БАСҚАРУ ШЕШІМДЕРІН ҚАБЫЛДАУДЫҢ ӘРТҮРЛІ БАҒЫТТАРЫ
ХХІ ғасыр – жаһандану ғасыры. Ақпарат ағынының толастап, жедел ауысатын кезі. Ақпарат ағынының соншалықты көп, түрлі болуының өзі адамдарды шатастырып тіпті шаршатып та жібереді. Дамыған заманда уақыт көшіне ілесу де адамдардың барынша жылдам, білімді, бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Заман қойған талаптардың барлығына сай болу үшін адамның тек білімі мен білігін жетілдіруі де жеткіліксіз. Қазіргі адам өзінің өзгелермен қарым-қатынас жасау мәдениетін жетілдіріп, өзінің мінезі мен эмоцияларын т.т. басқара білуі керек. Осындай көп керектің ішінде адам стресске түсіп, түрлі жүйке ауыруларына шылдығуы да бүгінгі күні жиілеп барады. Осыған әуел бастан жол бермес үшін психологияның оқытылуы, психолог мамандардың даярлануы ауадай қажет мәселе болып отыр.
Алғаш рет ұлттық кадрларды психология бойынша даярлау 1947 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында басталды. Осы кезден бүгінге дейінгі 75 жылдың ішінде ол талай жетістіктерге жетіп, өнімді еңбек етіп келеді. Психологияны оқыту тек психолог мамандар үшін ғана емес өзге мамандық студенттері мен магистранттары үшін маңызды екендігі айқындалып, осы жолда білім берудің тиімді тәсілдері қалыптасып, әлі күнге дейін өзгеру, жетілу жолында болуыбүгінгі заман талабымен сәйкес келіп отыр.
Психологияға негізделген пәндердің басқа факультеттердегі мамандықтарға жүргізілуі болашақ мамандарға өмірге қажетті білімді беруге, болашақтағы талай тығырықтардан шығуға, шешілместей көрінген проблемаларды оңтайлы әрі күйзеліссіз шешуге үйретуге негізделген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің магистранттары оқитын «Басқару психологиясы» пәні бұған айқан дәлел бола алады. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры психология ғылымдарының кандидаты Н.С. Жубаназарова пәнді оқу барысында магистранттарға тек теориялық білімді ғана алып қоймай, оны практика жүзінде айқындап отыруды, өмірлік жағдайлармен сәйкестендіріп шеше білуді үйретеді. Осының арқасында магистранттар қандай да болмасын мәселені қарастырғанда оны басынан аяғына дейін зерттеп, ой елегінен әрбір ұсақ-түйегіне дейін өткізуге дағдыланған. Осыдан келе, пән негізінде қарастырылған Н.С. Ахтаеваның «Басқару психологиясы» еңбегі бойынша өткен тұлға мәселесі, адам эмоцияларын басқару, темперамент, ұйымның толықтай құрылысы, ондағы әрбір қызметкердің орны, тиімділік, өнімділік т.б. мәселелердің барлығы оқытылатын пән аясында ғана шектеліп қалмай, өмірге керек білім екендігін айтуымыз керек. Осы тұрғыдан магистранттар өздерін тану, дамытумен қатар проблемаларды шешіп қана қоймай болашақта болдырмау жолдарын іздейді. Психологияны оқу барысында осындай жолдардың бірі – дуальды ойлаудан бас тарту екендігі айылады.
Студенттерге жүргізілетін курстар барысында психология бойынша теориялық білімнің кеңінен берілуімен қатар өмірлік сұрақтарға да жауаптар іздеу мәселесі қозғалады. Мәселен, мектептен шығып университетке келген жас білім алушылар үшін «мен кім?», «өмір деген не?» секілді сұрақтар аса маңызды болып келеді. Жазушы А. Ким «Лотос» романында: «Мәңгілік өмір деген не? Адамның өзіне өлшеп берген өмірді дұрыс сүруі. Міне, осы – мәңгілік өмір», – дегенді айтады. Осындағы «өмірді дұрыс сүру» дегенде психологияның түсіндірері өте көп. Ол, ең алдымен, білім алушыға өзіне үңілуді үретеді. Ал білімнің келесі баспалдағы магистратурадағы психология негізіндегі пәндер алған білімді одан ары жетілдіруге бағытталған.
Стивен Кови «Үшінші альтернатива» атты еңбегінде адамдардың дуальды ойлауға әбден үйреніп қалғандығын баса айтады. Өмірдің өзі адамдардың көпшілігі үшін менің балам, сенің балаң, менің елім, сенің елің, менің компаниям, менің жағым т.б. болып бөлініп кетекен. Адамдардың «менің тобым», «сенің тобың» мен «біздің жеңіс», «сендердің жеңіліс» дегеннің шеңберінде өмірлерін өткізуі жоғарыда айтқан «дұрыс өмір сүруге» кедергі жасайды. С.Кови дуальды ойлаудың басқа шешімдерді, жолдарды көруге мұрша бермейтіндігін, шешім қабылдап, әрекет еткенде шектейтіндігіне назар аудару маңызды екендігін айтқысы келеді. «Басқару психологиясы» пәнінің негізінде де тиімді шешім қабылдау үшін я ең қиын деген мәселені шешу үшін екі жақтың көзқарастарын ғана тыңдау, біреуін дұрыс деп табу жеткіліксіз екендігі айтылады. Мұнда басқарушы мен қызметкердің өздерінен бөлек олардың барлық қасиеттерін, сол сәттегі өзін ұсынуы мен қандай эмоция танынытып тұрғандығын, дауысының ырғағын, әдеттегі іс-әрекеттерін де қоса қарастыру керек. Дұрыс шешім шығару үшін бұдан бөлек туындағын мәселенің өзегі қайда жатыр, тапсырманы орындаудағы басты мақсат қандай, талабы қандай, міндеттері қандай деген сұрақтарға да жауап беру керек. Осылардың барлығын ой елегінен өткізіп, саралап барып қана дұрыс шешім қабылданатындығы пән барысында теория жүзінде де, практика жүзінде де анық көрсетіледі.
Бір ғана шешім қабылдаудың өзі адам санасында күрделі процестерден өтіп барып жүзеге асатындығы туралы біреу ойласа, біреу ойламайды. Бұл – шындық. «Басқару психологиясы» осы туралы ойлантып қана қоймай, оның ішкі құрылысын көрсетіп, магистранттарды әрбір кезеңімен таныстырады. Осының арқасында, жоғарыда келтірген шешім қабылдау үшін қарастарылатын мәселелер туралы мысалдың көп кезеңнен тұратын, сырт көзге ұзақ та қиын көрінгенімен оңай тапсырмаға айналады. Яғни психологияны оқығанның арқасында магистранттар болашақта екі оттың ортасындағы қиын жағдайда тығырыққа тірелмей жол тауып шыға алады. Олар үшін ары тартсаң өгіз өледі, бері тартсаң арба сынады деген қысылтаяң шақтың өзінде «басқару психологиясында» алған білімдерінің санадағы логикалық жүйеленген моделі дұрыс шешім табуға, жаңаша жол табуға негіз болады.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Сайлинова Қ.
жалпы және қолданбалы психология
кафедрасының аға оқытушысы
Даурен Ж.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
әдебиеттану мамандығының 1-курс магистранты
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718