Қазіргі заман педагогы

                        Қарағанды облысы

                     Шахтинск қаласы

                                                             Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейі

                                           информатика пәнінің мұғалімі

                                Есмаганбетова Нургуль

 

 

Қазіргі заман педагогы

Эссе

 

« Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы»- деп ғұлама ақын Ғабу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, ғұмырын  ұстаздық мамандыққа арнаған, көңілі мәңгі жас баладай жақсылыққа құмар ұстаз болу – көп адамға бұйыра бермеген бақыт десем, артық айтқандық емес шығар. Өйткені аузын ашса жүрегі көрінетін, жалғандықты, жасандылықты сүймейтін тазалық пен пәктіктің иесі- оқушыларды көргенде,  олармен бірге қуанып, бірге күліп, жан дүниең ерекше  сезімге толып,  жас баладай  қуанышқа бөленесің.Оқушылар сенен ең жақын жанашырындай үміт күтеді, қуанып қарсы алады, сырларын бөліседі. Кейде қуаныштарын жасыра алмай, еркелей алдыңа келеді.Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы.Сен олармен бірге жүрсең, олармен бірге бала болып, асыр салып, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарайсың. Әр үйдің үміті болған шәкіртеріңнің жан шырағын жаға білсең, нағыз адам етіп тәрбиелей білсең, жүрегіне ұлтына деген қасиетті ұғымды ұялатып, Абай атамыз айтқандай, толық адам тұлғасын қалыптастыра алсаң- міне,  ұстаздық мұрат-мақсатың осы болмақ…

Шәкірт бойына сапалы білім мен үлгілі тәрбиені сіңіру-мұғалімнің алдына қойған басты  мақсат болу керек. Мұғалім болған соң өз пәніңді шәкіртіңнің толық меңгергенін қалайсың. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей алдыңда түрлі деңгейдегі оқушылар отырады.Ұстаздардың ұстазы Ы.Алтынсарин: «Оқушы сабақты түсінбесе, кінәлі емес, оны түсіндіре алмаған мұғалім кінәлі» деген сөзі бар.Осы ұлағатты сөзді  ешқашан есімнен шығарған емеспін. Егер оқушы түсінбей жатса, онда менің әдістемемнің әлсіз жағының әлі бар екенін мойындап, ізденіп келемін.Заман талабына сай көштен қалмауға тырысып, білімдегі соңғы жаңалықтарға да көз жүгіртіп, назардан еш тыс қалдырмаймын. Сабақты өзгеше өткізіп,жаңашылдыққа талпынсаң, оқушыға да сыйлы боласың әрі оқушы сабағыңа да селқос қарамайды.Өз сабағымда 7 модульді ықпалдастыра қолданамын. Сабақтың мазмұнына орай,  әр сабағымда  пайдаланамын десем,артық айтқандық емес.

Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен артта қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Осы ретте, президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», – деген болатын. Сол себепті өзіме ағылшын тілін де үйреніп, сабақтарымда қолданамын деген мақсат қойдым.

Оқушыларының жанына «ұлт намысы, ел мүддесі» деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру ХХІ ғасыр мұғалімдерінің еншісінде тұр. Еш жалықпаған ұстаздың  тәрбиелеген  шәкірттері – жан-жақты білімді, ой-өрісі биік, өз мақсаттары айқын, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз.

«Ұстазы жақсының- ұстамы жақсы» дегендей, оқушыларының тәрбиелі болуы- ұстазынан көрген өнегесі мен тәлімінен екені даусыз.Ы.Алтынсарин: «Мұғалім- адам жанының инженері» деп, өз заманында ұстаздар қауымына зор баға берген.Ұстаз- адам жанының емі, шипагері десек артық айтқандық емес.Күнделікті күйкі тірлікте өз шәкіртіне үнемі көңіл бөліп, жылы сөзімен жылытатын да ұстаз.Адамзат тәрбиелеудің қиындығы мен жауапкершілігі мол мамандық екені белгілі, дегенмен ХХІ ғасырдың ұстаздары жан – жақты дамыған, оқушының жан дүниесін жетік білетін, өз пәнін толық меңгерген, барлық нәрседен хабары бар иман жүзді, талапшыл азамат болуы керек деп ойлаймын.

Ұрпақ… Бала … Бүкіл адамзат болмысының тірлігінің мәні.Қай заманда, қай ғасыр, қай қоғамда болмасын адамдар тірлігінің мақсаты, болашаққа жалғастырар алтын көпірі, аманат етер асылы- оның ұрпағы. Сондықтан да күллі адамзат дүниесіне ортақ мүдде- ұрпақ тәрбиесі.Ал сол ұрпақтың азамат болып шығуына бағыт-бағдар беріп, үнемі қадағалау – бүгінгі ұстаздар қауымының жауапты жұмысы деп білемін. Сол себепті де, оқушыларымыздың сапалы білім мен өнегелі тәрбиені мектептен алып шығатынын еш ұмытпауымыз керек.Оқушымыздың парасатты да саналы адамгершілігі мол тұлға болып шығуымен қатар, нәтижелі білім алып шығуына бар күш- жігерімізді сарп етуіміз қажет. Ұстаз өзінің алдына нақты белгілі бір мақсатты қойып, соған жету жолында барынша талаптанса, жетістікке жетері сөзсіз.Білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл мұғалімдердің іс- тәжірибесін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланып, оқытудың ой елегінен өткен тиімді әдіс- тәсілін дұрыс таңдап, оны мейлінше меңгеру аса қажет болып табылады.

Әрбір ұстаз тәрбиеге көп көңіл бөлуге тырысу керек деп ойлаймын.Ұлт келешегін ойлайтын  ұстаз  шәкіртіне міндетті түрде ұлттық рухани – мәдениеттілік тәрбие ұстанымына негізделген этноруханияттық құндылықтарды игертуге міндетті. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамдағы мұғалім заман талабына сай психологиялық негізден өте мықты хабары бар, ақпараттық технологиялардың бар түрінде жұмыс істеуге қабілетті , жан- жақты білімді, үлкен жүректі, оқушыларды жанындай жақсы көре білетін байқампаз да білікті жан болуы керек.

Білімді түрлендіруде, білім беру үрдісін реформалауда зерттеуші мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлға болып табылады. Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған əрі əлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі əрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға». Ұстаздар жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты. Өзімнің мұғалім, ұстаз, жалпы адам ретінде түйгенім- адам ұрпағымен ұлы, марқаяр мақтанышы, жанын күйзелтер күйініші де, өзегін жарып шыққан ұрпақ тағдыры.Ұлтымыздың тағдыры – тәрбие , білім беретін ұстаздар қолында.Ендеше Абай атамыз айтқандай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға..»дегендей, шәкірт тәрбиелеп, оны ұядан баптап ұшырудан еш жалықпайық.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *