Заманауи педагог қандай болуы керек?
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,- деген ақын Абайдың өлең жолдары әрқашан менің жадымда тұратын ұстанымымның бірі деп айтуға болады. Ұстаздық мамандығы қайыспас қажырлылықты, мықты күш-жігерді, темірдей төзімділікті қажет ететін мамандықтардың бірі. Кез-келген адам ұстаз бола алмайды. Ұстаздық алдымен шәкірттерге деген сүйіспеншіліктен басталып, оқыту шеберлігімен шыңдала түседі. Мұғалімнің терең білімі мен біліктілігі ғана нағыз шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Қазіргі заман талабына сай ұстазға да көптеген талаптар қойылуда. Заманауи ұстаз жаңартылған білім беруді және ақпараттық технологияларды меңгерген, тәрбие мен оқытуды қатар алып жүретін шығармашыл, шебер болуы қажет. Былтырдан бері пандемияға байланысты ұстаздарға қашықтықтан оқытуды меңгеру талабы енгізілді. Сондықтан заманауи ұстаз әрқашан өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс деп ойлаймын. Ұстаз әрдайым білім саласында қандай өзгеріс болса да, білім беруге дайын болуы қажет.
Педагог мәртебесі туралы Заңның қабылдануы ұстаздардың шығармашылығын арттыра түсуге мол мүмкіндік беретініне сенімдімін. Шәкірттерім аудандық, қалалық, республикалық олимпиада жеңімпаздары, мектебіміздің мақтаныштары деп айтуға болады. Бастауыш сынып оқушыларының білім алуы мен тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға ең алдымен ата-ананың, одан кейін алғашқы ұстазының мейірімділігі, жанашырлығы, демеуі өте қажет. Баланың ары қарай болашаққа нық қадам жасауына отбасының, ұстаздың шабыттандыруы негіз болады. Қазіргі уақытта қоғамда қатігездік пен немқұрайлылық белең алуда, бұл адамдарды қылмыс жасауға итермелейді. Адамдардың бір-біріне деген сый-құрметі, түсіністікпен қарым-қатынас жасауы азайып барады. Бұл отбасындағы, білім ордаларындағы ізгілік пен адамгершілік тәрбиесінің ақсауынан пайда болады. Ізгі және жомарт, адамгершілігі зор ұрпақты тәрбиелеу – ата-ана мен ұстаздың міндеті. Ата-ана да, ұстаз да баланың санасына мейірімділікті ес білген кезінен құя беруі керек. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ізгі және жомарт адамдардың іс-әрекетін үлгі ретінде көрсетіп, баланың қызығушылығын арттыруы қажет. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, балаларды адамзатқа жақсылық жасауға, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеуіміз керек. Алдағы уақытта да өз шеберлігімді шыңдай түсіп, еліміздің болашағына қызмет ететін шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырмақпын.