Ақпараттық қауіпсіздік

Бұл жайт БАҚ-ның дамуына катализаторлық ықпал етіп, өнім­ділігін, пәрменділігін арттырды, жаңа медиаға жол ашты. Көне түркі жазулардан бастау алып, заман көшінен қалмай, өскелең дәуірге өзінше үн қосып келе жатқан қазақ журналистикасы да бұл жаңалыққа тосырқай қарамады. Қазақ интернет-журналистикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1995 жылы қалыптасты. Сөйтіп ондаған жылдың ішінде отандық интернет же­лісі -Қазnet-тің үлкен бір саласына, бір сегментіне айналды. Қазnet-тің жандануы нәтижесінде жаңа медиа арналары дамыды: көптеген БАҚ дәстүрлі түрден заманауи мәтіндер мен құрылымдарға ауысты, қазақтілді контенттер мен ау­диовизуалды ақпарат көлемі артты, таралу ауқымы кеңейіп, қолжетімді бола түсті.Осының қарыштап дамуы  нәтижесінде және оның базасында интернеттің пайда болуына қарай журналистиканың өзіне тән жаңа формасы дүниеге келді. Ол – интернет журналистика. Академик Ғ.Есімнің: «…біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық пошта жүйесі,  жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» сақтауы мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария етілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде» – деген пікірі интернеттің зор мүмкіндігін паш етеді.

Орыс ғалымы,  журналист В.В. Ворошилов: «Жиырмасыншы ғасырдың аяғында бұқаралық ақпарат құралы ретінде глобальды жүйе «Интернет» ортамызға сіңісті» – деп интернеттегі ақпаратты журналистиканың түрі ретінде қабылдаса, И. Давыдов: «Интернет – ақпарат таратушы жаңа құрал», Я.Засурский интернетті «Масс-медиа второй республики» кітабында «Интернет – біртұтас жүйелі коммуникациялар каналы» ретінде деп мойындайды. Интернет – журналистика, дәстүрлі журналистика ағымына көп өзгеріс алып келді. Ол қойнауы шексіз, алмағайып көлемдегі ақпараттарымен ерекшеленеді. Заманауи ақпараттық технологиялардың даму нәтижесінде дәстүрлі масс- медианың  электрондық нұсқалары  бәскелестікке түсетін жағдайға жетті.

Қазіргі таңда қоғамның БАҚ-на қояр талабы зор. БАҚ өкілдерінің рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, жан-жақты білімді, кәсіби құзыретті, өз ісінің маманы болуы шарт.

Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды; заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де желімен тығыз бай­ланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының дамуына ғаламат әсер етіп, соны сатыға кө­тер­­ді. Ғаламтор ақпарат ағымының тие­­гін ағытты, әлемдік ақпараттық ке­ңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдеріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни, жаңа медианың оң және теріс әсері­нен соңғы жылдары орасан зор өзгеріске ұшы­рауда. Алайда, әлемдік жаңалықты жақсы-жаманын сұрыптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондықтан, жаңа медианың отандық БАҚ, ақпа­раттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.

Әлемді ақпарат билеген заманда дәстүрлі медиа­ның болашағы алаңдатпай қоймайды. Өйткені бүгінде қандай жаңалықты болмасын, оқырманға һәм көрерменге әп-сәтте жеткізуші электронды БАҚ-дың дәурені жүріп тұр. Әсіресе, интернеттің алдағы 20-30 жылда газет-журнал атаулыны ақпарат­ кеңістігінен ығыстырып тастауы мүмкін. Отандық БАҚ-тың дәстүрлі форматтан мультимедиалық форматқа көшу жолындағы жанталасы осыған саятын­дай. Сонымен қатар, 2006-2009 жылдарға есептелген Қазақстан Республикасының ақпарат нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамыту жөніндегі тұжырымдамада отандық БАҚ-тардың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың бірден-бір тетігі желідегі БАҚ сапасын арттыру деп көрсетілген. Сондықтан, отандық интернет–БАҚ-тың санымен қатар сапасын арттыру кезек күттірмейтін мәселе.

Ақпараттық қоғам және интернет

Адамзат өркениетінің даму сатысында бірнеше ақпараттық серпілістер болды. Олардың алғашқысы – жазу арқылы ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа жетуі. Екіншісі – баспалардың пайда болуы. Үшінші серпіліс – электрдің пайда болу нәтижесінде қалыптасқан телефон, теледидар, радио секілді т.б. ақпарат тарату құралдарының дамуымен ерекшеленеді.

Ал ХХ ғасырдың соңынан басталатын төртінші серпіліс – компьютерлік технологияның желілік технологиямен бірігуі нәтижесінде қалыптасып, ақпараттық – коммуникациялық технологиясы атанған жаңа ақпараттық серпіліс. Бүгінде осы ақпараттық  серпіліс дәуірді таңқаларлық өзгерістерге бастар басты күшке айналып келеді.

«Ақпараттық қоғам» туралы ұғымды өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жапон ғалымдары ұсынған еді. Қазірде бұл озық идея адамзат өркениетінің, ғылым мен білімнің өрлеуіне, мемлекеттің қоғамдық – саяси құрылымының жетілуі мен оның тұрақты дамуына әсер ете отырып көптеген елдердің назарына ілікті. Идеяның негізгі тұғыры – желілік – ақпараттар технологиясы болып табылады. Және бүкіл әлемде ерекше қарқынмен дамып келеді. Себебі қазіргі таңда қоғам тұрмысындағы қажетті барша ресурстарды басқаруды ұйымдастыру мен азаматтардың рухани, мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етуде құрлықаралық жүйе құрушы құрал болып отыр. Ал бұл үрдісті әлем әлеуметтанушылары адамзат  қоғамы өзінің даму жолында «ақпараттық қоғам» деп аталатын жаңа сатыға қадам басуы деп бағалауда.

Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Дания, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Марокко, Маврикия, Эстония секілді т.б. көптеген елдер ақпараттық қоғамның негізін қалаудың көш басында келеді. «Мәселен, АҚШ  1993 жылы ұлттық – ақпараттық инфрақұрылым қалыптастырудың жоспарын қабылдады, 1994 жылы шілдеде  Еуропалық одақ комиссиясы «Ақпараттық қоғамға – Еуропалық жол» атты жоспарын бекітті, 1995 жылы Финляндия «Ақпараттық қоғамға – финдік жол» деп аталатын өз бағдарламасын әзірлесе,1996 жылы ГФР «Ақпараттық қоғамға – германдық жол» атты бағдарламасын қабылдады. Осылайша өткен ғасырдың 90 жылдары шенінде мұндай бағдарламалар барлық дамыған елдер мен дамушы елдерде қабылданды. Бұл бастамаларды мұнан ары кең ауқымда жалғастыру мақсатында «Үлкен сегіздік» елдері 2000 жылы әлемдік ақпараттық қоғам орнатудың «Окинава хартиясын» бекітті.»

Бағдарламалардың басты мақсаты интернет арқылы компьютермен халыққа білім беруді күшейту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, электрондық құжатпен дүниежүзі елдерімен ақпарат алмасуды қалыптастыру. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару органдарының құжаттары мен кітапханалардың, оқу орындарының және басқа да санаткерлік орталықтардың түрлі ақпараттық ресурстарына қол жеткізу. Бұл идеялар жыл өткен сайын маңызы арта түсуде. Соның нәтижесінде әрбір мемлекетте электрондық э – үкімет  (e – government) пайда болып жатыр. Біздің елде де бұл бағдарлама жүзеге асырылуда. Ол жөнінде тереңірек тоқталамыз. Ақпараттық қоғамда электронды үкімет пайда болғаннан кейін, әрине басқа салалар да тыс қалмауда. Яғни кәсіпкерлікті дамытып экономиканы арттыруға негізделген э – бизнес (e – business), азаматтардың тұрмыстық тіршіліктеріне қатысты э – азамат (е – citizen) іспетті т.б.   нысандары жан –жақты дамуда.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *