Жетім көрсең жебей жүр
Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды,
Мама кеп бір иіскеші маңдайымды,
Ақуызға толмаған таңдайымды,
Толтырайын айтумен жағдайымды,
Мама енді сені табу қиындады,
Ойласам көзден жасым тиылмады,
Алатауым, жұпарым арман болып,
Туған жерің топырағың бұйырмады, — деген өлең жолдарын оқи отырып, жетімдіктің қасіреті мен қайғысын сезінесің. Өзінің кім екенін, әке-шешесінің әсіресе, жеті атасын білмей өмір сүру қандай қиын? Қазақ ертеден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты терең бойына сіңірген өскен халық. Алайда соңғы уақытта іштен шыққан баласын далаға тастап, ана атанып жүргендер қаншама? Дана халқымыз сан ғасырдан бері «Адамның бақыты — балада» деп, баласының ер жетіп азамат болуына бар өмірін арнап, жиған — тергенін балаларының жолына, қолына берген. Кез-келген адам баға жетпес бақытты ұрпағының жалғасып, өсіп-өнуін тілейтіні белгілі. Ал, қазірігі таңда кейбір жандар өз бақытын байлықтан, мансап пен қызметтен іздейтін сияқты. Соның есебінен елімізде жәутеңдеп қара көздердің саны едәуір артып, жетімдер үйі көбеюде. Бір айта кетерлігі, балалар үйінің болғаны жақсы, бір жағынан жаман. Себебі, көп аналар өз балаларын жетімдер үйіне апарып, «Балалар үйі» барғой, солар қамқор болады деген сеніммен тастап кетіп жатады. Сол себепті де жетім қалған балалардың саны күн санап өсіп келеді. Кейде таң қаласың, кейбір жандар балаға зар болып, күні-түні үмітін үзбей, Алладан жалбарынып тілейді. Енді біреулер Алланың берген сәбиін көрінгеннің қолына тастайды. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларынан бас тартады. Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен? Осындай қатыгездіктің салдарынан бейкүнә нәресте, дүние есігін ашпай жатып, өмір сынымен арпалысып, тағдыр тауқыметін арқалаған бұл балалардың қандай жазығы бар? Балаша қуанып, уайым-қайғысыз күн кешудің орнына, көзін тырналап ашқаннан-ақ асыр салып ойнаудың орнына, терезеге телміріп «менің әке-шешем қайда?» деп уайым жейтіндей кімге не жазып еді сәбилер?! Жанарларын жәутеңдетіп, кім маған жылы сөйлер екен деп әркімге жалпақтатып, тірідей тастап кеткен ата-аналарын іздеумен әуре! Өмірдің осындай аяусыз тұстарын көргенде, пенделерге мейірімділік пен қайырымдылықты бойларына сіңіре гөр деп еріксіз дұға етесің.
Бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Оның мейірлене айтқан «Айналайын, құлыным, ботам, балапаным» деген жылы сөзі жаныңды ерекше сезімге бөлеп, бар бақытты сыйлады емеспе?! Ананың ыстық алақанына ештеңе де тең келмейді. Ал осы аялы алақанды сезбей, ананың ақ сүтін ембеген баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз.
Әйткенмен, жанашыр жақыны жоқ, бесікте жатып анасының ақ әлдиін, әкесінің тәрбиесін көрмеген бала қандай болмақ?! Осындай ана мен әке махаббатына зәру жандарды біз жетімдер үйінде толып бара жатқанын да байқаймыз. Оған келер шара бар ма?!….
Осындай тағдырдың қатал шешімімен кездескен сәбилердің жүрегінде жалындаған отты жағу, махаббат пен қамқорлыққа бөлеу – біздің басты міндетіміз болып табылады. Осындай мақсатпен, Қостанай педагогикалық колледжінде құрылған «Баланс» педагогикалық отряды және болашақ мұғалім иелері 21 қараша күні Қостанай облыстық жетімдер үйіне қонақ болып, жас маман иелері өз өнерлерімен алдында жәутеңдеп отырған балаларға бір сәтке болса да жақсы көңіл күй сыйлап, махаббат пен қамқорлыққа бөлеп, жүректеріне жылу ұялатып, өмірге құштарлықтарын арттыруына өз үлестерін қосып кетті. 1 сағат көлемінде балалармен ән салып, би билеп, ойындар ойнап, педагогикалық отряд мүшелері әр балаларға мүмкіндігінше өз сүйіспеншіліктерін көрсете білуге тырысты.
Осындай сәтте әр бала саған жәутеңдеп қарап тұрғанынан, жүгіріп келіп құшақтағанда, «бізге тағы да келіңізші» деген сөздерден кейін жүрегің жарылып кетердей сезімде боласың…
Атам қазақ ешқашан жетімін тентіретпей, көрінгеннің қолшоқпарына айналдыруға ешқашан жол бермеген. Ал, мынандай жағдайға қарап тұрып, «жетім көрсең жебей жүр» деген дана халқымыздың данышпандығы қайда кеткен деген ойда қаласың.
Осылай ата-аналардың балаларынан оңай бас тартып, жетім балалардың көбеюі күн санап келеді. Осындай жағдайларды қарап отырып, қазақ халқының бойын сіңген мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттерін жоғалып, жолдан тайып бара жатыр-ау деп күмәнданамыз! Әрбір адам баласы дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермеген абзал!