“Тіл-баға жетпес байлық” (сынып сағаты)
Мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту.
Көрнекілігі: интербелсенді тақта, қанатты сөздер,нақыл сөздер.
Мұғалім:Қайырлы күн, оқушылар, ұстаздар!
Біздің негізгі мақсатымыз оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тілім менің – таусылмайтын байлығым. Ана тілі арқылы алғашқы әліппені таныдым. Содан бері міне, ана тілім мен сөйлеп, құрметтеп келемін. Өз тарихымды танып білдім. Туған тіліміздің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы. Себебі, біздің болмысымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені, тіл – ата-бабамыздан бізге қалған аманаты. Тілдің көмегімен өнерді, білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткенімізді саралап, сабақ аламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді. Тәуелсіз Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды. Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы қабылданды. Бұның бәрі Елбасының көреген саясатының арқасында деп білемін. Ендігі біздің міндетіміз тілімізді сақтап, осы тілде сауатты жазып, ойымызды қазақ тілінде таза жеткізу, ардақтап құрметтеу. Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы. Қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту.
«Мәнерлеп оқу минуты. Оқушылар тіл туралы өлеңдер оқиды.
Ана тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы,
Тілім өссе, мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.
Ана тілін білмеген – ақылы жоқ желікбас,
Ана тілін сүймеген – халқын сүйіп жарытпас.
Туған тілім – бабам тілім – өз тілім,
Туған тілім – анам тілім – өз тілім,
Туған тілім – далам тілім – өз тілім,
Туған тілім – адам тілім – өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып – ақ алыңдар!
Мұғалім:
Тілім менің – қуатым, күшім менің,
Күшім кетсе не болар ісім менің.
Тілсіз өмір бар десе түсінбедім,
Тілімменен тірлікті мүсіндедім.
– Балалар, тіл туралы қандай мақалдар білеміз?
1. Өнер алды қызыл тіл.
2. Тіл тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады.
3. Шебердің қолы ортақ,
Шешеннің тілі ортақ..
4. Тіл қылыштан өткір.
5. Басқа бәле тілден.
Жүйрік болсаң, тауып көр.
1. Оқтан жүйрік,
Қылыштан өткір
Шешуі: сөз.
2. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.
Шешуі: Кітап.
3. Ұзын-ұзын, ұзын жол,
Ұшына жеткен бар ма екен?
Түбі терең қара су,
Түбіне жеткен бар ма екен?
Түбіне жетіп бұл судың
Қанып ішкен бар ма екен?
Шешуі: Оқу.
4. Жаңылмастан жетеуі,
Кезек қызмет етеді.
Шешуі: аптаның жеті күні.
5. Дос қылатын өзіңді
Тосын-тосын әріпке,
Суреттері көзіңді
Табындырар… Шешуі: Әліппе.
Пікір алмасу. «Тіл-баға жетпес байлық» дегенді қалай түсінесіздер? Оқушылар пікір алмасады.
Мұғалім: Қалың елім қазағыңа қорған бол!
Жеткіншегім жайқала өсіп орман бол,
Шет тілі мен компьютерді меңгеріп,
Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол! Отаныңның патриоты болып, елің үшін ерен еңбегіңді аяма дегім келеді. Өсер елдің ұрпағы сіздер сияқты білімді, алғыр болады.