Рухани жаңғыру – ұлт болашағы
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тебіреніссіз оқып шыққан жан кемде-кем болар. Атының өзі ұрандай елең еткізетін аталмыш мақалада ұлт болашағын ойлаған Президент еліміздің бүгіні мен ертеңін ұштастыратын ұлы жолға нақты бағыт-бағдар сілтейді.
Мақаланы мемлекетімізді нығайтуға мақсатталған жолдау деп қана емес, Елбасының жүрек толқынысынан шыққан халқына деген жан сыры деуге де болады.
Тәуелсіз мемлекетіміздің көшін Нұрсұлтан Әбішұлы бастағалы еліне арнаған жолдауы – жалғыз бұл емес. Экономикалық және саяси реформалардың қағаз бетінде ғана емес, іс жүзінде орындалғанына барша жұрт куә.
Ендеше, рухани жаңғыру да біздің мемлекетіміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы талпынысына үлкен серпін, басты бағыт болары сөзсіз.
Президент өз мақаласында: «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, әрбiр қадамын нық басуын, болашаққа сенiммен бет алуын қалаймын», -дей келе ХХІ ғасырда ұлттық сананың рухани даму жолдарын айқындап берген.
Ең алдымен Елбасы айтқан бәсекелестік қабілет бүгінгі қоғамның жаһандану кезеңінде әрбір қазақстандықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру, шет тілдерін меңгерту, мәдени болмысының деңгейін көтеру сияқты алғышарттардың орындалуын талап етеді.
Таяудағы онжылдықтың ұраны – прагматизм болуы тиіс. Ол дегеніміз – Абай бабамыз жырлағандай, бойымыздағы «бес дұшпанымыздан» арылып, «бес асылымызды» көрсете білу.
«Прагматизм – өзiңнiң ұлттық және жеке байлығыңды нақты бiлу, оны үнемдi пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдiкке жол бермеу деген сөз. Қазiргi қоғамда шынайы мәдениеттiң белгiсi орынсыз сән-салтанат емес. Керiсiнше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшiлдiк пен орынды пайдалану көргендiлiктi көрсетедi»,-деп толғайды Елбасы.
Президент халықты ұлттық бірегейлікті сақтауға шақыра отырып, ұлт санасын жаңғыртудағы екі ережені басшылыққа алуды ұсынады:
«Бiрiншiсi – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екiншiсi – алға басу үшiн ұлттың дамуына кедергi болатын өткеннiң кертартпа тұстарынан бас тарту керек».
Шынымен де, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз, дініміз, тіліміз, әдебиетіміз бен өнерімізді, тарихымызды, мәдениетімізді , бір сөзбен айтқанда рухани байлығымыздың інжу-маржанын ұрпақ санасына сіңіре білмесек, ұлттық кодымыздың мәңгі жасауы екіталай. Сондай-ақ, ұлт арасында белең алған рушылдық, жершілдік, діни сауатсыздықтан туындаған кертартпалықтан да арылғанымыз жөн.
Мақаланың әрбір жолында терең мағына, астарлы ой жатыр. Оның тағы бір дәлелі – Нұрсұлтан Әбішұлы білімге басты назар аударып отыр. Болашақ-жастардың қолында. Бүгінгі жеткіншек-ел тізгінін қолға алатын ертеңгі азаматтар. Көзі ашық, көкірегі ояу саналы ұрпақ қана халықтың мақсат – мүддесін іске асыра алады. Білім-дүниенің кілті, өмірдің қазығы. Алдыңғы қатарлы елдермен бәсекеге қабілетті болу үшін де адамға ең алдымен білім қажет.
Сондықтан да технологияның дамыған заманында білімнің салтанат құруына бөлінетін қаржы да қомақты. Білім бағдарламасындағы озық тәжірибелер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қолға алынғаны баршамызға белгілі. Бүгінде білім мазмұнын жаңарту бағытындағы атқарылып жатқан іс-шаралар қаншама.
Елбасы білімге басымдылық бере отырып: «Табысты болудың ең iргелi, басты факторы бiлiм екенiн әркiм терең түсiнуi керек. Жастарымыз басымдық беретiн межелердiң қатарында бiлiм әрдайым бiрiншi орында тұруы шарт. Себебi, құндылықтар жүйесiнде бiлiмдi бәрiнен биiк қоятын ұлт қана табысқа жетедi», – дейді.
Осы тұста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласының ұстаздар қауымына да асқан жауапкершілік пен биік талап қойып отырғанын айта кеткім келеді және әріптестерімді осы ұлы көштің алдында көрінуге шақырамын.
Қазақ халқының тарихын зерделеп отырсақ, талай зобалаңды бастан кешіпті халқымыз. Алысқа кетпей-ақ, ХХ ғасырдың салған қасіреті қаншама, революциялық сілкіністерден көз ашпаған бұл кезеңнен де ұлтымыз біраз сабақ алғаны рас. Бүгінде тәуелсіздікті –туындай, бейбітшілікті-тәңір сыйындай дәріптейтін халқымыз ұрпағының да ертеңі- жарқын, аспаны- ашық болса деп тілейді. Мемлекетіміздің рухани жаңғыруы үшін Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық даму бағытын ұстануы тарихтың өзі таңдап берген сара жол екенін әркім түсінері хақ.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы мақалада бұқаралық сана –сезімнің ашықтығына тоқтала отырып, қолда барды ғана қанағат тұтып отыра бермей , экономикасы мен мәдениеті өріс алған ірі мемлекеттердің озық тәжірибелерінен бас тартпай, жақсысын үйренуге үндейді.
Елбасының ойтолғауында айтылған барлық мәселелерді бір мақала көлеміне сыйдырып, тарқатып шығу әрине мүмкін емес. Сонда да Президент белгілеген таяу жылдардағы міндеттерге тоқтала кетуді жөн көрдім.
Оның бірі- бүгінде ел назарында жүрген –латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұрын да тіл тарихында қолданыста болған латын әліпбиі шетел тілін үйренуге тиімді екендігі нақты айтылған. Бұл бағдарлама 2025 жылға дейін жүзеге аспақшы.
Тағы бір қуанарлығы- білімнің ілгерілеуіне жол ашатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
Келешек ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасын, елімізді әлемге танытатын «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын, елімізде еңбегімен, өнерімен, білімімен дараланған ұлы тұлғаларды ұлтқа таныстыратын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын ұсынуы- Қазақстанның рухани жаңғыру үрдісі Елбасының тек қана арманы емес, игі бастамаларға толы нақты қадамы деп білемін.
Сөз соңында айтарым, кемел көшбасшының бұл мақаласы әр қазақстандықтың жүрегіне- сенім, көңіліне – серпін, жанына- шабыт ұялатқаны сөзсіз. Жаңа жаһандық үдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.
Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін.
Райхан Мухашева
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің
Жаратылыстану ғылымдары кафедрасының доценті
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718