Теңге-ұлттық валюта.
Қоғам әрқашан дамудың үстінде болады. Тарихқа үңіле қарасақ, сонау сан ғасырлардан бері түрлі оқиғалардан жаңаша бір дүние пайда болып, күнделікті тіршілікке енген. Адамзат пен қоғам өзара байланыс орнатуы арқылы алға жылжып отырды, оған мысал алғаш мемлекеттердің пайда болуы, дипломатиялық қатынастардың орнауы, өзара сауда-саттық, тарихи-рухани ескерткіштер мен зәулім сарайлардың соғылуы бұлардың барлығы адамзаттың алға нық қадам басу арқылы қоғамның да жаңаруына әкеп соғып отырғанын баяндайды. Сауда-саттық пен экономиканың дамуына төлем жасайтын нәрсенің маңызы зор, яғни тиындардың тікелей қатысы бар. Жалпы жер бетінде ақшаның пайда болуы тарихының тамыры ұзаққа созылады. Алғашқы кезде көптеген елдерде ақша орнына төрт түлікті, бағалы матаны, күміс пен қоланы, бағалы тондарды қолданған. Кейіннен көптеген елдерде өздерінің тиындары пайда бола бастады, біздің заманымызға дейінгі VII ғасырдан бастап соғылған тиындар айналымға ене бастады. Олар саудаға өте ыңғайлы болғандықтан басқа елдерге де тез тарай бастады. Көбіне тиындарды күміс пен алтыннан соғып отырды, олардың пішіндері де әртүрлі болды. Кейіннен айналымға қағаздан жасалған ақшалар енді, ең алғаш рет қағаз ақша 910 жылы Қытайда пайда болған және өзге елдерге де тарай бастаған. Қазіргі таңда әлемде түрлі мемлекеттердің өздерінің валютасы мен ақша атаулары бар. Ғасырлар аясында олардың пайда болу тарихы мен экономикаға әсер етуі өз маңыздылығына ие болып табылады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін өз валютасын шығару қажеттілігі туды. Алғаш рет 1992 жылы Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Ал 1993 жылы 15 қараша күні Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы, төл теңгеміз айналысқа енді. 1997 жылы 13 қараша күні Ұлттық Банктің мұражайы ашылды, ол жерде ұлттық валютамыз төл теңгеміздің тарихы жайлы түрлі материалдар сақталған.
Тасилова Н.А. т. ғ.қ. , Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,
Тасилова А.А. PhD докторы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718