Менің еңбек жолым және методикалық тәсілім
Сыдықова Балхия Жанболатқызы
Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырған да ғана мұғалім, ал оқуды ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады.
(К. Д. Ушинский)
Ұстаз! Ұстаздық етуден асқан ұлылық бар ма? Уақытыңмен санаспай, бағытыңнан адаспай ұстаздық ете білу – бір ерлік. Ұстаз десе… Жүзінен күн нұрындай жылылық ескен, барлық ой мен қимыл – әрекетке ақылдың дәнін сеуіп, адамзат сана сына нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесін сезінемін. Алдыңғы буыннан тәлім ала отырып, кейінгі жастарға өнеге қалдыруды мақсат етіп, менің де ұшқыннан алау маздатып , жалындап жанғым келді.
Осындай қасиетті өмір деп аталатын таңғажайып әлемге жол сілтеген қарапайым жандардың аялы алақаны мен ыстық жүрегі мен үшін – ұмтылмас күндер, айлар, жылдар…
Өмірге көзқарасымды қалыптастырып, бағыт – бағдарымды айқындауға жәрдем берген, адамдық пен надандықтың, адалдық пен арамдықтың ара жігін ашып көрсетіп, кісілік пен кішіліктің қадірін ұғындырған менің көңілімдегі алып адамдар. Атақ пен даңқты мақсат етпей, оқытатын пәнін шын сүйген, шәкірттері үшін жаны күйген, менің ұстаздық жолымды таңдауыма себепкер болған жандар. Ол – менің әкем мен шешем. Олардың «Асылы, сенен жақсы мұғалім шығады – ау» деген бір ауыз сөзі мен үшін ұстаздық сапарға берілген жолдама секілді. 2003 жылы Ақтөбе педагогикалық колледжінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқып, білім алдым. Білімімді одан әрі жетілдіру мақсатымен 2007 жылы Ақтөбе педагогикалық университетін тәмәмдадым. Алғаш еңбек жолымды өзімнің туған жерімде Сарыбұлақ негізгі мектебінде бастадым. Күні кеше жас ұстаз болып табалдырығын аттаған мектеп мені жылдар бойы есейтіп, шығармашылық шабытымды шыңдады. 2010 жылдан бері Ақтөбе облысы Шалқар қаласы «№1 мектеп-гимназия» КММ-де бастауыш сынып мұғалімі боп қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда педагог –сарапшымын.Еңбек өтілім 20 жыл.Алғашқы түлектерім биыл 11 сынып бітіргелі отыр. Екі білім алушым «АЛТЫН БЕЛГІ»иегері.
Өз пәнімде оқушымен жұмыс жасасам, бұл қызметте ұстаздармен түрлі жұмыстар жүргізу – мен үшін бір бақыт. Дүниедегі білім атаулының кілті де құпия сыры да ұстазға ғана анық. Өркениеттің ғылыми талабы білімді ұстазды қанаттандырып, жаңашылдық пен ізденіс шыңына қондырады. Мен білетін ұстаз – нақ осы өркениетке лайықты ұстаз. Жалпы, «биіктік» атаулының бәрі мені қызықтырып келеді. Оның көтерілген саты баспалдақтай өрге сүйрейтін менің құштарлығым аспани тұлғаның кесек бейнесін асылық қасиеттерімен толықтырып қойды. Өркениеттің ғарыштап дамуы ғылыми прогрестің ұшқан құспен теңесуі болмақ. Ғажап идеялар, дархан істер ғаламат жоспарлар жаңа ғасырдың қолынан ғана келеді. Ал осы алау оттай жұлқынған ғасырдың тізгіні – ұрпақтардың ғана қолында, осы ұрпақтың бар бақыты озық ойлы ұстаздың еншісіне ғана берілмек.
Қазіргі таңдағы еліміздің білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу, жан – жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу.
ХХІ ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономиялық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – әр ұстаздың міндеті. Ұстаз – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Оның негізгі басты мақсаты – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол жаңа заман адамын қалыптастыру болып табылады.
Қазіргі заманғы педагог — ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш. Сондықтан да ол шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңа формацияның жаңашыл ұстазы болуы керек.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады – дейді.
Менің ойымша, қазіргі заман мұғалімі – рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман болу керек. Өйткені, ХХІ ғасыр компьютерлік ақпараттар легі заманы. Жер – жердегі болып жатқан хабарлар туралы интернет арқылы минутында мағұлмат алып отырған жасөспірімді бірнәрсемен таңғалдыру, оған сабақ айтып, дәріс тыңдата білу кез келгеннің қолынан келетін оңай дүние емес. Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, білім алушыны білдірмей жетелейді, байқатпай бағыт – бағдар береді. Өзім де әр кез ізденуден жалықпаймын, жаңалыққа жаным құмар. Еңбегім де жеміссіз емес. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сусындатып, тамшыдай қосар үлесім болса, бұл да менің ұстаздық мақсатымның орындалғаны.