«Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!»
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған
қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын
орта мектеп- интернатының тәрбиешісі
Бекмуханбетова Жібек Токановна
«Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!»
Жер бетін жалпағынан басып жүрген пенделер де, төрткіл дүниені аузына қаратқан даналар да, қылышнан қан тамған бабалар да, тілінен бал тамған ақындар да бір жанның алдында мәңгі қарыздар. Ол – ұлтының ұлы перзенттерін осынау жарық әлемге әкелетін, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін, теңдесі жоқ құдіретті Ана!
Жүрек тебірентетін, қасиетті «Ана» сөзіне әлемнің әуені тең келмес. Қадірі мен қасиетін түсініп біту мүмкін емес.Түн ұйқысын төрт бөліп, перзенті үшін өл-өлгенше жанын беретін жақұт екеніне шүбәм жоқ. Дүниеге шыр етіп келген сәттен баласын бауырына басқан ана жүрегі, ғұмырының соңына дейін толассыз махаббатқа толы болады. Ана алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие. Жүрегінің кеңдігі сондай өз баласына ғана емес әлемнің баласына да орын бар.
Бүгінде бар мейірімін баласына арнаған анаға,перзенті бір жылы сөз арнай алмайды. Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орны жылы үйдің төрінде емес, қарттар үйінің босағасында өтіп жатыр. Немересінің маңдайын сүйіп, қылығына қызыға қарайтын жасында, баласының жолын тосып, терезеге телміріп отыр… Иә, бұл заманның қасіреті, өзегіңді өртейтін ащы шыңдығы. Ал,ата-анасының мейірімін бағаламаған, өздерінің жарық дүниеге келуіне себепші болған адамдарға қатыгездік танытқан ұрпақты кім дейміз?! «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды. » Анаға құрметсіздік жасау келсе тек хайуанның қолынан келер. «Жақсылықты алдымен үш рет анаңа қыл, сосын әкеңе қыл!» деп соның ішінде ананың орнын баса айтты емес пе?«Жұмақ аналардың аяғының астында» деген саналы ұрпақ боламыз десек анаға деген құрметтен бастаған абзал болар сірә!
«Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың» деп дана қазақ текке айтпаған. Баласының қолына кірген тікен, ана жүрегіне мұз болып қадалады.Баласы үшін шыр – пыр, әлек болады. Расында аялап баққан, қатарынан кем болмасын деп, аузынан жырып беретін аяулы анамыздың қарызын өтей алмаймыз. Түн ұйқысын төрт бөлген түндерін қайтара алмаймыз. Бірақ , анаға деген құрмет пен кіршіксіз махаббатты лаулата аламыз! Ана алдындағы борышымызды абыройлы атқару перзентік парызымыз екенін жадымыздан шығармайық.
«Бәрі де Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,Бір өзіңнен басталды,» – деп Қадыр Мырза Әли атамыз айтып кеткендей, Аяулы ана осынау теңдесіз өмір бастауы. Олар жайлы қанша жыр жазсақта мейір – махаббатын, сүйіспеншілігін сөзбен жеткізе алмаймыз. Жердегі жәннәтіміз қасымызда болса төрт құбыламыз сай, көңіліміз жай, бізден асқан бақытты пенде болмас.Жалғыздықтан асқан жамандық бар ма? Ал, мынау жалған дүниеде ананың мейіріміне қанбаған, ананың аяулы алақанын сезбеген,жылуын аңсаған перзенттері қаншама. Жетімдердің қанатынан үзіліп ән самалы, анасыз болған өмір, ұқсайды болмағанға. Көл болып төгілен жетімдердің көз жасы шер мен сырдың көлеңкесі ғой. Олар біздегі байлықтың қадір- қасиетін жақсы түсінеді.Ең бақытты адам – анасы бар адам.Қолда бар бақыттың қадірін түсінсек нұр үстіне нұр болар.Азаматтыққа аттанар жолдың алғашқы қадамы – ананың, ата-анаңның барына шүкіршілік қылу.
«Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!»-, деп Төлеген Айбергенұлы жырлағандай, ананы сыйлау үшін байлықтың да, дүниенің де, даналықтың да еш қажеті жоқ.Ең бастысы жүректегі анаға деген махаббат, ата – анаға деген құрмет болу керек. Алланың разылығы – ата-ананың разылығында.Әрқашан ата – анамызға құрмет қылып, ақ батасын, разылғын алайық.
Адамзат үшін асыл қазына аяулы аналардың жүрегіне қаяу, көңіліне кірбің түсірмейік! Жер бетіне жақсылық нұрын себетін аналарымыз аман болсын!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718