Физика пәнін ағылшын тіліндегі тиімділік жолдары
Шымкент қаласындағы білім берудің жаңаша әдіс-тәсілдерін терең меңгеріп, оқу мен тәрбиені заманауи талаптарға сай ұштастырып отырған Қ. Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп -лицейінде ағылшын тілін меңгерудің өзіндік бағыт-бағдары жолға қойылған. Ғылыми-техникалық үдерістер қарқынды дамыған кезеңде еліміздің білім саласына ауқымды міндеттер жүктелуде. Осы орайда «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруға байланысты әрі жаһандық экономика жағдайында ғылымның тілін ағылшын тілінде игерудің маңызы зор екендігін уақыт дәлелдеп отыр.
Елбасымыз көздеген әлемдік рейтинг кестесінің жоғары бөлігіне іліккен елдер қатарынан орын алуымызға мүмкіндік беретін басты негіздерінің бірі – жастарымыздың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау болып табылады.
Әлемдік білім беру және білім алу кеңістігінде бәсекеге барынша қабілетті кірігудің тиімді жолдарының бірі – әрбір қазақстандықтың кемінде 3-4 тіл білуі деп атап өтілді.
Осы биік мақсаттарға жетелеу, қалыптастыру кезеңі адам өмірінің мектептегі өткізген жылдарына сайма-сай келетіні – білім беру саласына үлкен жауапкершілік пен сенім артады, білім берудің жаңа ұлттық тиімді механизмдерін құрумен байланыстырады.
Бәсекеге қабілетті білім беруде әрі оқушылардың тілді жылдам меңгеруіне байланысты әрбір пәнді оқыту мәселесінде озық тәжірибелерге назар аударылады. Осы орайда физика пәнінің оқытушысы ретінде СLIL әдістемесінің тиімділігіне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Аталған әдіс барысында мұғалімнің аз сөйлеп, оқушылардың бір-бірімен пікірлесу дағдысын қалыптастыру басшылыққа алынады. Пәндерді ағылшын тілінде игерудің маңыздылығы зор.
Физика пәнін ағылшын тілінде оқыту оқушылардың сөздік қорын кеңейте отырып, жаңалық ашуға, әртүрлі бақылаулар, тәжірибелер жүргізуге құлшындырады. Қарапайым көрсетулер оқушыны өз бетімен ізденуге, танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамытуға бағыттайды. Сонымен қатар, алған білімі өмірге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгерілуі қажет екендігі оқушы санасына сіңіріледі. Ең бастысы оқушының ағылшын тілін меңгерудегі сөздік қоры толығады, сөйлеу дағдысы қалыптасады.
Сабақ барысында қосымша берілетін физика-техникалық терминдер сөздігі оқушының сөз қорын қалыптастыруда өз көмегін тигізеді деген сенімдеміз.
Осы бағытта физиканы оқыту барысында ұстаздан көп ізденіс талап етіледі. Қажетті материалдарды іздеу, оқушыға бағыт-бағдар беру, осы салаға қатысты жетістіктер мен жаңалықтардан хабардар болып отыру әрі осының барлығын ағылшын тілінде меңгеруге мүмкіндік жасау – әр ұстаздың міндеті. CLIL пәндік-тілдік білім беру әдістемесінің тиімділігі негізгі пән мен шет тілін қатар оқытуда жатыр. Оқушы осы пәнге тән терминдерді, белгілі бір тілдік құрылымдарды оқып игеріп, пәндік терминология арқылы сөздік қорын жетілдіріп, дамыта алады. Осы тұрғыдан алғанда терминдерді есте сақтау үшін «From Start to Finish» ойынын ойнатудың маңызы жоғары. Ойын кезінде оқушылар топтарға бөлініп, физикалық терминдердің қазақша, ағылшынша аудармаларын дұрыс тауып, баспалдақ түрінде орналастыру арқылы есте сақтай алады. «Find the terminology» (терминдерді тап) ойын әдісінде ағылшын әріптерінің орындары ауыстырылып, оқушы дұрыс жазылуын табуы қажет. «Puzzles» (пазлдар) арқылы оқушылар ағылшын тіліндегі анықтамаларды оқып, сәйкес орындарға терминдерді жазады. Ал «Matching» (сәйкестендіру) қазақ-ағылшын терминдерінің немесе ережелердің дұрыс сәйкестендірілуіне негізделген. «True and False» (ақиқат және жалған) ойыны барысында оқушылар өздері сұрақ құрастырып, ағылшынша айтылған анықтамасының дұрыс не бұрыстығына байланысты бір-бірінен жауап алады. «Cards» ойын әдісінде таратылып берілген карточкаларға сәйкес қандай тапсырма берілгенін анықтап, аудармасының жауабын табуы тиіс.
Физика пәнінің термин сөздерін ағылшын тілінде үйретудің осындай тиімді жолдарын қолдану арқылы әрбір сабақ қызықты өтеді. Әрі әдіс-тәсілдің артықшылығы, оқушы білім алып қана қоймай, ақпарат алмасады, топта өздігімен жұмыс істеп, ойымен бөлісуге, бір-бірінен еркін жауап алуға мүмкіндік алады. Жаңартылған білім беру жүйесінің озық жетістіктері арқылы білім саласындағы жоғары нәтижелерге жетумен қатар дарынды әрі ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде ұстазға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ал бұл жағдайда мұғалімнің кәсіби шеберлігінің жоғары болуы ләзім.
Оқытудың тиімді әдіс– тәсілдерін таңдау арқылы табысқа жетуге, әрі сабақтың тиімділігін барынша арттыруға болады. Оқушыларға сабақ жүргізу барысында физика пәні бойынша ағылшын тіліндегі элементтерін енгізе отырып, білім беруде мынадай қағидаларды есепке алдым:
- өмірмен байланыстыра отырып сабақ бере білу;
- оқушылардың материалдарды ұзақ уақыт есте сақтау қабілетін арттыру үшін сабақты тірек белгілері мен тірек конспектілері бойынша беру;
- тест – сұрақтары мен тексеру;
- есептің шығаруда қолданылатын формулаларды ағылшын тілінде түсіндіруді үйрету;
- оқушы сабақ кезінде қажетті мәліметті, заңдылық ережені, фактіні алуға және есіне сақтауға міндетті;
- өз бетімен жұмыс істеуін, шығармашылық мүмкіншіліктерін, ойлау қабілетін арттырып отыру.
Акмарал Аманкулова
Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейі
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718