“Ана жүрегі”
Мақсаты: Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау. Анаға деген ықылас пен алғыс сезіміне тәрбиелеу. Тақпақтар мен өлеңдер арқылы ой – өрісін, тілін дамыту.
8 – наурыз бүкіл дүниежүзілік мейрам екенін түсіндіру, отбасындағы ананың орнын, анаға деген құрмет ерекше екенін ұғындыру, ана мен баланың арасындағы байланысты барлық жанрлар бойынша көрсету, мақал- мәтелдер, тақпақтар, әндер.
Көктем ханшайымы: Армысыздар құрметті ата – аналар, әріптестер. Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі, 8 – наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз. Дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға бақыт тілей отырып өздеріңізге арналған балаларыңыздың дайындаған, мерекелік ертеңгілігіне қош келдіңіздер. (Музыка әуенімен, балалар жүрекше ұстап залға кіреді)
Би: «Ана жүрегі»
Көктем ханшайымы: Ой, жарайсыңдар балалар. Балалар біз бүгін қандай мерекеге жиналдық?
Балалар: 8 – наурыз, халықаралық әйелдер күні, мерекесіне жиналдық.
Көктем ханшайымы:- Дұрыс айтасыңдар, балалар. Біз мерекеге келсек мына ормандағы достарымыз әлі ұйқыдан оянбапты. Кәнеки, қазір мен оларды оятайын.
- Көктемкелді, көктем келді.
Жадыраған жайнаған.
Шашыраған сәулесімен,
Жасыл көктем сайраған. - Аюжан, Қоянжан ояныңдар, жайма шуақ көктем келді!.
Аю: Қоян, сен мені неге оятпағансың? Балалардан ұят болды ғой.
Қоян: Балалар ,сендер ренжімеңдер! Көктем ханшайымы сізге рахмет, сіз болмағанда біз көктем мерекелерінен қалып қалар едік.
Көктем ханшайымы:
Балалар қалай ойлайсындар бүгін қандай мереке?
Балалар ең асыл жан кім?\Ана\
Қызығыңда,бұзығында көтеретін кім? \Ана\
Үнемі жанында періштедей қорғаштап,демеу беретін кім? \Ана\
Сонымен бүгін қандай мейрам? \Аналар\
Осындай үлкен мейрамында аналардың жүзіне кішкене болса да қуаныш сыйлағымыз келе ме? \ Иә \
Көктем ханшайымы: Олай болса аналарымызға арналған әнімізді айтып, оларды қуантып тастайық, иә!
Хор: «Ақ дидарлы Анашым»
Аю: Балалар қазір бізде қандай жыл мезгілі келді?
Балалар: Көктем
Аю: Ендеше мен сендермен ойын ойнағым келіп тұр, ойнайсыңдарма? Блумб текшесі арқылы көктем ерекшеліктерін айтып ойнайық.
Ойын: «Көктем қандай?»
Тақпақтар:
Іңкәр
Сенен өскен балалар
Батырлар мен даналар
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті апа-аналар.
Алдияр
Біз қыздарды сыйлаймыз
Шаштарынан тартпаймыз.
Мерекемен құттықтап
Қыздарменен ойнаймыз.
Темірлан
Анам болса қасымда
Басқа бақыт не керек.
Анашымның жүрегі
Мейірімді керемет.
Қарақат
Ақ қабақты анашым
Күн сәулелі анашым.
Әлпештеген баласын
Айналайын анашым.
Кәусар
Мәпелеп мені өсірген
Ризамын мен өзіңе.
Ана деген керемет
Сыйлап өтем өмірде.
Көктем ханшайымы:
Ал, балалар, балалар,
Әзиз әже, назды аналар.
Қуаныңдар алақайлап,
Құстар әнін ала келдім.
Жерге кілем жаба келдім.
Жан бітіріп табиғатқа,
Гүлдерімді ала келдім- дей келе менің бәйшешек гүлдерімнің биін қабыл алыңыздар.
Би: «Бәйшешек»
Қоян: Жарайсыңдар, ұлдар, қыздар бүгінгі мерекеде аналарынды, апаларынды құттықтап, тілектеріңді айттыңдар. Ендеше өздерінді ортаға шақырып, ойын ойнайын.
Ойын: «Гүлдерді жинау»
Көктем ханшайымы:
Мерекеге арналады бүгін билер ,
Көтерілсін канекей,көңіл күйлер
Алдарыңызға қазір ұлдар биі.
Қол соғып демеу берер көрермендер
Біздің балалардың барлығы да әдемі, ал бүгін ерекше көңілді. Себебі олар аналарының мерекесіне өз өнерлерін сыйға тартпақшы.
Би: Вальс
Аю: Балалар , сендер қандай өнерлісіңдер! Ана туралы тақпақ та, ән де, би де біледі екенсіңдер.Ұлдар бүгін қыздардың, аналардың мерекесі болғаннан бүгінгі үй жұмыстарын бәрін өзіміз істеп тастасақ қайтеді.
Би: «Үй жинау»
Көктем ханшайымы:
Әлпештеген аялаған
Ақ сүт берген апатайым
Сәлем жазып бүгін саған
Мейрамыңмен құттықтаймын- дей келе ары қарай аналарымызға арналған тақпақтарымызды айтып берейік.
Тақпақтар:
Рауф
Аспандағы айымсың
Бақытыма балаған.
Құтты болсың мерекең
Айналайын жан анам.
Әмір
Әжем менің ақ әжем
Аппақ әжем, пәк әжем.
Басқалардай емессіз
Сүйкімдісіз ақ әжем.
Радион
Наурыздың сегізі
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз баланың
Анаға айтар лебізі.
Айғаным
Анам менің сүйіктім
Тек өзіңе табынам.
Қасымда жүрсең биікпін
Алыстасаң сағынам.
Әбілмансұр
Мәпелейді, әлдейлейді, бағады
«Құлыным» деп құшағына алады.
Өзгеге де, өзіне де жауапты
Барлығына қалай уақыт табады.
Милана
Той пердесін ашайық
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп
Ән маржанын ашайық.
Хадиша
Мен анамды сүйемін
Сөзін ойға түйемін.
Анашымды ардақтап
Басымды оған иемін.
Көктем ханшайымы:
Аялаймыз ананымызды
Құрметтейміз бағамыз
Сіздер үшін аналар,
Шырқап әнге саламыз.
Хор: «Анашым»
Сиқырлы суретші: Сәлеметсіздерме, балалар! Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің барлық жерінде тойланатын 8-наурыз әжелер, аналар, қыздар мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге әлемнің нұрын,өмірдің гүлін,көктемнің шуағын тілеймін! Мен суретшімін. Мен сурет салғанды өте жақсы көремін. Мен ешқашан өзімнің бояуларымнан ажырап көрген жоқпын. Мен сендердің мерекелеріңе жалғыз келген жоқпын. Өзімнің бояуларымды және сыйқырлы сандығымды ала келдім.
Сендердің қолдарына сыйқырлы жіптерді беремін сол жіптертен суреттер шығарамын.
(Балалар қолдарындағы жіптерді билеп сандыққа салады, сиқыршы сиқырлы сөздерін айтып сандықтан суреттер шығарады)
Көктем ханшайымы:
Тамаша,міне көрдіңіздерме біздің балаларымыздың сиқырлы жіптерінен керемет суреттер шықты.
Біз сыйлықты дүкенен сатып алмаймыз.
Өз өнерімізді қолымыздан жасаймыз.
Аналар күніне бір-бірден сыйлаймыз!
Бүгінгі мерекеге өздерінің қолдарымен жасаған сыйлықтарын табыс етуге рұқсат етіңіздер.
Күндеріңіз толсын гүлге, желекке
Отбасында болсын ырыс-береке
Құттықтаймыз шын жүректен сіздерді
Өмір-думан, бақ әкелсін мереке -дей отыра бүгінгі мерекеге арналған ертеңгілігіміз аяқталды, келіп тамашалағандарыңызға көп рахмет.