Абай-өз дәуірінің психологы
Абай – ұлттық дүниетанымды, халық болмысын орнықтырған данышпан. Мағжанның сөзімен айтқанда, Абай – «Абай хакім». Хакім деп әрі ақын, әрі данышпан адамды айтады. Ақынның шығармаларында ғибрат пен моральдық-этикалық үрдістерге шақыру секілді сарындағы өлеңдер жетерлік. Шығыста «ақылақ» дейді. Ақылақ мәселесі ақынның бүкіл поэзиясын құрайды. Оның поэзиясының өзегі – оның шығыстағы қуаты мол моральдық-этикалық пәлсапалық данышпандық иірімдері мол болуында. Ақын өз замандастарына қарата керемет ғибрат пен ғақлия сөздер айтқан. Абайдың жастарды жігер мен қайратқа шақыратын өлеңдері де көп. Оны көпке мәлім еткен осы өлеңі…
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Абай – қазақ поэзиясына жаңа үн мен сарын әкелген тұлға. Сапасы тұрғысынан қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерді. Абай – ұлттық ақын. Ол өз жазбаларында келешекте ұлттың барар жолын, рухани көшін және жүрек жолын белгілеген. Абай өз өлеңдерінде адамгершілікті, моральдық философиядан да жоғары қойды. Абайдың «толық адам», «кемел адам» ұғымы жайлы тақырып қозғағанда адамгершілік біздің негізгі тірегімізге айналады. Басында айтқанымыздай, Абай өлеңдерінде ғибрат пен ғақлиялар көп, бірақ олар жалаң ғибрат емес, әрине. Ол өзіндік образбен, өзіндік сезіммен өрілген. Абай былай дейді:
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Абайдың ғылым мен еңбекке көзқарасы
Ұлы ақынымыз ағартушылық пен білімді бірінші орынға қойған. Дүниенің бәрі ғылым арқылы, білім арқылы өзгереді деген түсінікте еді. Абай Батыс Еуропадағы ағартушылық кезеңіндегі Вольтер, Руссо, Монтескье тұлғалар мен Ренессанс кезеңінің өзгерістердің қалай келгенін терең түсінді. Мысалы, «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген Абайдың сөзі бар. Бұл ағартушылық дүниетанымнан туындап отырған көзқарас. Абай адам баласын туғаннан бастап, адамды тәрбие мен білім арқылы өзін-өзі құрау керек деген түсінікте болған. Сол себепті бұл сөзін осы тұрғыдан айтып отырғанын пайымдағым келеді. Абайдың ұлы Тұрағұлдың бір естелігінде «Әкеміз жасы ұлғайған сайын мінезі жұмсара берді» деген. Жас кезінде мінезі бірбеткей турашыл еді деп мінезін суреттеген. Абай біреудің мінезі жақпаса, бетіне тура айтатын болған. Бірақ кейін келе ақын өзін философиялық құндылығы мол білім ала келе, көп нәрсені басқаша пайымдайтын деңгейге жеткен. Адамның мінезін өзгерту қиын нәрсе. Ал Абай бұл қиын мінезді білім арқылы өзгерте алды.
Қазақы мотивация
Абай келешек ұрпақтың адал еңбек етіп, білімге құштар болуын қалаған. Мал тауып, еңбек ету қажет деп айтуы осыдан. Қазіргі шетелдік кәсіпкерлер бизнес пен адам пайдасына арналған мотивациялық кітаптардағы еңбектердің түп мәнін, ақынымыз өз өлеңдерінде ұлттық болмысымызға сай терең мағынамен жеткізген. Абай өлеңдерінде халық болмысын оның ішіндегі кінәраттарды жіті зерделеп, сұңғыла көңілмен түсіне білген. Абай қазақтың қандай мінезін өзгерткісі келді? Бұл сұраққа мына өлеңнен жауап ала аламыз.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжың
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?!
Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Яғни ақын еңбек қылып, адал пайда табудың маңызын түсіндірген. Қазір орынсыз ыржаң мен болымсыз қылжың көбейіп кетті. Міне, хакім Абай осы бір жағымсыз қасиеттерден ерте арылып, кемел жолға ерте түсу адамды жасампаз жолға бастайды деген. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» сөзі бүгінгі күні нақыл сөзге айналды. Абай Құнанбайұлы өз заманында поэзиясының қоғамға қалай әсер ететінін жақсы түсінген. Ол ұлттық пайым мен ұлттық өлшеммен, ұлттық категориямен ойлай білген.
Психологияға көзқарасы
Сонымен бірге ақын философиялық өлеңдерімен қатар поэзиясында психологиялық иірімдерді де көреміз. Оның адам жанының психологы екенін терең аңғарамыз. Мәселен, оның сүйіспеншілік туралы өлеңі бар. «Қызарып, сұрланып» өлеңінен үзінді…
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі.
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі.
Екі асық құмарлы,
Бір жолдан қайта алмай.
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай.
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын,
Көңілмен танысып.
Бұл өлеңнен адам жанының нәзік иірімдерін дәл келтіргенін байқаймыз. Қаламгер адам жаны мен сол заманның жастарының тұнып тұрған психологиялық сәтін айқын көрсетуге тырысқан. Абай жақсы мен жаман ойлы адамдардың мінезі мен заманның кесапатын дәл суреттеген. Ол адамның уайымға түсуі оны жақсылыққа апармайтынын, оған адам беріліп кетпеу керегін айтқан. Мәселен, «шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық» деп қайғы мұңға түсіп, іссіз, әрекетсіз жырақта қалуды, антұрғандық, ақымақтық деп сипаттаған. Абайдың сезімінде үлкен оптимизмнің бар екенін байқауға болады. Осы тұрғыдан келгенде, өз басым Абайды өз дәуірінің ұлы психологы деп айта аламын.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718