Тұңғиықтан жарыққа ұмтылу
Қараңғы қызық көгіне өрмелеп шығып күн болуға, білім жарығын себуге ұмтылған тұлғаның бірі Ахмет Байтұрсынов еді. Қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының мүшесі, ғалым, әдебиетші, ақын, аудармашы. «Ұлт ұстазы» деп құрметтелетін дана да, дара тұлға.
Ахмет Байтұрсынов ұлы Ресей патшалық үкіметінің қазақ халқына әділетсіз қатынасын көріп өсті. Әкесі жазықсыздан жазықсыз Сібірге айдалды. Әкесі Байтұрсынның арманы – баласын оқыту еді, оның ішінде орысша білім алғанын қалады. Себебі тіл білмегеннің кесірінен, өзінің кінәсіз екенін заң жүзінде дәлелдеп бере алмады.
Ахмет бала кезден орыстың шынжау солдатының қазақтың ең мықты деген жігіттерін қорлағанын көріп өсті. Оның Торғайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебін аяқтап, Орынборға оқуға келгенде мақсаты айқын болды.
Оның қаруы бұрынғы көшпенді халықтың сойылы мен қылышы емес, кез келген жүрекке жететін, рухын оятатын Сөз еді. Сол қазақ зиялыларының сөзін жеткізу үшін «Қазақ» газетін шығарды. Крыловтың мысалдарын аудара бастады. Кейін «Қырық мысал» кітабы Патша үкіметі тарапынан халыққа зиян әкелетін кітап деп танылды. Оның үстіне бір топ қазақ зиялылары жазып, 14 500 адам қол қойған «Қарқаралы» петициясы Ахмет Байтұрсыновтың басына қара бұлт болып төнді. 1909 жылы шілдеде Ахмет жоғарыда аталған әрекеттері үшін түрмеге қамалды.
Сегіз айдан кейін Семей түрмесінен босатылып ерекше үкіммен Орынбор қаласына жер аударылады. Ерекше үкімге сәйкес Ахмет Байтұрсынов туған елінде екі жылға дейін тұру мүмкіндігінен айырылады және полицияның бақылауында болады. Бірақ соған қарамастан осы кезең Ахмет Байтұрсынов үшін шығармашылыққа толы кезең болды. Ол кітапханада ұзақ отырды, достарымен, пікірлестерімен жақындаса түсті.
Ахмет Байтұрсынов халықтың бай ауыз әдебиетін жинауда, оны кітап етіп шығаруда көп еңбек сіңірді. Ол өзінің аз-кем демалыстарында халық арасында болып, үлкен адамдардың айтқан аңыз-әңгімелерін тыңдағанды жақсы көретін. Сол аңыз-әңгімелерді өз оқушыларына айтып беретін.
Сан ғасырлар бойы кең байтақ даланы кезіп жүріп, тірі қалған халқының білімге, ғылымға ұмтылмайтыны қынжылтады. Ханының да, қарасының да білімге ұмтылмай, озық технологиялар заманы келгенде қорғана алмай патшалық Ресейдің қол астына кіргенін түсінеді. Енді сол сан ғасырлық еркіндікке, тәуелсіздікке жету үшін өзгеге құл болмай білімге, жарыққа ұмтылу керегін айтып дабыл қағады.
Ахмет өзінің «Қазақтың өкпесі» деген мақаласында қазақтың жай-күйін айтып шыңғырады. Себебі мақала шын мәнінде оның жан айқайы еді. «Халық қазір жарық әлемге өкпелі. Қазаққа тиесілі жерді ішкі Ресейден ағылған мұжықтарға бергені үшін үкіметке өкпелі.Қазақтың жерін қазынаға өткізуге келіскен өмірден өткендеріне өкпелі».
«Қазақтар өз-өзіне би болған заманда өзара қырылысып, білімге құштарлық таныстқан жоқ. Қазақтың жерінің қазынаға өткенінде жақсылық бар. Әйтпесе көрші башқұрттар құсап, жерін сатып өздері қаңғып қалар еді. Қазақтың өзінен басқа өкпелеуге беті жоқ» деп қорытады. Осы мақала оқыған қазақ зиялыларының арасында жақсы пікірлерге ие болды.
Далада өмір сүрген қазақтар сауатсыздығы кесірінен өзгелерге жем болып жүргені айтылады. Сотты болса, сайлауға қатысса да елді алдаған қулардың арбауына түсіп, бар байлығынан айырылып жүрген де қазақтар деп ашына жазды.
Қазақты жаңа биікке алып шығатын тек білім. Сондықтан халықты ағарту, олардың ұйықтап жатырған санасын ояту үшін қазақ зиялыларының маңдай тері ғана төгілмеді. Өмірлері де қиылды.
Тар қапаста отырып, өз еркіндігін аңсамады олар. Олар аңсағаны артында қалған халқы еркіндікке жетсе екен деп тіледі. Ұлт зиялылары бір-біріне сатқындық жасамады. Тар қапастағы үні қараңғы түнді жарық еткен найзағай жарқылындай жарқылдаса екен деді. Өлімге кетіп бара жатқан сәтінде де аяғындағы қорқыныш дірілін басып, даладан естілген күннің күркіріне күлімсіреген оны түрме қарауылдары түсінбесе де, бүгінгі ұрпақ түсінеді деп ойлаймын. Оның ұзын дәлізде кетіп бара жатып көлеңкесі қанатын қомдап ұшқалы тұрған бүркітке ұқсады. Ахмет өз мақсатын әкесінің арманымен ұштастырып, елі үшін қызмет етіп, алған білімін халқына бере білді.
Исламбек Ибраймов
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология факультеті , “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының 4 курс студенті
Райхан Имаханбет
ф.ғ.к., аға оқытушы