“Жас Ұлан – ел болашағы!”

Тойшыбек Айдана Аманберлиқызы
Қосымша білім беру ұстазы
Балқаш қаласы, “Оқушылар сарайы” КМҚК

“Жас Ұлан – ел болашағы!”
“Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы

Елбасымыз “Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін бірыңғай балалар ұйымының жаңа жүйесін құру” керектігін атап өткені есімізде.

2011 жылдың 6 шілдесінде “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі өз жұмысын бастады. Сол жылдың 26 тамыз күні “Жас Ұлан” ұйымының І құрылтайы өтті. Онда жаңа ұйымның алдында тұрған мақсаттары мен міндеттері сараланып, жұмыс жоспары қабылданды, сонымен бірге ресми нышандары бекітілді. Алғашқы күннен ұйымның мақсаты өскелең жас ұрпақтың бойына еліне, жеріне деген патриоттық сезімді қалыптастыру, сапалы білім алу мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, еліміздің тарихына, бүгінгісі мен болашағына жауапкершілікпен қарай білуге тәрбиелеу болып белгіленген болатын.

Осыған сәйкес жаңа ұйымның міндеттеріне еліміздің мәдениеті мен тарихын терең білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіру, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық белсенділігі мен саналығын арттыру, қоғамдық және танымдық жұмыстарға ынталандыру, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін жағдай жасау, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту жүктелді.

Балқаш қаласында “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы 2011 жылдың желтоқсан айында алғашқы ұйымдасыру жиынын өткізді. Ұйымның ұйымдастыру орталығы қалалық  “Оқушылар сарайы” КМҚК болып ұйғарылды. Ұйымның құрылымына келер болсақ, оған мүше болудың екі деңгейі бар. Жоғарғы буынға 5-10 сынып «Жас Ұлан», ал “Жас Қыран” деп аталатын төменгі буынына 1-4 сынып оқушылары, сонымен қатар ұйымның жұмысына өз үлесін қосуға ниет білдірген басқа да балалар мен жасөспірімдер қабылданады. Қабылдау жылына үш рет жүргізіледі: 3 мамыр – Жас Ұландар күні, 6 шілде – «Жас Ұлан» ұйымының құрылған күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. «Жас Ұлан»  балалар ұйымының рәміздері: ұран, әнұран, ту, галстук, төсбелгі, эмблема болып табылады.

Ұйым жұмысын қала мектептерінің аға тәлімгерлері бекітілген 7 бағыт «Зерде», «Руханият», «Салауат», «Жеті жарғы», «Отан», «Экоәлем», «Еңбек» бойынша басқарып жүргізеді. Сонымен қатар әрбір ұйымда өз Ұланбасшысы, ұйымның белсенді мүшелері аға тәлімгермен бірлесе жұмыс жүргізіп отырады.

«Ұланбасшы» – мектеп көшбасшысы, мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқаруына, мектеп оқушыларының қоғамдық жұмысына жетекшілік етеді. Ұйымға Ұланбасшыларды сайлау  әр оқу жылында  қыркүйектің 20 бастап қазан айының 10 аралығында өтеді. Сайлауда әр мектептен   үміткерлер өзінің ұсынылған бағдарламаларын тиянақты орындап, әр түрлі үгіт-насихат топтармен бірлесіп қорғап шығу қажет. Осы сайланған ұланбасшылар арасынан қалалық ұланбасшы сайланады. Қазіргі таңда “Жас Ұлан” ұйымының қатарында 5385, “Жас Қыран” қатарында 4088 оқушы бар.

Осы жылдар ішінде «Жас Ұлан» ұйымның үйлестірушісі ретінде бүгінде мектебінің мақтанышы, жүрген ортасының құрметтісі, ата-анасының қуанышы болып жүрген жас жеткіншектердің бар екендігіне және олардың аз еместігіне көзім толығымен жетті. Сондықтан, биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтейін деп отырған балалар мен жасөспірімдер ұйымы, оның ішінде Оқушылар сарайы жанындағы “Жас Ұлан” ұйымы өзінің құрылған күнінен бастап алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін толығымен жүзеге асырып, бүгінгі оқушы, ертеңгі күнгі қоғамымыздың беделді де белсенді мүшелерінің туған елінің нағыз жанашыр азаматы болып өсуіне зор ықпалы бар ұйым екендігін нақты істерімен дәлелдеп шықты дер едім. Өскелең ұрпағымыздың қазіргі мектеп қабырғасында, алдағы үлкен өмір жолында жетістіктерге жетуінде “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының алатын орны айрықша деп нық сеніммен айта аламын.

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *