанда инфляция қыркүйекте 1,8%-ға өсті. Атап айтсақ, ақылы қызмет құны 2,7%-ға көтерілген (тамызда 1,6%- ға өскен). Ал азық-түлік емес тауарлар 1,9%-ға қымбаттады. (тамызда 1,8%-ға өскен). Азық-түлік тауарлары – 1,2%-ға (тамызда 1%-ға) шарықтаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттарға баға 5%-ға, жуу және тазалау құралдарына – 4,4%-ға, жеке пайдалануға арналған тауарларға2%-ға, киім мен аяқ киімге1,9%- ға өсті. Отын 3%-ға, тас көмір 2,9%-ға, баллондарда сұйытылған газ 1,5%-ға қымбаттады.
Ұлттық банк есебінше жыл соңына қарай Қазақстанда инфляция деңгейі 18 пайызға дейін өсуі мүмкін. Соған сәйкес тауарлар да қымбаттай береді дейді төраға Ғалымжан Пірматов. Бұл әсіресе, табысы төмен тұрғындарға қиын тиеді.
Украинадағы қарулы қақтығыс, Ресейге салынып жатқан санкциялар жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
АҚШ-тағы жылдық инфляция соңғы 40 жылда алғаш рет 8 проценттен асты. Экономистер бұған мұнай шикізаты мен басқа тауарлардың қымбаттауы себеп дейді.
Сондай-ақ Financial Times-тың хабарлауынша, инфляцияға Украинадағы соғыс та кері әсер етті. Негізі кері кету үрдісі пандемия кезінде басталған. Коронавирустың кесірінен фабрикалар жабылып, тауар жеткізу ісі бұзылды.
“Дәл қазір бізде азық-түлік және жанармай дағдарысы қатты ушығып тұр. Тауар жеткізу ісінде пайда болған кедергілерді реттеуге әлі біраз уақыт керек болады. АҚШ-тың Федералды қор жүйесіне жыл бойы пайыздық мөлшерлемені көтеру керек. Тек сонда ғана бейтарап деңгейге жетуге болады деп сенемін”, – дейді қаржы сарапшысы Грег Макбрайд.
Америкалықтар қымбатшылық сезіліп жатқанын айтады. Осыған байланысты президент Джо Байденді қолдау рейтингісі төмендеп барады. Оның Франциядағы әріптесінің де бәсі төмендей бастады.
Президент сайлауының екінші кезеңіне жолдама алған Эммануэль Макрон үшін осы инфляция нағыз сынақ болғалы тұр. Бұған дейін Париж газ және энергетика саласына көмекқаржы бөлу арқылы бағаларды ұстап тұрған еді. Десе де соңғы 12 айда инфляция деңгейі 5,1 процентті құрады. Мұндай көрсеткішті экономистердің өзі күткен жоқ.
Аргентинада халық бас көтерді. Бұл елде наурыздағы инфляция деңгейі 6 жарым проценттен асты. Қымбатшылыққа наразы мыңдаған адам Буэнос-Айрестің басты көшесіне шеруге шықты. Олар жәрдемақыны өсіруді және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етті.
Ресейдегі жылдық инфляция 17 жарым проценттен асып түсті. Бұл осы елдің Экономикалық даму министрлігінің мәліметі. Сондай-ақ Рейтерс агенттігі бұл 2002 жылдың ақпанынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш екенін хабарлады. Көкөніс, қант, киім-кешек, смартфон – бәрі қымбаттап жатыр. Сәуірдің 2-сі мен 8-і аралығында маргарин, шай, шоколад кәмпиттері, печенье, макарон, еттің бағасы тағы көтерілді.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718