Сыбайлас жемқорлық- қоғам дерті

 

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

      Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұ­рақ­тардың бірі болып табылады. Жемқорлық бүгін ғана пайда болған дүние емес. Сан ғасырлар бойы тамырын тереңге жайған індет іспетті. Күнделікті естіп, көріп жүргендіктен құлағымызға да үйреншікті болып кеткендей. Сан салалы ғұмырдың сенімділігін ұрлап алғандай көрінеді. Қаншама адамзаттың адалдығынына күмән тудырғандай. Не себепті?

       Себебі, бұл індетті жоюға тырыссақ та, күннен күнге белең алып бара жатқаны жасырын емес. Ең сорақысы қанша тоқтатуға тырыссақ та, өз қолымызбен көбейтіп отырмыз. Жай ғана қарапайым мысал келтіретін болсақ, техникалық байқаудан өту болмаса дәрігерден кеңес алу үшін бір адам барып артық ақша төлейді, ол онымен уақытты үнемдедім және мен еш кедергісіз өтіп кеттім десе, тағы бірі дипломды сатып алдым да, ұлымды беделді, мықты жұмысқа орналастырдым, мұның несі жаман? деп ойлайды. Осылайша, сыйлық деп берген ақшаны, қалтаға баса берсек не болады? Міне, жемқорлықтың тамыры осыдан пайда болады. Қомақты қаражатты сыйлыққа алып жатырмын деп, өзінің қылмыскер болғандығын  түсіне бермейді. Мұның бәрі ұлт тағдырын, ұрпақ келешегін ойламағандық деп білемін!  Әрине, мұндай   жайттарды көре тұра адамдардың сенімдері жоғалмай қайтсін?

     Жемқорлықтың ішіндегі ең кең етек алғаны – парақорлық. Неге? Өйткені парақорлықтың әсерінен, әлеуметтік нысандар, яғни мектеп, аурухана салынбай жатады. Жұрт салықты бұрынғыға қарағанда көп төлейді, жұмыс орындары азаяды, жалақы төмендейді, және халықтың маңдай терімен, қиындықпен жиналатын бюджет, яғни мемлекет қорындағы қаражатты өз мақсаттарына жұмсайды. Қазіргі таңда адамдар рухани игіліктен гөрі материалдық игілікті алға қоятын жағдайға жеттік. Осының салдарынан әрине, қоғамда өсу, алға жылжу болмайды деп ойлаймын. Ол жай құқық бұзушылық емес, мемлекетіміздің сенімділігі мен ұлтымыздың қауіпсіздігіне төнген қауіп, қатер болып саналады.

        Қалай алдын аламыз? Бұл індеттің біздің жас мемлекетімізді де айналып өтпегенін бәріміз білеміз. Көбіміздің түпкі санамызда жемқорлықпен тек мемлекет ғана күресу керек деп ойлаймыз. Бұл өте қате пікір. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары әлеуметтік тұрғыдан пайда болғандықтан, оны болдырмау мен алдын алуды барлық мемлекеттік мекемелер қамтамасыз ету қажет.

     Әр мемлекеттік органдарда қатардағы маманнан бастап, басшылардың жұмысы қоғам мен ақпараттық құралдардың назарында болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау кезінде, тамыр таныстық арқылы емес, білімі мен қабілетіне қарап алу керек. Сонымен қатар пара алу кезінде ұсталған қызметкерге ауыр жаза тағайындап, оны қайта мемлекеттік қызмет саласына оралуына мүлде жол берілмеуі керек, және сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейін арттыру қажет. Ұлт болашағы үшін, әрбіріміз ұрпағымыз саналы түрде адал болуы үшін, тәрбиені өзімізден бастауымыз керек. Әрбір ата-ана өз шаңырағында баласына, ұлық болсаң кішік бол, күшіңе емес, адал ісіңе сен деген тәлім тәрбие беріп, және баланың бойына сіңіріп отырса, саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптасады деп, нық сеніммен айтуға болады. Міне, сонда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте біраз нәтижелерге қол жеткізуге болады.

     Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес, бұл жалғыз біздің ғана проблемамыз емес. Әлем елдерінің де басты мәселесі болып отыр. Мәселен, зерттей келе, сыбайлас  жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдерге Нидерланды, Финляндия, Ұлыбритания, Швеция, Швецария, Жаңа Зеландия, АҚШ, Сингапур, Израиль, Жапония, Германия, Австралия, және Австрияны жатқызуға болады. Аты аталған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті  ұйымдастырудың ерекшелігі, үкіметтің сыбайлас жемқорлықты, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қарауында. Мысалға Нидерланды мемлекетін алатын болсақ, ол мемлекетте сыбайлас жемқорлық әрекетін жазалау жүйесі – бұл мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуге қатаң тыйым салынады, және мемлекеттік қызмет ұсынатын барлық әлеуметтік жеңілдіктерден мүлде айырады және т.б. Израильды алатын болсақ, ол жемқорлықтан жеткілікті түрде ерікті мемлекеттердің бірі болып саналады. Ал, Сингапурға келсек, ол Азиядағы сыбайлас жемқорлық құбылысы мардымсыз елдердің бірі. Ол Швецария мен Австралиядан кейінгі 3 орында деп саналған. Сингапур Азия мемлекеттерінің ішінде ең аз сыбайласқан мемлекеттердің бірі болып табылады. Қорыта айтсақ, сыбайлас жемқорлықты азайту үшін, осы шет мемлекеттердің де тәжірибелерін бөлісу қажет.  Солар секілді, біздің  мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты  қарқынды жұмыстар  жүргізсе  нұр  үстіне нұр болары сөзсіз.

        Қорытындылай келе, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ, қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ұшықпауы үшін, оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады деп айтқым келеді. Және әрбір Қазақстандық, әр отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкіл қоғамның әр азаматтың ісі екендігін түсінуі керек. Сондықтан да әр баланы жастайынан, Отанға деген сүйіспеншілікке, салт-дәстүрді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, адалдыққа тәрбиелеу керек. Нақ осы тәрбие мен білім беру, адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетін қалыптастыруына негіз болады деп сенемін.

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *