Шежіре – ел қазынасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымының кандидаты Жанатаев Данат

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты Корабай Назерке

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты  Шынболат Аружан

«Жеті атасын білген ұл-

Жеті жұрттың қамын жер.

Өзін ғана білген ұл-

Құлағы мен жанын жер.»

Халық мақалы

Шежіре атауының төркіні арабтың бұтақ, тармақ деген сөздерінен шыққан. Бұл сөз кейін келе халықтың шығу тегін, таралуын сипаттайтын тарих ғылымының бір тармағы болып қалыптасты. Шежіре алғашында ауызша тарихи аңыз түрінде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, атадан балаға мирас болып қалды. Қазақ шежіресі – қазақ халқының ғасырлар бойғы жиналған көне мәдениетінің куәлігі. Ол қазақ халқымен бірге туып, біте қайнасып, жалғасып біздің заманымызға жетіп отыр.

Халқымыздың қалыптасқан салт-дәстүрі бойынша өзінің жеті атасын білуі әрбір қазақ азаматының борышы. Ал мұны балаға үйрету – ата-ананың міндеті, отбасылық тәрбиенің тірегі. Тек ата-анасынан ерте айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден мақұрым қалған. «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары » деген сөз осыдан шыққан. Қазақ халқы үшін жеті атасын білу-бәріне ортақ бастапқы сауат көзі.

Шежіре арқылы адамдар тегін, қоғамдағы орнын, елге тигізген әсерін, адами құқығын, болмысын білетін болған. Шежіре шашырап жүрген ағайынды бір болуға шақыратын, сұрасып, танысып қазақтың бір – біріне алысы жоқ екендігінің бірден бір дәлелі. Ол ұлттың руға, жүзге, тайпаға бөлінуі үшін емес, керісінше оның туыстығына, тұтастығына, ортақ діні, елі, жұрты бар екеніне баса назар аудартып, ұлттық сананы дұрыс жағынан қалыптастыруға бағытталған.

Қазақта « Жеті атасын білмеген – ұл жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмеген – ел жетесіз», «Жеті атасын білмеген – жетесіз» сынды мақалдарда тек өз ата-бабаларыңды білумен шектел демеген. Ол еліңді біл, тарихыңды біл, үлгі аларлық тұлғаларыңды біл, адамгершілігі мен тәрбиесін үйрен деген мағынада жүреді. Демек, шежіре білу тарихты білуге қызмет етер жолдардың бірі екені сөзсіз.

Қазіргі таңда қазақ шежіресі ескіріп, жинақталмай, ел арасында таралмай құрып бара жатқан мұралардың бірі. Шежірені білетін адамдар саны барған сайын сиреп барады. Еліміздің тектілігін, дінін, ділін, мәдениетін жоғалтпас үшін біз осы мәселені қолға алуымыз керек. Елдің елдігі мен ерлігін танытқан белгілі болған азамат арыстарын, ақындары мен батырларын, әншілері мен күйшілерін еске түсіріп отыру, олардан үлгі алсын деген мақсатпен ел арасында тараған олардың аңыздар мен ғибрат алар сөздерін теріп жазып келер ұрпаққа таратып отыру – ол әр қазақтың мойнындағы жауапкершілік. Бойында жігері, ұяты бар, еліне өнегелі, халқының ұлттық салтын, әдет-ғұрпын сақтай білетін ұрпақтар өсуі үшін біз бұл жауапкершілікті орындауға тиіспіз. Сондықтанда шежірелерімізді біліп, келер ұрпаққа үлгі ретінде таратып жүрейік.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *