Сыйынар ем ана деген тәңірге
Аяулы да қымбатты аналар мен аруларымыздың мерекесі 8 наурызға 2-курс «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы білімгерлерінің кафедра ұстаздарына арналған «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты іс-шарамыздың сценарийін ұсынамыз:
Мерекелік кештің басты мақсаты: Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға қуаныш сыйлау. Білім алушылардың оларға деген ізгі ниеттерін көрсету.
Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, ұлағатты сөздер, суреттер, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.
Кештің барысы: Қонақтарды кешке шақыру, оларды қарсы алу, тілек білдіру, өнер көрсету, құттықтау сөздер, қорытынды сөз, жалпы қорытынды жасау.
1-жүргізуші: Армысыздар, аяулы да құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!
2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті кафедрамыздың ұстаз, қыздары! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым біздердің жанымызда жүре беріңіздер.
Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, – дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді …….) береміз.
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
(«Ана» өлеңі қойылады)
1-жүргізуші:
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып білімгерлердің жүрекжарды тілектерін ұсынамыз.
Жора Гүлімжан: Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.
Көбей Аяжан: Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар –
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.
Жанабек Гүлсім : Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ергешова Малика: Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.
Адилхан Толғанай: Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Бұйрабай Жансая: Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.
2-жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп, Абай атамыз айтқандай топ білімгерлерінің орындауындағы хормен «Ана» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды… Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады»- деген екен орыс жазушысы Пирагов.
2-жүргізуші: Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар-әрқашан өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,- деген.
1-жүргізуші: Мұхаммед пайғамбар айтқан: «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп. Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.
2-жүргізуші: Талай ренжітсек те, еркелігімізді көтеріп, туған анамыздай маңдайымыздан сипай білген ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың еңбегі ұлан-асыр мұхитпен тең.
1-жүргізуші:
Десек те уақытпен жарыспайды,
Қиялға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,
Өнерін аналарға бағыштайды, – дей отырып келесі кезекті көркем сөзге береміз.
1.Іляс Оразгүл: «Ана» өлеңі
2.Есен Гүлназ: М.Мақатаев «Ана сен бақыттысың»
1-жүргізуші: «Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші.
2-жүргізуші:
Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр. Ендігі кезекті топ білімгерлері Бакарам Аяулым,Абай Аяжан,Серикбаева Аружан үш тілдегі құттықтау сөзіне кезек берсек.
1-жүргізуші:
Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік!
Мерекелік кешімізді қорытындылау сөзді аға оқытушы, топ тәлімгері:Нурманова Ж.К. береміз.
2-жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше
Осымен іс-шарамыз аяқталды.
Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші! Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар! 8 наурыз құтты болсын!