Асанбай Асқаровтың тарих ғылымына қосқан үлесі
Жамбыл облысы, Меркі ауданы Тәтті ауылының М.Мәметова атындағы №13 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі
Биттибаева Зина Рахметұллақызы
Асанбай Асқаровтың тарих ғылымына қосқан үлесі
Халқымыз ірі тұлғаларға бай. Қазақты қазақ етіп, оның тарихын жасаған, айтулы ұлттардың қатарына қосып, әлемге атын шығарған да осы тұлғаларымыз. Оларды дәріптеу, кейінгі ұрпаққа таныстыру — үлкен тәрбиелік мәні бар өзекті мәселе.
Еліміздің өркендеуіне адал қызмет еткен, көрнекті қоғам қайраткерлерінің де ел басқарған, өнегелi өмірлері жан-жақты зерттелуде. Солардың бірі Асанбай Асқаровтың ел тарихындағы ойып алар орны бар.
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің туғанына 100 жыл толады. Осыған орай, бұл мақала, қайраткердің өзі дүниеден озса да, артына қалдырған рухани дүниесінің тозбайтындығы, оның мол мұрасы келешек ұрпақ тағылым алар халық қазынасына арналады.
Өткенді білу болашаққа бағдар ұстау үшін керек, өйткені қателіктерден сабақ алып, жетістіктерді одан әрі жалғастыру арқылы ғана биік нәтижелерге жетуге болады. Тарихты білу сондай-ақ, өткен аға ұрпақтың мақтаныш етер игі істерін үлгі етіп, ұлттық намыс, рухты көтеруге үлкен ықпалын тигізеді. Рухы мықты ел ешқашан жоғалмайды, ешкімге намысын таптатпайды. Асанбай Асқаров тарихшы, қоғамтанушы-зерттеуші, мемуаршы ғана емес, көзінің тірісінде үлкен ғалым екенін де танытып үлгерген жан.
А.А. Асқаровтың тарих ғылымына қосқан үлесі өте зор. Қос тілде, қазақ және орыс қарпімен жазылған «Ұлы Тұран ұлдары» кітабы оның ғылымдық жолға нақтылы дәйектемелерді жинауға деген қызығушылық барысында түскеніне дәлел болатындай.
А.А. Асқаров «Ұлы Тұранның ұлдары» (1998 ж.) деген кітабын жазарда Көпжасар Нәрiбаевқа жоспарын, кітаптың болашақ құрылымын көрсетіп: «Ғұламалардың өмірін қалай жазға¬ным дұрыс болар екен, – деп ақылдасты. Сонда Көпжасар Нәрiбаев «Бұған Сіз өзіңіздің көзқарасыңызды, оларды қалай түсініп, қалай қабылдағаныңызды білдіріп, талдау жасап, өз тапқаныңызды, өз ойыңызды, пікіріңізді қосып жазсаңыз, сол бағалы, пайдалы болмақ, − кеңесін береді. Сонымен қатар көмегі тиер деп хандар, билер, әл-Фараби бабамыз, тағы басқа да тарихи тұлғалар жөнінде жазылған отызшақты кітап апарып береді. Асекең тарихты зерттегенімен, кайраткер адам болған, сондықтан тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді кем-кетігін, түзететін жерін түзеп, тарихшы ретінде кеңесін берген екен. Кейін кітап өте құнды, елдің аузында жүрген, оқырмандардың ризалығына бөленген кітап боп шықты. Құндылығы − оған Асекеңнің өзінің ой-пікірі, бағасы, көзқарасы, түсінігі, қабылдауы қосылды. Өзі ұлы адам ұлыларды түсіне, ұлылардың қадір-қасиетін көре біледі ғой.
А.Асқаровтың әріптесі Альберт Михайлович Костин 1981 жылы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. «Шымкент туралы естеліктер» кітабында Асанбай ағамыздың «Ұлы Тұран ұлдары» кітабы туралы жазған пікірін келтірейін. «Екінші топтағы мүгедектігім болғандықтан, Алматыға клиникалық хирургия институтында емделуге үнемі баратынмын. Кезекті сапарлардың бірінде емханаға бара жатқанымда Асанбай Асқаровты кездестірдім. Ол кезде оған тағылған айыптардың бәрі алынып тасталған, барлық үкіметтік марапаттар қайтарылып, қудалау тоқтатылған. Асанбай Асқарұлы күлімсіреп, ескі сыныптастардай кездесіп қалдық. Мені пәтеріне, кішігірім кеңсесіне (ол кезде әйелі Фатима Ғалиқызы үйде жоқ болатын) апарып, соңғы уақытта немен айналысып жүргенін көрсетті. Бұл оның болашақ «Ұлы Тұран ұлдары» кітабының қолжазбалары еді. Мен бұл еңбекті Қазақстан тарихы бойынша ең үздік кітап деп шын жүректен санаймын».
Асанбай Асқаровтың келесі “Қөзқарас”(1996 ж.) атты кітабына ерекше тоқталу керек деп, ойлаймын. «Көзқарас» еңбегінің бір бөлігі қазақ тілінде, бір бөлігі орыс тілінде жазылған.
Бұл кітапта автор өмір туралы және өзі араласып, қызметтес болған адамдар туралы өз ойларымен, бақылауларымен, әсерлерімен бөліседі. Бұл кітаптың тарихи құндылығы мынада, А.А. Асқаровтың үш кезеңнің замандасы және куәгері болуында: социализм құрылысының 30-ші жылдары (соғысқа дейінгі кезең); КСРО-ның соғыстан кейінгі кезеңі; 90-ші жылдары (қайта құру кезеңі). Ол біздің жерлестеріміз, өңірдің түрлі салаларының дамуына елеулі үлес қосқан зиялы интеллигенция өкілдері туралы әңгімелейді. Аты аталған тұлғалардың әрқайсысы жеке кітапқа лайық. Өз халқының тарихына жанашыры болып, туған жері Меркі өңірінің қазан төңкерісінен кейінгі жағдайын орыс тілінде әңгімелеген жерінен үзіндіні аударып, келтіруді жөн көрдім.
«Ұлы Жібек жолының бойында тұрған Меркі ежелден сән-салтанаты мол базарымен, дукендерімен, аспазымен әйгілі. Қоқан хандығының билік құрған кезін алсақ, Меркі сауда орталығы болған. Қала арқылы бай дворяндар, көпестер, барлаушылар өтті. Олардың барлығы Жібек жолының бойында орналасқан бұл бекіністі қаланың рахатын көрді. Алатаудың баурайында орналасқан қала, тамаша тау ауасы, жұпар иісті бақтары, янтарлы жүзім шоқтары, хош иісті қымыз. Революцияға дейін қалайымен жабылған үйлер көп болды. Төбелер жасыл, күрең, қызыл түстермен боялған. Ашаршылық жылдары мұның бәрі ыдырап кетті. Кішкентай көне қоныс – өткен күннің куәсі көз алдымызда балқып, қирап, тозып кетті. Елді мекеннің қирандыларын көргенде жүрегім сыздап кетті: өйткені, бұл қирандылар халқымның өткені. Бұл ұлтты қорлау болды. Әрбір халық ұлт болғанға дейін ұзақ та қиын жолды бастан кешіреді. Сондықтан халықтың тарихи өткені туралы толық мағлұмат алу үшін осы өткеннің барлық үзінділерін жинақтау қажет. Бұл тарихшылардың, этнографтардың ісі деп қарсылық білдіруі мүмкін, бірақ өз халқының тарихына жанашыр әрбір адам бұған бейжай қарай алмайды».
А.А.Асқаров 7 жылдай Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда облыстың экономикасы мен мәдени әлеуметтік жағдайына баса назар аударды. Отан тарихын қастерлейтін ағамыз қазақ халқының ұйытқысы, халқымыздың -алтын босағасы, Тұран жұртының киелі көне қонысы, атамекені Оңтүстік өңіріндегі Ясауи кесенесіне, көне Отырарға айрықша көңіл бөліп, Отырар, Шаян мұражайын ұйымдастырды.
Асанбай Асқаров жазған осы екі туындысы тарих ғылымы үшін нағыз, ол кісінің ой-өрісінің кеңдігі, ұлттық рухының биіктігі, халқының тарихы мен тұрмысын терең білетіндігі, көргені мен естіп-білгеніне үлкен пайымдылықпен және парасаттылықпен қарайтыны сияқ¬ты қасиеттерінен туған шығармалары, жазбауға болмайтын жүрек сырлары еді.
«Ұлы Тұранның ұлдары» аты айтып тұрғандай кітабында атақты, әлемге аты мәшһүр ұлы ойшылдар мен қазақ кемеңгерлері туралы жазылған.
Алаш қайраткерлері, алаштың беймәлім тұлғалары жайында құнды мәліметтер ұсынылған. Ұлты үшін жандарын құрбан еткен алаш арыстары туралы әңгімелер рухыңды қамшылайды.
«Көзқарас» еңбегінде көбіміз жөнді біле бермейтін Меркі өңірінің сол замандағы алдынғы қатардағы, елдің қамын ойлап, адал еңбек еткен тұлғалардың толық тізімі де – осында. Автор бетке ұстар адамдарын басынан бақайшағына дейін дерліктей мұқият зерттеп-зерделейді. Жұртты сүйіндірген жетістіктерімен қоса елді күйіндірген кемшіліктерін де жасырмайды. Бағаланбай ұмыт қалған жерлестеріміз жөнінде қызықты мәліметтер бар. Кітапта Ұлы Отан соғысының батырлары туралы да құнды мағлұматтар жетерлік. Асанбай Асқаров өз кітаптарында тарихи тұлғалардың мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды рөлін атап өтеді. Оның тарих ғылымына қосқан үлесіне объективті баға беру керек. Бұл кітаптар мәдениет пен тарих үшін, ғалымдар мен қарапайым оқырмандар үшін баға жетпес құнды жәдігерлер болып табылады. Жалпы Асекең қазақ елінде − феномен. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Феномен − ешкімге ұқсамайтын, өзінше дара, атын үлкен сүйіспеншілік, мақтанышпен арнайы атап айтатын, дә¬ріптейтін, өнеге тұтатын ерекше құбылыс.
Әрине, салыстырғанда, Асанбай Асқаровтың қоғам дамуына қосқан үйлесіне қарағанда, тарихи еңбектері соншалықты көп емес, бірақ соған қарамастан оның тарихи саладағы білімін дамытып, кеңейтуге атсалысуы маңызды. Осы екі кітаптға тарихи деректерді мен өзімнің өлкетану сабақтарында және сыныптан тыс іс шараларда қолданамын.
Соңынан өшпес мұра жазып, ірі істер жасап қалдырған Асанбай Асқаров жайлы бір кітапқа жетер шығарма жазуға болады. Бір басына сан өнер қонақтаған, кең жүрегімен елін шексіз сүйген өз дәуірінің дауылпаз тұлғасы жайлы Алаш мұрасын індете зерттеген Мәмбет Қойгелдиев былай деп жазады: «А.А. Асқаров бар бітім-болмысымен кеңестік жүйе жағдайында қалыптасқан қайраткер еді. Ал кеңестік билік болса ұлттық кадрларды перманентті, жүйелі түрде ылғи да електен өткізіп, тазалап отырды. Соған қарамастан Қазақстандағы басшылықтың арасында ұлттық құндылықтарды қорғап, оларды одан ары өрістетуге ынталы, таза көңілді, биік мұратты азаматтар аз болған жоқ. Асанбай Асқаров сондай еліміздің бағына туған қайраткерлердің бірі әрі бірегейі еді».
Меркі жерінің тумасы Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай, туған жері – Тәтті ауылында ас берілді. Алыс-жақыннан келген ағайын дәмнен ауыз тиіп, ағамыздың рухына арнап құран бағыштады. Сонымен қатар, қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбек жолын дәріптеуге арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы сөз алып, А.Асқаровтың өнегелі өмірі мен халқына қалтқысыз қызмет жолына тоқталып, мерейтойға орай аудан көлемінде ұйымдастырылатын іс-шараларды да тілге тиек етті. Одан кейін, белгілі жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Омашев Намазалы Омашұлы бастаған қонақтар Алаштың ардақты ұлы жайында дәйекті деректермен бөлісті. Іс-шарада аудандық өнерпаздармен қатар, Оңал Азаматова, Индира Хамзина сынды жезтаңдай әншілер және көрші Құлан өңірінен келген өнерлі жігіттер қонақтарға әннен шашу шашты. Ұлттық дәстүрге сай көкпар мен аламан бәйге ұйымдастырылды. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне темір тұлпар қойылып, жүлделі орындарға қомақты қаражат пен бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Бұл ойды жүлгелесек, кейіпкеріміздің қайраткерлік болмысын, қазақ үшін қысылтаяң шақта ерен еңбек етіп, шынжырлаған жүйенің, бірбеткейлі саясаттың бұғауынан қазақ халқына самалының жетуін, жарықтың төгілуін көксеген ұлы перзенттік махаббатпен іс тындырған ерлігін танимыз. Ал, осындай заман яки ғасыр сомдаған адам жайлы біз де алдағы уақытта көсілте жазып, әрбір азаматтық қасиетін салалай талдайтын боламыз.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718