Жамбыл поэзиясының философиялық негіздері
ХХ ғасырдың Гомері атанған, суырып салма ақындық өнерінің ғажайып жұлдызына айналған Жамбыл Жабаев қазағымен бірге жасайтын ұлы тұлға. Ол баяғыда-ақ өзінің ақындық орбитасына шығып кетті. Кейде өзінің биігінен жаңа ұрпағының кейбір мазасыз тіршілігіне, беймаза сөздеріне миығынан күле қарап:
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашанда жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға, –
деп мысқылдап қоятын да шығар.
Жамбыл Жабаев бақытқа поэзия арқылы жетті. Жакеме өлең жөргегімен келіп, оның егізіне, серігіне айналды.
Өлең тердім жасымнан,
Майкөт ақын, Құлмамбет,
Орын берді қасынан, –
деп ақын Жамбыл тәтемнің өзі айтқандай, өлең ақынның бағын ашты, қоғамдық ойдың тайқазанына салды, халықтық сыннан өткізді. Сондықтан да Жамбыл жыры нәрлі, Жамбыл жыры айқын, Жамбыл жыры қуатты. Атақты ақын ағамыз Ілияс Жансүгіров «Жамбыл жырлары Бұғымүйіз, Бесмойнақ жайлауларының гүліндей алуан түрлі. Хош иісі күншілік жерден аңқып тұрады. Ақын жырын тыңдаған сайын көк жайлауға шыққандай әсер аласың» деп тамсана жазған ғой. Рас, Жамбыл Европалық білім алған жоқ, Академияны, университетті бітірген жоқ. Бір қаламгер жазғандай «бұл Жамбылдың трагедиясы емес», бұл Жамбылдың өзінің академияға, университетке айналып кеткенін көрсететін ғажайып ғұмыр, Алла өлең қондырған тамаша тағдыр. Ұлы Ғабең, Ғабит Мүсірепов: Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашан да бір сықақ ұшқыны тұратын! – деуі осыдан шығар. Жамбыл – қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясы. «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі ұлы ақынның осы қасиеттерін даралап тұр емес пе? 1940 жылдың ақпанында жазған ақынның хатшысы Ғали Ормановтың күнделігіндегі: «…оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, халық көп біледі. Менің білімім – сол халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым», – деген сөздер қандай терең, қандай айқын!
Жамбыл қаласынан өтіп бара жатқанда,
Атыңнан айналайын, Әулиеата,
Атымды ап қойдың деп болма қапа, –
деп келетін кісілік сөзі не тұрады? Қазір халық үшін қызмет етпеген бабаларына көше беріп, мектеп атап жатқанда, шенеуніктердің Жамбыл атаның осындай қасиеттерінен үлгі алмайтыны қандай өкінішті!..
Әсте, қазақтың табиғатында сал-серілерді, ақын-жырауларды қастерлейді де, жеке өз отбасына келгенде, одан қашуға тырысатын әдет бар. Жабай бабамыз да Жамбылдың өлең қуғанын қаламағаны белгілі. Мал табу, немесе молда болу сияқты кәсіпті несібе етсе, қатарынан қалмас деп пайымдайды. Сондықтан да молда алдына апарып, тізе бүктіреді. Бірақ асау жүрек әке шешіміне көндікпейді. Он бестегі бозбала:
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам.
Өлең кірген түсіне,
Жөргегінде мен болам,–
деп қасиетті өлеңге жығылады.
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай, –
деп, бұл сөздерді өз жүрегіне бойтұмар етіп, көзі жұмылғанша өлеңге, домбыраға, киелі өлеңге адал болды. Өзінің өмірге деген құштарлығы, адам тани білетін абыздық қасиетінің арқасында замана көшіне ілескенмен, өзін басшылармен де, қосшылармен де тең ұстады. Қазақы қалжың мен мысқыл, әжуасы, сынды өмірлік қағидаттарды шебер пайдаланатыны сондай, ақынның астарлы сөзінен жақындары да, жоғарыдағылар да сескеніп жүретін-ді. Тіл – құдірет, тіл – садақ, тіл – мазақ, тіл – мадақ. Мұны Жамбыл бабамыз жетік білді:
Елімнің азаматын таныс қылған,
Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң, –
деп Жамбыл тәтем бекер айтты дейсің бе?
Жамбылдың осындай дара қасиеттерін, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов тайға таңба басқандай етіп жазып кетті. «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» Ұлыны ұлы ғана таниды. Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ромен Роллан сәлем салған, Ғабит Мүсірепов сынды сарбаз жазушы еркелеген Жамбыл бабаның ән-жыры, күйлері мен айтыстары, дастандары қазағымен бірге жасайтын ұлттық құндылыққа айналып кетті. Енді тарих доңғалағы кері кетпейді, егемен, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді ретінде Жамбыл баба есімі жасай береді, жасай береді. Жамбыл поэзиясы – шыншыл поэзия. Өмірді өлеңмен өрнектеген ақын жырларынан қазақ тұрмысының, қазақ қоғамының әділетсіз болмысын шенеген өлеңдері, оның атын ерте шығарған. Әрі Жамбыл үшін поэзия Алланың берген сыйындай қастерлі, қасиетті. Сондықтан да, Жамбыл Жабаевтың өлең патшалығына кеңес үкіметінің тұсында ғана емес, Ресей патшасының боданында жүрген кезде-ақ кіргенін түсіну үшін көретін көз, тыңдайтын құлақ, мархаббаты жүрек керек.
Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,
Салқын күзде бір жылы үйді білмей.
Сахарада салақтап күндіз-түні,
Бұралқы ит пен малшының күні бірдей.
Осы төрт жол жанды сурет, көңілге түскен көркем бейне емес деп кім дөп айта алады?! Ұлы Абаймен үндестік көзге ұрып тұрған жоқ па?! Сондықтан да дарабоз ақын Сүйінбайдан жалғасқан азаматтық поэзияның сарқылмаған бастауын көреміз, ақын сөзіне сенеміз. Ақын:
Сен тойғанмен біреулер аш қалып жүр,
Деп ойлама түбіндетеріңді алмас,–
деп аспаннан жай түскендей түйрейді, шен-шекпенділерді. Өмірдің диалектикасы, даланың диалектикасы осы, шариғаттың жолы осы. Әр нәрсенің зауалы бар, әр нәрсенің сұрауы бар. Жамбыл жай ғана ақын емес. Жамбыл күрескер ақын. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Жамбыл баба 61-дегі, сол кездегі тіркеспен айтсақ, шау тартып қалған кезі еді. Бірақ ақын жүрек, ақын тілек Жамбылды үнсіз қалдыра алмады. Ақынның дауысы зор естілді, оның дауысы Қастек, Қаскелең асып, Жетісу – бойында қаулаған
өрттей ду ете түсті.
Ақын аңсаған Азаттық келгенде Жамбылдың өлеңі де өзгерді, жыр шумақтары да түрленді. Ақын Кеңес Үкіметі әкелген жақсылықтарды кәрі жүрегімен, ақындық сезімімен қабылдады. Ақын бақытқа кенелді, ақынның жыры шуақтанды. Ал неміс фашистері ойран салғанда ерттеулі атқа қайта мінді, ақын жүректен шыққан сөздер жауға снаряд секілді атылды. Әрине, бұл теңеу сөз. Бірақ шындық. Жамбылдың атақты «Ленинградтық өрендерім» жыр-плакаты, жыр жолдауы 1941 жылы неміс фашистері Ленинградты блокадаға алып, тас құрсауға айналдырған кезінде жазылды. Бүгінде Санкт-Петербургте Жамбыл атындағы көше, ақын ескерткіші тұр. Жетісудің жеті өзеніндей ескерткіш алдында су ағып жатыр. «Ленинградтық өрендерім» өлеңінің шумақтары жазылған әріптер сол сумен бірге шоршыған хан балықтай күнге шағылысып, көз тартады. Қашан барсаң да Санкт-Петербургтегі Жамбыл баба ескерткішіне гүл әкеліп жүрген адамдарды көресің. Жүрегі қартаюды білмеген Жамбыл халықтың нағыз ақыны екенін осындай сәтте ерекше сезіне түсесің. Өлең Жамбылдың атын шығарды, Жамбыл өлеңнің киесін
көтерді.
Бұл – талассыз шындық.
Қор болмаймын өлгенше,
Өлеңіме-ақ сыйындым,–
деп жырлап еді ақын баба осыдан тұп-тура жүз бір жыл бұрын. Иә, Жамбыл баба сыйынған өлең Жамбылдың есімін асқақтатты. Мұны ақын-жүрек сезді. Сезіп қана қоймай өлеңмен өрнектеді.
Өлеңмен ойып оюды,
Сөзді мініп желдедім, –
дейді ақын. Жүйрікті, сәйгүлікті, жорғаны, тұлпарды мінгенді білетін едік. Ал
сөзді мінген Жамбыл ғана. Жарықтық, қалай, қалай көсіледі. Міне, өлеңнен ою ойған Жамбыл осы! Қазақтың ұлы тұлғалары көп. Олар қазақтың тарихында алтын әріппен жазылып, ұлттық мақтанышымыз болып қала бермек. Ал ұлт өркениетінің тарихында қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы Абай мен халықтық, авторлық ауыз әдебиетінің энциклопедиясына айналған Жамбыл Жабаев, қазақ Егемендігінің алтын тұғырын ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев мәңгілік Қазақстанның символы болып, ұлттық өлшем болып қала береді.
Жамбыл бабам:
Уа, әлеумет, құлақ сал!
Қария Жамбыл жырласын!
Мен сөйлемей кім сөйлер,
Заманам менің сырласым, –
деп еді. Заман өзгерер, уақыт зымырар, бірақ өзгермейтін бір-ақ нәрсе, ол құрыштай құйылған Жамбыл бабаның өлеңдері.
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, профессор.
Әуез Ақдидар
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистрі