Адам өміріндегі ең ыстық ол – жанұя

Көшпелі және рулық -тайпалық негізде құрылған халықтарда туыстық байланыстар қоғамдық қарым-қатынастың негізін қалайды. Рулас ағайын, туыс, аталас, бір ата баласы, бір әке баласы туыстық байланыстан туындайтын парыз бен қарыз міндеттер өте көп. Олар қазақтың ғұрыптық заң-салттарымен бекітілген. Отбасында негізгі туыстық қатынас – ерлер жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан. Жалпы алғанда, қазақтың туыстық қатынас атаулары 90-ға жетеді. Көнекөз шежіреші қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша, тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан балаға жалғастырылады.

Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әже, бала. Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылға тыңдау көргенділік деп есептеледі. Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата- апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата- апасын өз әке-шешееіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жайт кездеседі.

Әке – әулет басшысы, отбасы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, камқоршысы. Отбасындағы ұлт тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған. Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады. Түйгені көп шешесі кызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағайындардың әйелдері-абасындардың қарым- қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», – деген. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтайды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі.

Отбасының қызметі деген түсінік оның қоғаммен қатынасының жүйесін көрсетеді, сонымен қатар отбасы мен жеке адамның қатынасының жүйесін көрсетеді. Отбасы қоғамның бастапқы ұясы, қоғамдық- әлеуметтік құрылымның негізгі элементтерінің бірі бола отырып, көптеген әлеуметтік кызметтерді атқарады.

Сонымен қазіргі отбасының негізгі қызметтеріне тоқталайық.

1.Отбасының міндеті ұрпақ жалғастыру қызметі. Бұл барлық тарихи кезеңдерде қоғам үшін де, жеке адам үшін де маңызды қызмет болып келеді. Бірақ жұбайлардың балалы болуы кешегі қоғамның қай кезеңінде болмасын оны қанағаттандыратын әлеуметтік жағдайларға сәйкес өзгеріп отырған, қазірде солай. Қызметіне әсер етпейді деуге болмайды.

Қоғам әртүрлі әлеуметтік саясатты басшылыққа ала отырып, яғни өмірге адам әкелудің экономикалық-саяси, әлеуметтік жағдайларын жасап отырып, ерлі-зайыптылардың өз тілегіне көп немесе аз баласы болуына итермелейді. Мысалы Қытайда отбасында бір ғана баланың болу саясаты жүргізілді. Бұл тарихи факт. Мұның зиянды жағы отбасында бір баланың болуы ұрпақ жалғасуына, халықтың өсуіне кері әсерін тигізеді.

Қазір біздің республикамыздағы  әртүрлі саяси-экономикалық жағдайларға байланысты ұлт өкілдері көшіп жатыр, ал олар өндірістік қызмет атқарады. Сондықтан да жаңа ұрпақтың көбеюі, әлеуметтік, саяси- экономикалық проблемаға айналды. Олай болса ұрпақ жалғастыру әлеуметтік қана емес, саяси-экономикалық проблема болып табылады.

2.Отбасының материалдық-экономикалық және шаруашылық- тұрмыстық қызметі. Бұл отбасының табысы мен шығысы, өмір сүру мүмкіндігін қорландыру, үй шаруашылығын жүргізу т.б мәселелер. Отбасының бұл қызметі қазіргі уақытта маңызды орын алады. Отбасы мүшелерінің экономикалық тәуелділігі артты, әсіресе көп балалы отбасында.

Отбасы мүшелерінің шаруашылық-тұрмыстық қызметін ерлі- зайыптылар бірігіп атқару қажет. Қазақта: „Үйлену оңай, үй болу қиын,, „бас екеу болмай, мал екеу болмайды,, деген нақыл сөздер бар. Оның мәнісі отбасылық өндірісті ұйымдастыру керек, отбасылық меншікті, үй шаруашылығын жүргізу қажет деген сөз. Табыс табу, отбасы мүшелерін экономикалық-материалдық жағынан қамтамасыз ету ерлі-зайыптылардың ортақ парызы отбасының беріктігі осыған байланысты.

Бұрынгы кезде әйел үйде үй шаруасын жүргізді, бала туды, оны тәрбиеледі, ал ері шаруашылық жұмысын жүргізді. Отбасының экономикалық дербестігіне жағдай жасады. Қазір жағдай өзгерді. Әйелдер де ерлермен бірдей жұмыс істейді. Сондықтан шаруашылық тұрмысты бірігіп жүргізу өмір талабына айналды.

3.Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті; оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізі- баланы өмірге әкелу ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.

Отбасынан тыс та тәрбие бар. „Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол„- дейді. Мұның да үлкен тәрбиелік мәні бар.

Отбасының тәрбиелік қызметімен тікелей байланысты жағы – оның дамушылық қызметі. Оның мәнісі мынада: Ата-аналар балаларының жеке – ерекшеліктеріне ертерек назар аударуы керек. Сонда ғана балалар өздерінің табиғи қабілеті мен дарынын көрсете алады. Жас күнінен бастап балалардың қабілетін танып, соған сәйкес тәрбие, бағыт-бағдар берудің маңызы айрықша.

Балалардың ақыл-ой, еңбек қабілетін іске асыру отбасында қалыптасады. Бұл балаға да, отбасының басқа мүшелеріне де тікелей қатысты. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беру жөнінде қоғам алдында жауапкер.

 

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *