Әдебиет – рухани кемелденудің қайнар көзі

 

АБДРЕШ АЯУЛЫМ БЕКБОЛАТҚЫЗЫ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім

       В.Г.Белинскийдің «Әдебиеттің мазмұнын оның  халқының өмірі береді» деген сөзінің жаны бар. Кез-келген шығарма тікелей тарихпен байланысты.Әдебиет әрбір ұлттың жүріп-өткен жолын, күресін, арман-мақсатын көркем сөзбен әрлеп, саяси мәселелерді астарлап оқырманына жеткізетін күш.  Біздің тарихымыздың тамыры тереңде. Қазақ бабам тәуелсіз ел болу жолында тағдырдың түрлі ыстық-суығын сезінген халық.  Халқымыздың тәуелсіздікті мақсат етіп даңғыл жолдағы тағдырын біз көркем шығармалардан көреміз. Кез-келген жазушы қаламымен қалың оқырманды батырлыққа, ерлікке, бостандыққа, елдікке, адалдыққа, адамшылыққа жетелейді. Қазақы суверенитетті, мінезді көрсететін, бірлікке үндейтін жазушылардың бірегейі Мұхтар Мағауин. Мұхтар Мағауиннің  «Шақан-Шері» романы қазақ әдебиетіндегі жауһар туынды. Автордың қай шығармасын алма, бәрі терең ойлы, ойландыра алатын, ойлануға тұрарлық дүниелер.                                                                      «Шақан-Шері» романы 1984 жылы, яғни, қазақ әлі өз алдына ел болмаған кезеңде жазылған. Сол кездегі саясатқа томпақ келмейтіндей, астарлы да мәнді шығарма тудырған бірден-бір тұлға. Осыған байланысты, Ә.Кекілбаевтың мына пікірін тілге тиек етуге болады: «Мұхтар Мағауин – саяси озбырлық, рухани әрі-сәрілік, кәсіби балаңдық жабыла қинап, дағдарыс тығырығына қамалған әдебиетіміздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысыншы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз. Оның бүгінгі де, ертеңгі де оқырмандар алдында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қадым замандар тақырыбына алғаш қадам тартқан ғалым ретінде ұлттық көркем ойдың ең кемел күштерінің төл тарихымыздың кенде зерделеніп келе жатқан кезендерін көрсетуге жаппай жұмылуына түрткі болды. Өзі де ­сол бәйгеде озып шыға алған жүлделі жүйрік» [1,5].                                                     «Шақан-Шері» романында екі образ ерекше. Оның бірі Шақанның образы болса, енді бірі жолбарыстың образы. Автор астыртын түрде сол кездегі саяси ахуалды, кеңес үкіметінің құйтырқы, жауыз саясатын, қазақтың жай-жайдан сөгіліп бара жатқанын, қазақтың қанын кенедей сорып жатқан өзіміздің қазақ және сол қазақты бейшара қалыпқа түсірген орыс үкіметі, қазақтың бірліктен, берекеден, жау жүрек ерліктен алыстағанын,  жаңашылдықтың келетінін, үмітпен алға қарау керектігін шығарманың өң бойына автор кірістірген. Шақан қандай кейіпкер? Бірінші ол қазақ, ержүрек батыр, Жантай сияқты шибөрілердің кесірінен елден безген, орыстың саясатын жатсынған, тыныштықты, бейқам қазақи өмірді аңсаған кейіпкер. Шақан өмір бойы кекпен өтем, қоғамнан, елден безінем деп ойлады. Бірақ бұл жұмырбасты пенде үшін ең қиыны. Шақанның елге оралу жайлы қабылдаған шешімі елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан демекші, болашаққа сенімін білдіреді. Жолбарыс ең бірінші – аң. Епті, айлалы,  ақылды, сезімтал махлұқ. Маған бір қарағанда Шақан мен жолбарыс бір образ болып көрінеді. Автор жолбарыстың биологиялық сипатын жақсы берген. Шақан екіге жарылған кейіпкер. Бір жағынан жолбарыс сияқты тағы өмірді аңсап, жемтігін жеп, өзі би, өзі қожа болғысы келеді, енді бір жағы адам адамнан жырақта өмір сүре алмайды, батырлығың мен ерлігің ел ішінде көрінсе, жалын атқан көзің елің үшін жарқыраса, бөтен нәсілге қайратпен қарап, еппен амалын тап дегендей. Шақанның басында берілетін портретінің өзі екі жақты. Оңынан қарасаң былай, солынан қарасаң былай. Романда негізгі үш кейіпкер бар. Олар  екіге жарылған Шақан және кәдімгі аң жолбарыс. Шақан кәдімгі аң жолбарысқа аңшы ретінде көрінгенімен, екіге жарылған қазақтың типтік бейнесі көрінеді.                                              Шақанның екі жұрты айтылады. Өз жұрты және нағашы жұрты. Осы жерде бір гәп бар сияқты. Мәселен, Шақан жолбарысты ағайындарымен аулағанда «Иә, Алаш! Иә, Қарасай бабам» десе, нағашылармен аңшылық құрғанда, нағашылары «Иә, Алаш! Иә, Бақтияр бабам!» дейді. Бұның өзі бәріміз алашпыз, онда несіне жолбарыстай епті аңды , қазақтың бір отбасының шаңырағын шайқалтқан залым аңды ауларда әрқайсысы өз атасын айтып бөлінеді? Бұның өзі қазақтың бойына біткен ең бір жаман қасиеті жүзге бөліну көрінеді.             Шығармада мынадай сөздер бар «Елдің тұғыры-ер деуші едік. Онымыз бекер болды. Ез екен. Ту ұстап, тұлпар мінген Саурық қайда? Бұта қорғалап, бас сауғалаған Жантай қайда? Батыр саурықтың сүйегіне мүк шықты. Жалтақ Жантайдың арқасына жал бітті». Жалтақ Жантайдың образын итке теңеп берген. Құба-Мергенмен аңға шыққанда, ауылдағы бұралқы барақ төбет. Сүмелек иттің бейнесі. Ақыры сүмелеңдеп жүріп, жолбарысқа жем болды. Жалтақ Жантайда сүмелеңдеп жүріп, орыс деген жолбарысқа жем болған, қазақтың қарғысына ұшыраған, намыссыз, жалтақ бейне. Автор өзіндік көзқарасын, мақсат-мүддесін, танымын Шақанның монологтары, Құба-мерген мен Қара-батырдың сөздері арқылы береді. Автор оқырманға «Орыстың өресі неге биік шықты?» деген сұрақ тастайды, және оған өзі жауап береді. Орыстың өресінің биік шыққан себебі, әдіс-айласы, білімі мен қаруы. Шақандай мықты ержүрек ұлдың кеудесін аң патшасы жолбарыс қана басқан. Басқа адам баласына жалтақтаған емес. Шақанның осындай биік болмысын қазақтың жинақталған бейнесі ретінде береді. Романда өлі мен тірі мәселесі, аруақ, жын-пері сияқты мистикалық элементтер кездеседі. Аруақ деген біздің өткеніміз, жолбарыс біздің қиын-қыстау кезеңіміз, Шақан бүгініміз. Роман тарихты олай – бұлай ақтарады, қазақтың өткенін еске салады. Автор оқырманына үлкен ескерту, құйып алар миға өсиет айтады «Кие – көпке қонады. Байлық – баста. Жарлылық – жалғыздықта. Тек … ердің еңсесі басылмасын, әйелдің ажары сынбасын. Елу жылда ел жаңа – жаңарып жатқан шағы болар. Жүз жылда қазан – қара боран алда болар. Біріншісі емес, соңғысы да емес. Жаңаның бәрі жаман болса, елден не қалатын еді. Қазанның бәрі қара болса, жерден не қалатын еді. Елің қонысыңда, жерің орнында. Ендеше байбалам салма, байыз тап. Бұға берме, бұғанаңды бекіт. Есіңді жида, еліңді ұйыстыр. Заман бізден озып, сізге жетті. Алысарың аң емес – адам. Күшің білек емес, білікте, білік емес, береке-бірлікте. Түлкінің құйрығы да, бөрінің азуы да мұрат әкелмес, жолбарыстың жүрегі мен жүйкесі, ебі мен қайраты шешер ендігі істі» [2;81]. Шақанның ышқына айқайлауы, оның –  жан айқайы, қазақтың айқайы. Шақан алғаш рет жолбарыстан соққы жеген кезде, мәңгүрттеніп, меңіреу кейіпке түседі. Бірақ бірте-бірте кек алуға көшеді. Ақыр соңы жолбарыспен шайқаста жеңіс туын көтереді. Қазақта мәңгүрттенбей, елі мен жеріне ие болып, азулы жаулардан қорғануы үшін білім мен біліктің керектігін айтады. Шақан «мені елден айырған…» деп күңіренеді, Құдай бізді елден айырмасын,рухымыз мықты, іргеміз берік, сезіміміз биік, болашағымыз кемел болсын.

 Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Кекілбаев. Ә. Кесек тұлға. –Алматы: Жазушы, 2004. – 336 б.
  2. Мағауин М. Шақан-Шері. Роман,хикаят,әңгімелері. – Алматы: Атамұра,2005. – 288 бет.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *