ТАРИХИ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҰЛТ БІРЛІГІ
Тәуелсіздік тұғырын нығайтуда тарихи сананы қалыптастырудың қажеттілігі турасында өз кезегінде белгілі ғалым М. Қозыбаев дәйекті пікір білдіріп, оның отандық тарих ғылымын дамытудағы маңызын ашып көрсеткен болатын. Тарихи сананың тарих ғылымында кеңінен көрініс табуы тиіс екендігіне назар аудара келіп; «Тарихи сананың қалыптасуы ең алдымен отандық тарихтан талап етіледі. Бұлар халықтың тарихын саналы ұғыну, тәуелсіз, егемен мемлекеттің жаңа қалпын теориялық тұрғыдан ұғыну ұлттың сана– сезімді ояту және қалыптастыру, ынтасын арттыру, тәуелсіздік пен идеологиялық, жаңаша ойлауды бекіту үшін республиканың экономикалық тәуелсіздіктегі табыстарын жеделдету, рухани жаңару, ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан Республикасын мекендейтін халықтардың, этникалық топтардың күштерін біріктіру қажеттілігімен түсіндіріледі» – деп жазған.
Автодың пікірі орынды, өйткені тарихи сананы қалыптастыратын тарихи білім болса, тарихи білімнің сапасынан тарихи сананың жан– жақтылық сапасы және соның негізінде ортақ елдік, ұлттық, мемлекеттік сананың деңгейі пайда болады.
Тарихи сана деген не? Оның қажеттілігі қанша?, – деген сауалдардың туындауы заңды құбылыс. Осындай түйткілдер түйінін шешуде М. Қозыбаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде былай деген: « Қазақ халқы, оның мемлекеті тәуелсіздік алды. Ғасырлар бойы оның тарихы Ресейдің құрамдас бөлігінде қаралды, империялық көзқарас– моноцентризм үстемдік алды. Отаршыл жүйе заманында халықтың менталитеті өзгерді… Шоқындыру, орыстандыру саясаты, қара шекпенді мұжықтарды көшіру, тұтас халықтарды қазақ жеріне қоныстандыру нәтижесінде…? Оның тілі, діні, ділі, тарихы ұрпаққа керек болудан қалды… Тәуелсіздік алған сәтте халықтың рухы жоғары болуы керек. Халық өзінің әлемдік өркениеттегі орнын білуі керек. Бұзылған халық санасына, тарихи санасына жаңа сипат беру керек. Жаңа буынның санасына тарихи санасын қалыптастыру керек. Тәуелсіз елдің мүддесін әлемдік деңгейде қорғау үшін өткенді біліп, бүгінгіні талдап, болашақты болжау керек. Бір сөзбен айтсам, тарихи сананы қалыптастыру өмір мүддесінен, тәуелсіз мемлекет мүддесінен туындайды»-деген еді.
Біздің түсінігіміз бойынша, тарихи сана дегеніміз өткен тарих туралы түсініктер мен білімнің жиынтығы. Тарихи сана өз бойында тек аса маңызды мәні бар тарихи оқиғаларды сақтайды. Тарихи сананың көзі тарихи білім деп түсінсек, онда тарихи сананың сипатын да сол сананы тудырған тарихи оқиғалар туралы білімді қалыптастыруды талап етуі сөзсіз.
Тарихи сана қалыптастыру туралы тұжырымдамада отандық тарих ғылымының алдына шешілуге тиіс нақты проблемалар қойылды. Сондай мәселелердің түйінін тарқатуда бірқатар ғылыми әдістер ұсынылды. Басты назарда ұстайтын, басшылыққа алатын ұстанымдар айқындалады. Олар жайында тұжырымдамада: «…Тарих ғылымы нақты тарихи жағдайды саралау әдісін қолдана отырып, тарихи фактілерді зерттеліп отырған уақыттың көзімен талдап бағалауға ұмтылуы керек.
Өркениетті теорияны басшылыққа ала отырып, тарихи үрдістің алуан нұсқалы болатындығы туралы идеяға сүйеніп, әр түрлі халықтар тарихының, мәдениетінің әрқайысысы өзінше бағалы, өзінше бір қайталанбас құбылыс екенін ескеру керек. Өткен заман оқиғаларын баяндағанда, тек елдің саяси тарихын, маңдай алды саясаткерлердің қызметін әңгімелеумен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге рухани және материалдық мәдениет тарихын барша болмыс– бітімімен толық зерттеген дұрыс. Бұл ретте бұрынғы түсініктеме аппаратты жаңарту, ескірген әсіре идеологиялық терминологиядан бас тарту қажет»,– деп жазылды.
Тарихи сана қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру, қазақ тарихын терең зерттеу бағытында 1998 жылы Республикада ұлттық тарих жылы деп белгіленді. Ұлттық тарих ғылымының аясында өткенімізді зерттеуге байланысты қомақты ізденістер жүргізілді. Кешегімізді терең зерттеген сайын оның назар аударып, ескерілмеген тұстары молайды.
Сондай мәселелердің біразы 1998 жылы 17 наурызда Алматыда Елбасы Н. Назарбаев Республиканың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымның танымал өкілдерімен кездесу өткізіп «Қазақтың бүкіл тарихи– бірігу тарихы, тұтастану тарихы» атты баяндамасында Елбасы еліміздің тарихын жазудың басты– басты бағыттарын анықтап, көрсете келе: «Қазақстан жеріндегі ежелгі мемлекеттер, олардың болашақ қазақ ұлтымен сабақтастығы деген мәселелер әлі терең зерттелмей келеді. Сақтардың, Ғұн, Үйсіндердің, Қаңлылардың мемлекеттері, Батыс Түрік, Түркеш, Қарлұқ, Қимақ, Оғыз қағанаттары, Дешті– Қыпшақ, Алтын Орда, Жошы ұлысы, Қазақ хандығы… осылардың әрқайсына арнаулы монография жазылса да артықтығы жоқ» – деп атап көрсеткен еді. Бұл мәселелер болашақтың еншісінде деп түсінгеніміз абзал.
Осы мәселеде өзгелерден гөрі ғалым Х. Әбжанов белсенділік танытып, ғылымның осындай күрделі түйтіктілігіне қатысты өзекті проблеманы қозғады. Өз көзқарасын ғалым: «…Шешілмеген басты мәселе неде деген сұраққа келсек, Қазақстан тарихындағы әлемдік заңдылықтар мен ұлттық төл ерекшеліктерді айырып, ашуға мүмкіндік беретін кешенді теориялық– методологиялық тұғырнама мен тұжырымды түзей алмағанымыз дер едім» – деп жеткізеді.
Ғалым пікірінің орынды екендігі даусыз, өйткені соны теориялық тұғырнаманы қалыптастыру ғылымда жүріп жатқан үрдіс. Мұндай құбылыс әлі де жалғасын табуы тиіс. Себебі ғылымның негізі қысқа мерзімнің ішінде қалана салмайды, олай болуы да мүмкін емес. Сол негізді, яғни ғылымның өзегін қалыптастыру және жетілдіру әрбір зерттеушінің міндеті. Тарихты зерттеуші мықты теоретик, методолог болуы үшін оған терең білім, жан – жақты, жоғары біліктілік қажет.
Осы мәселеге соңғы уақыттарда жіті назар аударылмай келеді. Мамандар даярлауда бірқатар маңызды тұстарын, алдыңғы жүйенің тәжірбелі жақтарын ескермей келеміз. Осындай олқылық ғылыми зерттеулерден айқын көрінеді. Сондай – ақ біздің жоғарыдағы автордың ойымен келісе отырып, тарих ғылымның теориялық– методологиялық жағынан ғылымды зерттеуде көптеген қателіктерге жол берілгендігін аңғару қиын емес.
Шетел филологиясы 1- курс студенті
П.Қ.Мұхамедияр
Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің
аға оқытушысы Ж.М. Арынов
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718