Мектебім менің мақтанышым

Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі 

Мектепті білім айдынындағы үлкен кемеге теңегім келеді. Осы кемеде бала он бір жыл уақытын өткізеді. Бұл кемеде небір дарынды тұлғалар да, әлемді бас идірген ағаларымыз да, сіз де, біз де отырдық.

Мектеп, мектеп – менің жарқын көңілім,

Мектеп, мектеп – шаттыққа толы өмірім.

Мектеп, мектеп, әнім болып төгілдің

Мектеп, мектеп, анам болып көріндің.

Екінші анамыздай бар жылуын бізден аямай беріп жүрген жандар – аяулы ұстаздар, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс ана мен бала не әке мен бала арасындағы сүйіспеншілікпен бірдей. Өйткені бала көзін ашқанда ата-анасын көрсе, білім көзін ашқанда ұстазын көреді.

Ғылымның қыр-сырын меңгеріп, бойындағы бар білімін оқушыларына сіңірген ұстаздарымыз қаншама! Ұстаздың жолында шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген асыл жандарымыз барша құрметке лайық.

Бұл мамандықтық қызығы мен шыжығы көп. Ел ертеңі – ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, шыншылдық пен қайырымдылықты, рухани байлық пен ұлттық байлықты сіңдіретін, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда зор үлес қосып, мол еңбек ететін де осы – ұстаздар.

«Ұстаз» деген атқа ие болған адам бақытты адам деп ойлаймын. Себебі олар әрбіріміздің тағдырымызға әсер етіп, әрқашан тірек болып қасымыздан табылады. Ұстаз болу қиын, бірақ осы дүниедегі ең жауапты да, ең ардақты да мамандық – осы.

Ұстаз ағып жатқан өзен тәрізді: шөлдеп жүргенді қаңдырып, терлеп жүргенді сусатады. Айналасына қуат беріп, таудай қиындықтарды тастай домалатын, жер деген әлемді көркейтетін қымбатты жандар. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны – аяулы ұстаздар емес пе?!

«Бала жүрегі кішкентай күй сандық, сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, бала бойындағы дарынды ашу кез келген адамның қолынан келмейтін іс, ол тек мұғалімнің ғана қолынан келеді деп ойлаймын.

Ұстаздың бейнесі шәкірттерінің жүрегінде тасқа қашалған Орхан жазбаларындай мәңгі сақталып қалса, ол ұстаздың берген білімі мен тәрбиесінің арқасында.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

1 комментарий

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *