Білімді болуға ұмтыл
Білу дегеніміз – жеңу. Ғылым, білім – тоғышарлыққа ем.
Білім – адамның ақылын қозғап отыратын керемет күш, адамзат ақиқатқа баратын жолда білу арқылы жапа шегіп жатады. Тоғышарлық болса – ештеңеге күдіктенбеуімен, ештеңені білмеуімен, білгісі келмеуінен, солай бола тұра, бәрін білемін деуімен мықты болғысы келеді. Білімділік – күдіктену арқылы көзіңнің жетуіне, тоғышарлық –тоңмойындыққа алып келеді.
Исаак Ньютон өлерінде былай депті: «Мен Ұлы мұхиттың жағалауынан бір ғана кішкентай тас тауып алған балаға ұқсаймын, таптым да қуандым… Ал ол мұхиттың жағалауы мен түпсіз тереңінде сол секілді тастар қаншама» . Омар Хаямиың соңғы сөзі былай: «Алла! Мені өзің берген білімім үшін кеше гөр!».
«Қазақтың тарихы келте, жөнді сақталмаған» дегенді көп айтамыз. Бір өзі мыңға, миллионға татитын Абайымыздың қадіріне де енді жеткендейміз. Мен қазақты үшке бөлер едім: Абайды оқығандар, Абайды оқысам деп жүргендер және Абайды оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар деп.
Ең жоғарғылар – туғаннан біліп туғандар, келесісі – оқып барып, танып-білгендер, одан кейінгісі – тал қармағанда ғана оқитындар, одан төменгі адамдар оқу керектігі ойына кіріп те шықпайтындар. Олар – надандар. Ал надандар – тірі өліктер.
Ең бағалы, табиғи тасты «алмаз» дейді, оны қырландырып, тәртіпке келтірген соң ғана гауһарға айналады. Гауһар үлкен, қыры көп болған сайын бағалы. Оқу-біліммен қырланған ақыл да солай.
«Білім – күш» дедік. Шын мәнінде, білім бар болғаны – кілт қана, оның орнын тауып қолдана білсең ғана күш-қайратқа ие боласың.
«Білімсіздік – бұл ымырт, оны жамандық кезіп жүреді. Көшені жарықтандыруды ойласаңыздар мархабат, ең бастысы, ақыл ойды ағартуды ойласаңыздар екен», – дейді Виктор Гюго.
Құр оқи бергенмен, ештеңе шықпайды, әлсін-әлсін ойыңды қозғап қой, пайдаланылмай қалған ақылды тот басады.
Көп адам өзінің не тындырып жүргенін, ақыл-қабілеті қай деңгейде екенін біледі. Көп білген сайын адам білім-танымға тойымсыз келеді.
Мұхаммед пайғамбар мен дана Шәкәрімді тау-тас кездіріп, ойландырған – сол білім-танымға асықтық. Осыған керісінше, кейбір адам аз білген сайын өз-өзіне риза және көңілі тоқ болып келеді.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», – деген Әл Фараби бабамыз.
Неміс халқында бала тәрбиелеуде екі ерекшелік бар, біріншісі: баласымен тең кісідей сөйлеседі, сөйлесе отырып, мүмкіндігін байқайды, осал жерін байқатпай жөндеп отырады, екіншісі: баласын ең негізгі нәрсеге – сөйлеп тұрған адамның мінезіне, дауыс екпініне, қысқасы биязы-оспадағыларына қарамастан, тыңдай білуге үйретеді. Себебі, тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады.
Біреуден үйрену үшін, оған да үйрете алатын бір нәрсең болуы керек.
Оқыған, естіген жақсы ойды, пайдаларыңды тарата жүр, «менен басқа ешкім білмесің» деме. Ағаш саған өзінің саясын, жемісі мен гүлдерін беріп тұрса, «мен ғана пайдаланамын» деп түбімен көтеріп әкетсең, солады.
ҚазҰУ, « Қазақ әдебиет және әдебиет теориясы» кафедрасының
профессоры Баймырзақызы Сәуле
«Қазақ тілі мен әдебиет» мамандығының 2 курс
Студенті Ишанова Ақниет Алпысқызы
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718