Аманат арқалаған «фашист» немесе Қараторғай әні

Өткен ғасырдың 80-жылдары. Құмдағы ауылда сабан-топырақты илеп соққан бір қабат сегіз жылдық орта мектепте оқимын. Мамыр айы туған соң мектепте қызу мереке басталады. Әуелі, 1-мамыр Бейбітшілік күнін атап өтеміз. Одан кейін 9-мамыр – Жеңіс күні жетеді желпініп.

Ауылда соғысқа қатысқан бар-жоғы 7-8 ақсақал болушы еді, біз оқып жүргенде 3-уі тірі-тін.  Бір қызығы осы үш ардагердің бірі Жанғали атамыз «Жеңіс күні» мерекесіне бірде қатысып, бірде қатыспай шеттеп қалып жүреді. Неге олай?

Бертінде, яғни 90-жылдарың ортасы институт бітірген соң өзім оқыған мектепте 4 жыл қызмет атқардым. Әрі мектептің тәрбие саласына жауапты болдым. Баяғы 9-мамыр – Жеңіс күнін желпінтіп атап өтуге бел байладық.

Ауылда ардагер атаулыдан жалғыз тұяқ Жанғали атамыз қалыпты. Әдеттегідей ақсақалды кездесуге шақырдық. Келді. Әлі есімде, ақ шалған биік қасын кере көтеріп, тобылғы таяғын ұмсына созып, еденнің жырығына тіреп отырды. Бозторғайдың балапанындай шүпірлеп отырған оқушыларды бір шолып өтіп, мәдени шараны жүргізуші маған бір қарады да, тамағын кернеп алып сөз бастады.

–   Менің соғысқа қатысқаным рас, – деп, бір түйіп қойды. Тағы да тамағын кернеді.  –  Бірақ, тұтқында болдым – деді. Ақсақал осылай деді де үнсіз отырып қалды. Оқушыларға бәрібір, селт еткен ешкім жоқ. Жәкеңнің неге шеттей беретінін сонда барып түсіндім.

Қысқасы, соғысқа қатысқан, бірақ немістердің қолында тұтқында болған жалғыз тұяқ ардагермен шұрайлы сұхбатымыз осылай басталды. Үрпиіп отыра беретін емес, енді мен сұрақ қойдым:

–  Тұтқында көп азап шектіңіз бе?

–  Қайдағы азап, ол бір естен кетпес бақытты күндер ғой…

Не дейді, мына кісі, тұтқындағы адам бақытты бола ма?! Соның ішінде овчаркасы арсылдаған фашисттердің (кинодан талай көрдік емес пе) канцлагері адамдарды тірідей өртеп жатпаушы ма еді…

Ақсақалдың мына жауабы басыма боқ күрейтін ерні жырақ темір күрекпен періп кеп жібергендей әсер етті. Мүмкін қалжыңдап отырған шығар. Бірақ қалжыңның адамы емес. Миым әңкі-тәңкі. Оқушылар да біртүрлі бізге таңырқап қарайды. Түрмеде шаттық болмайтынын олар да білетін сияқты.

–   Ақсақал шын айтып отырсыз ба, түрмеде бақытты болдым дегенді… Дауысым бір түрлі дірілдеп, жер асты қылуетте зікірлетіп отырған сопының  үніндей міңгірлеп шықты.

Ардагер көрік кеудесін бір көтеріп алды да: «Рас айтам», – деп нық түйді. Одан кейін бәрімізге: «Мен бәрін басынан баяндайын, сендер тыңдап алыңдар» деп, көне домбыраның қиюы қашқан үніндей тарғылданып естілетін қоңыр дауысымен күңірене сөзін бастады ақсақал.

Соғыс басталмай тұрып Армияға шақырылдым. Арал стансасынан бізді отарбаға мінгізді. Бір апта жол жүрдік. Түн қараңғысында пойыздан түсірді. Ну орманға алып барды. Ол жерде жаяу әскер қосыны бар екен. Сонда орналастық.

Бір жылдан соң соғыс басталды. Шайқасатын қару жоқ. Екі адамның ортасында бір мылтық. Кезектесіп атамыз. Төрт күннің ішінде немістер ойранымызды шығарды. Қызыл әскерлер бөлініп-бөлініп орман кезіп кеттік. Не болып жатқанын адам біліп болмайды.

Кешікпей қолға түстік. Немістер барлық тұтқынды жаяу айдап үлкен қалаға алып келді. Сол жерден іріктеп дені сау жілік майы бүтін жастарды эшолонға тиеп Германияға жөнелтті. Ішінде мен де кеттім.

Тұтқындарды Германияның батыс жағында орын тепкен үлкен канцлагерге алып келді. Онда жер асты және жер үсті екі шақта бар екен. Қол-аяғымызға кісен салып, тас қопартып қойды. Жұмыс ауыр.

Бір күні барлық тұтқын жұмысшыларды жиып сапқа тұрғызды. Шамасы 10 мыңдай адам бар екен. Күн салқын, оның үстінде арсылдаған ит жетектеген қарауылдар қаһарлы.

Үлкен қаладан құдіретті бастық келіпті. Ол сонау шеттен бастап төрт қатарға орналасқан тұтқындарды жағалай сүзіп келеді. Саптың басында тұрған өзбек пе, қазақ па біреуді саптан шығарып, соститып тұрғызып кетті. Немістер ататын адамын осылай саптан шығарып алушы еді… Құдай сақтасын!

Үлкен бастықтың қасында үйірлі қасқырдай бір топ әпицер құрақ ұшып жүр. Тура мен тұрған тұсқа келгенде үлкен бастық шүйіліп тоқтай қалды. Еңгезердей адам екен. Жүзі тарғылданып, өңі қуқыл тартқан, бірақ жанары нұрлы сияқты сезілді.

Нөкерлерінің біріне мені нұсқап міңгір еткендей болды.

Жұлқынып тұрған бір жендет желкемнен бүре ұстап дедектетіп саптан алып шықты. Иманымды үйіріп жібердім… Бірақ үлкен бастықтың көзі маған қарап күліп тұр.

– Қазақсың ба? – деп ақырып қалды. Қапелімде аузыма сөз түспеді. Өңім бе, түсім бе… Есеңгіреп тұрдым да қалдым. Үлкен бастық: «Ей, қазақсың ба, деймін саған» деп тағы ақырды. Мен: «Қазақпын» дедім. Үлкен бастық жымиып иек қақты. Бір әпицердің жетегінде дедектеп кетіп барам…

Дедектеген күйі штабтың екінші қабатындағы кең бөлмеден бірақ шықтым. Алдымда тағы екі қазақ отыр. Арқаның тарланбозында жылқы жайып жүріп кездескен қарақтар сияқты шұқырай амандасып жатырмыз. Менің ізімді басып тағы тоғыз қазақ келді. Барлығы 12 болдық. Бәрімізді шұрқырата айдап барып моншаға түсірді. Шыққан соң су жаңа киім кигізді. Құдаға келгендей ырғап-жырғап қалдық.

Не үшін бұлай?  Бәрі құпия. Ортамызда жасы қырықтар шамасында Қарақалпақстанның бір қазағы бар еді. Өзі аңқаулау адам. Сол кісі: «Мүмкін бізді тойдырып алып ататын шығар» деп сақалын қырып мәз. Мұнда қандай құпия бар, ана үлкен бастық қазақша қайдан біледі… Мүмкін қазақ емес пе өзі? Әй, қайдам, көкшегір, ақтарғыл қазақ болуы мүмкін бе?

Арада бір апта өтті. Тыңайып алдық. Тамақ тоқ, киім көк. Немістер бізге бұрынғыдай оқты көзін атпайды, жып-жылы қарайды. Жетінші күн дегенде бәрімізді жеңіл қарауылмен жүк машинаға отырғызып алып жүрді.

Тағы бір үлкен қалаға келіп кірдік. Биік дуалмен қоршалған берік қорғанның ішіне әкеп түсірді. Қонақ үйге орналастырды. Тамақтандырды. Түс ауған соң қаздай тізілтіп алып жүрді. Кең сарайды өрлеп келеміз. Жағалай жасауыл, қырғын қарауыл. Түкпірдегі бөлменің есігі ашылды. Мәссаған, әнеукүнгі қазақша сөйлеген фашист көкеміз сонау төрде манаурап отыр. Таза қазақша:

–  Кәне, жігіттер төрлетіңдер, – деп күліп қояды. Бізде құрақ ұшып «ассалауды» бірінен соң бірін жіберіп жатырмыз. Бастық орнынан тұрып, белдігін түзеп алды да, кең кабинетте ерсілі-қарсылы адымдады. Кілт тоқтап: «Қараторғай әнін білетіндерің бар ма?» дегені. «Білеміз» деп шу еттік. Бірінші боп мен: «Сырдың қараторғайын» жібердім:

Болғанда қасың қара, шашың сүм­біл,

Албырап екі бетің жанар гүл-гүл.

Пейіштің гүл-жазира сарайында,

Сайраған тотықұстай сен бір бұлбұл.

Салайын мен әніме Қараторғай, Қараторғай,

Ха-ла-ла-ла-ла-ла-ла-ла-лай-лай…

Бұрын аңғармаппын «Қараторғайдың» түрі көп екен. Сырымбет жақтың бір жігіті Арқаның қараторғайына басты. Сонымен кезек-кезек қараторғайлатып жатырмыз. Әрең тоқтадық. Фашист бастық үнсіз. Терең күрсініп ойланып отыр. Біршама етіміз үйренген соң: «Сіз кімсіз?» дегенді айттық. Бастық орнынан тұрды. Қасымызға келіп жайғасты.

–   Сібір жақта тек қазақтар қоныстанған Қарасу дейтін ауыл бар. Сол елдің  ақсақалы Ақмырзаның өкіл ұлы боламын, қазақша атым – Балдамер, –  деді. Содан әңгімесін бастады. Балдамен бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде орыстардың қолына тұтқынға түскен екен. Сібірде түрмеде болған. Содан 17-ші жылы патша құлап, дүние бүлінгенде оны түрмеден босатқан. Бірақ өкпеге тиген суықтың кесірінен өлімші қалге жеткен. Түрменің қырық тесік гостипалында ажалын күтіп жатады.

Бір күні гостипалға қою қара мұрттарынан май тамған, түлкі ішіктерін құлпыртып киген қазақтар келеді. Түрме бастықтарымен тамыр болуы керек: «Мына өлгелі жатқан немістің баласын маған бер» деп сұрап алады. Ауруды жылы орап шанаға салады да, ауылына тартады.

Шанаға таңылған неміс есін жиса, мұртты қазақ делбесін қағып қойып, орманды жаңғыртып ән салып келеді. Сондағы әні осы «Қараторғай» екен. Балдамердің есінде мәңгі жатталып қойған.

Қазақтар ауру немісті үйіне әкеп қысырақтың қымызын беріп, тыңайтады. Көк шыққанда адам қатарына қосылған Балдамер (немісше – Вальдемар) жылға жетпей қазақша үйреніп алады. Ақмырза алыс-жуықтағы ел-жұртты шақырып той жасап, Балдамерге жілік ұстатып бала қылады. Жылжып жылдар, ағып айлар өтеді… Балдамер қазақтардың ортасында ойнап-күліп жүре береді.

Бірақ заманның тарылып келе жатқанын аңдаған Ақмырза айтады: «Балдаке балам, саған айтар екі ұсынысым бар. Қайсысын қабылдайсың оны өзің шеш!». Балдамер: «Айтыңыз көке!». Бірінші айтарым, үйлен де осында қал, аға-інілерің бар сені жалғызсыратпайды, екінші айтарым, заман тарылып келеді, алда қандай күн туары бір Аллаға аян. Не болмаса еліңе қайт!

Содан ойлана келе Балдамер еліне қайтуға шешім қабылдапты. Ақмырза әкесі жиған алтын бұйымдарын сатып, Петерборға адам аттандырып төлқұжат жасатып береді. Содан 1930 жылы туған қаласы Дрезденге оралды. – Мені Омбыға дейін шығарып салған Ақмырза әкем: «Балдамер қарағым, саған бір аманатым бар. Қай жерде қазақтың баласын көрсең қамқор бол!» деді. Мен көкеме ант бердім…

Қазір Германияның солтүстік өңірі бойынша стратегиялық маңызды құрылымды басқарып отырмын. Көкемнің аманатын орындайын деп тұтқындарды аралап «Осы қазақ болар» дегендердің бәрін құтқарып жүрмін…

Барлығымыз Балдамердің әңгімесін көзімізге жас алып тыңдадық. Балдакең бізді текке жатқызып қойған жоқ, жұмыс істетті. Жергілікті адамдармен тең дәрежеде өмір сүрдік. Тіпті өзіне қарасты құрылымның барлық шенді офицерлерін жинап алып, бізге концерт қойғызды.

Сайрандаумен екі жарым жыл өтті. Бір күні бәрімізді Балдамер шақырды. Осылай да осылай, соғыс тағдыры қиындады. Немістер жеңілетін түріміз бар. Ертең сендер елге барғанда бәріңді тексереді. Атып жіберуі де мүмкін. Сондықтан мен сендерді басқа жаққа ауыстырмақпын. Италияға барасыңдар, сонда американдықтардың бақылауына өткен соғыс тұтқындары бар. Соларға қосамын. Барлық құжаттарыңды сақадай-сай жасаттым. Американдықтар қолында болғандарды Совет елі жазалай қоймас. Екінші шартым: бір-біріңді ұмытыңдар және айтпаңдар!

Жаңғали қария:  «Бұл әңгімені сендерге тұңғыш рет айтып беріп отырмын. Көреген қазақ Ақмырзаның аманатының арқасында түрмеден аман шығып, бір қайырымды фашист Балдамердің арқасында елге келген соң сотталмай аман қалдық» деп әңгімесін аяқтады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

www.egemen.kz

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *