Сұранысқа ие мамандық-жарқын болашық кепілі
Шарапиева М.Д.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы
Мұса Қ.А.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының оқытушысы
Аманжол Ғ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының 5В090900 –«Логистика (салалар бойынша)»мамандығы бойынша 4 курс студенті
Еліміздегі сауда-саттық көлемінің жылдан жылға өсуі себебінен тауар қозғалысын тиімді басқару қажеті де өсуде. Дүниежүзілік құрлықтың ортасында орналасқан еліміздің кең байтақ жері облыстар арасындағы және мемлекетаралық жүк тасымалдауда көлік логистикасының қажеттігін тудырды. Қазақстан экономикасының бәсеке қабілеттілігін арттыру үшін көлік логистикасын жетілдірудің маңызы зор. Логистиканы жетілдіру үшін елімізде білікті логисттер даярлауды қажет етеді. Болашақ жас мамандарға сапалы білім беруде қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де үлесі зор. Университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебі «Бизнес-технологиялар» кафедрасы «Маркетинг», «Логистика (салалар бойынша)», «Халықаралық логистика», «Халықаралық маркетинг» оқу бағдарламалары бойынша заманға сай жаңа үлгіде мамандарды даярлап жатыр.
Экономика және бизнес жоғары мектебі «Бизнес-технологиялар» кафедрасында оқытылып жатқан «Логистика (салалар бойынша)» мамандығының ерекшеліктерінің бірі – логистика қазіргі таңда барлық салаларды қамтиды. Ауыр және жеңіл өнеркәсіп, сату-сатып алу, инфрақұрылым, қызмет көрсету салаларының барлығы материалдық ағындардан тұрады және шығындардың оңтайландырылуын қажет етеді. Логистика тек жүк тасымалдауда ғана емес, оны сатып алу, қоймалау, орау, сараптау, кедендік рәсімдеу т.б. операцияларды, оған қоса жолаушыларды тасымалдау, өндірістік процессті оңтайландыру, жабдықтау қызметін басқаруды қамтиды. Сондықтан логист мамандарының тек көліктік-логистикалық компанияларда ғана емес, көптеген фирмаларда, трансұлттық компанияларда, әртүрлі қызметтерде қызмет ету мүмкіндігі бар. «Бизнес-технологиялар» кафедрасында «Логистика (салалар бойынша)» мамандығы бойынша «Көлік логистикасы», «Өндірістік логистика», «Қойма логистикасы», «Сатып алу логистикасы», «Тарату логистикасы», «Кедендік логистика», «Интермодальді тасымалдаулар», «Ақпараттық логистика», «Логистикалық менеджмент» және т.б. пәндері оқытылып болашақ жас маманның жұмысын анықтап, оны терең меңгеру мүмкіндігі туады.
Кафедра халықаралық серіктестермен өте берік және кең байланыстарға ие. Білім беру мен мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында кафедра өз студенттерін, магистранттарын және докторанттарын академиялық ұтқырлық (Венгрия, Португалия, Ресей, Испания, Италия, Польша және т.б.), біліктілікті арттыру, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді тәжірибе, тағылымдамалар мен бірлескен жобалар үшін әріптес университеттерге жібереді. Сондай-ақ жұмыс берушілермен тұрақты ынтымақтастықтың және олардың оқу процесіне тартылуының арқасында кафедра «Pride Logistics Service» ЖШС, «НЦП ID Group (Innovation Development Group)» ЖШС, «Up Consulting» ЖШС, «Алау Транс» ЖШС-мен кафедрамыздың филиалдары құрылды.
Логистика мамандығының Қазақстан нарығына енгеніне көп уақыт өтпесе де бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие. Қазіргі заман барлық салаларда логистиканың енгізілуін талап етуде, сондықтан логистика саласындағы білікті мамандарға сұраныс жылдан жылға өсуде. Ертең өз ісінің тәжірибелі, шебер маманы атануына дұрыс таңдалған мамандығы арқылы жетеді. Сондықтан мамандық таңдау барысында болашақ жас мамандар заман талабына сай сұранысы жоғары мамандыққа қадам жасауы керек.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718