Жүсіп Баласағұн философиясындағы бақыт концепциясы
Көне және орта ғасырлардағы түркі тілдері ескерткіштерін зерттеуші ғалымдар бақыт концептісін «құт» синонимінде алып қарастырады. Құт сөзі түркі халықтарында бақыт ұғымын берген. Солардың біразына мысал келтірейік. Мысалы, М.Қ.Ескееваның монографиясында: «Қазақ тіліндегі құт мифемасы арқылы жасалған құтты, құтсыз, құттықтау т.б. туынды сөздердің белсенді түрде жиі қолданылуы, құтты, құтсыз лексемаларын адамға да, малға да, жерге де, зат-мүлікке де, киімге де т.б. қатысты пайдаланылуы көне түркілер тіліндегі құт лексемасының қазіргі тіліміздегі қолданыс аясының кеңігенін білдіреді».
Ж.Қошанова өз еңбегінде «байлық» концептісіне ассоциативтік қатынастағы тіл бірліктеріне «құт», «береке/берекет» концептілерін жатқызады. «Құт» концептісінің ақпараттық көздерін атай келе, «көне түркі тілінде құт: 1) жан, рух (Оғызхаған туралы аңыз ғ.), 2) бақыт, игілік, амандық, сәттілік (Күлтегін, «Құтадғу біліг») мәнінде кездеседі. «Құтадғу білігте» Баласағұнның түсіндіруінше, ежелгі түркілер адамның дүниеге келуін құт деп есептеген. Сонда құт деген тіршіліктің көзі. Адамға құтты беруші түркілерде – Тәңір, арабтарда тіршілік иесі – Алла тағала», – дейді.
Ал, мажарстандық белгілі түркітанушы этнограф-лингвист-ғалым Шомфай Давид Иштван түркі халықтарының наным-сенім, ырым- тыйымдарын зерттей келе, сол халықтардың тіліндегі «құт» сөзіне талдау жасайды. «Құт» – ислам дініне дейінгі қазақ танымында «рух» дегенді білдірген, ал бүгінгі қазақтар «құт» сөзін «бақыт, береке» мағынасында қолданады», – деген пікірді айтады.
Ал Л.П.Потапов осы «құт» лексемасын өзінің еңбегінде «жан, рух» мағынасында зерттейді. Ол алтай этностарында әлі күнге дейін күшін жоймаған «Тәңіріден келетін жан, өмірлік күш және оны Тәңірі қайтадан өзіне алып кетеді» деген нұсқаны дұрыс деп санайды: «Нам это известно только из этнографии, и лишь после длительного изучения я признал за ней (кут – душой), это значение в древности и средневековье (напомним, что кут обычно переводится как «счастье»)».
Яғни бақыт концептісі қазақ тіл білімінде кейбір концептілер құрамында айтылып қана кеткен. Ал бақыт мәнінде қолданған көне түркі жазбаларындағы «құт» лексемасы көптеген зерттеулерде «жан, рух» мағынасында этнографияда, этнологияда және лингвистикалық тұрғыдан қарастырылған.
«Құтадғу білік» түркі тілінен аударғанда «Құт әкелетін білім» деген мағынаны білдіреді. Қоғамның өзінің бақытты болуы – көне замандардан бері толғанып келе жатқан сүбелі мәселе. Бұл жайында айтылатын тың пікірлер мен халықты бақытқа жеткізу, бақытты қоғам орнату мүддесі «Білге қаған», «Тоныкөк», «Күлтегін» жазбаларында, әл-Фараби шығармаларында, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында және Асан қайғы, жыршы-жыраулар, шығармаларында, мемлекет қайраткерлерінің көзқарастарында, т.б. көрініс тапқан.
Сыр бойы әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі Жүсіп Баласағұни – Талас-Шу бойындағы Баласағұн қаласында туып-өскен ақын, ойшыл, данышпан ақын, білікті қоғам қайраткері. Жүсіп Баласағұни 85 тараудан тұратын «Құтадғу біліг» дастанын 54 жасында 18 айда жазып бітіріп, Қарахан мемлекетінің билеушісі Табғаш Арслан хан Боғратегіне тарту еткен. Осы кітабы үшін ханнан «Хас Хажиб» – «сарай министрі» деген атақ алған. Хас Хажиб ханның ең жақын, ең сенімді кеңесшісі деген сөз.
Этико-философиялық, парасат пен ақыл-ой сұлулығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген кітапты барша жұрт ұлылықтың негізі деп білсе керек. Онда жар таңдау, бала тәрбиесі, ақыл-білім, тіл ұстарту, мемлекет басқару және тағы басқа толып жатқан мәселелер жырланған. «Бақыт» ұғымы философия, физиология, психология, әлеуметтану ғылымдарының басты нысаны болуымен қатар, тілтанымдық (когнитивтік) лингвистика, лингвопсихология, әлеуметтік лингвистика, гендерлік лингвистика, лингвофизиологияның да зерттеу нысаны бола алатын күрделі әрі мағынасы ауқымды ғылыми категория болып саналады.
Түркілік дүниетанымдағы «құт» ұғымының бір қырын ортағасырлық ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Құтты білікке» жазылған алғысөзінен көруге болады: «… Заманында ирандықтар – «Туран шахнамасы», Шын жұрты – «Хандардың әдеп-қағидалары», машындықтар – «Мемлекеттің дәстүрі», күллі шығыс – «Өмір зейнеті», «Падишаларға насихат» деп таныған, ал осы кітапты дүниежүзі санасының асыл қазынасына қосқан түркі жұртының өзі «Құтты білік» деп атап, әзіз кітапты ұлылықтың негізі деп білген».
Халықтың, ұлттың бақытты болуы алдымен оның басшысына байланысты. Сол себепті ел басқарушыларға артылатын жүк ауыр болған. Халқын бақытқа жеткізу – әділетті патшаның, басшының міндеті. Ұлтын бақытқа жеткізу мәселесі көне түркі жазба ескерткіштерінде құт ұғымы берілген, яғни, Тәңірі жарылқап, құт қолдап, өлмеші халқын тірілтіп, жарлы халықты бай қылған. Мысалы, Енисей ескерткішінде мынадай жолдардан байқауымызға болады: «Халықты көтерейін деп терістікте оғыз халқына, ілгері қытан, татабы халықтарына қарсы, берігері табғачқа қарсы үлкен әскермен он екі рет соғыстым. Содан кейін Тәңірі жарылқады, бағым (құтым) бар үшін, үлесім бар үшін, өлмеші халықты тірілте көтердім. Жалаңаш халықтытонды, жарлы халықты бай қылдым». Ал осы Құттың қолдауы арқылы патша халқын байлыққа жеткізеді. Мұнда байлық – бақыт ретінде қолданыс тапқан. Әлемдік мәдениеттегі ұлы ескерткіштердің қатарынан саналатын ерте түркі жазбаларында көне түркі тайпаларының идеологиясы, саясаты, ер бірлігі мен ынтымағы бақыт ұғымына негізделген. Демек, көне түркі жазбаларындағы бақыт құбылысының қоғамдық әлемді құру жағдайларының – ұлттық рух пен асқақтыққа, ерлік пен елдікке, бірлік пен татулыққа, намыс пен жігерге бағытталған саяси-әлеуметтік негіздерін тани отырып, оның бүгінгі заман үшін ұсынған тарихилық қағидаларының өнегелілік мәртебесін түйсінеміз.
Бегі ізгі боп, түзу жүрсе бек ісі,
Қандай құтты болар еді ел іші.
Құттың құты – ердің ізгі есімі,
Ізгі аты – мәңгілік құт есігі, – дегендей, жырда әділет пен құт (бақыт) – бір-бірі үшін жаралған бөлінбес болмыстар ретінде жырланады.
Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы «өзіңді сақтау», «өзіңді ұмытпау» қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Жүсіп Баласағұни шығармашылығына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән.
Ойшылдың өмірлік ұстанымы: «Адам баласының бақыты да, құдіреті де, сұлулығы да оның қоғамға, халыққа берген пайдасында». Автор ой тоқтамын «құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деп, ұлы қадір-қасиеттің ықпалын бойға таратады, адамның көкірегіне, зердесіне үңіледі, дана сөздерге ой жүгіртеді. Мұндай дәулет – бедел мен бақыт көзі, құт иесінің айғағы.
Қорыта айтқанда, кемел ақыл иесі Жүсіп Баласағұн бақыт жайлы ойды: «Кімдер жомарт – сол бақыттың иесі, Бақыт берген жанға бақыт тиесі!», -деп түйеді. Яғни, адамның бойында жомарттығы мен дархандығы басым болса сол адам бақытты екенін, адамның бағы ішкі жан-дүниесінің тазалығы мен парасаттылығына қатысты айқандалатындығын жеткізеді.
Жанатаев Данат, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты;
Батырхан Аружан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718