ШӘКӘРІМ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ АБЫРОЙ, НАМЫС, ҰЖДАН ҰҒЫМДАРЫ
Данат ЖАНАТАЕВ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
философия ғылымдарының кандидаты
Бекет ӨТЕГЕН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1-курс магистранты
ШӘКӘРІМ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ
АБЫРОЙ, НАМЫС, ҰЖДАН ҰҒЫМДАРЫ
Қазақ философиясында кәсіби философ ретінде танылған ойшыл дана Шәкәрім Құдайбердіұлының көзқарастары болды.
Абырой – өз борышын жан-тәнімен орындаудың жоғары әлеуметтік құндылығын түсіну және оны қоғамдық көзқараспен тану. Абырой категориясы мен намыс категориясы тығыз байланысты. Яғни, намыс – адамгершілік қасиеттердің ең бағалы көрінісінің бірі.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өз шығармаларында абырой, ар мәселелерін көп қарастырған. Сонда ар, ұждан деген не? Оның абырой, намыс сөздерімен қандай байланысы бар?
Қазіргі кезде «Ар» сөзіне ғылыми тұрғыдан анықтап қарайтын болсақ, «Ар – адамгершілік сана, этика-философиялық категория. Адамгершілік (адамшылық, адамдық) қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым-өлшем болса, ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қисиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар» – дейді А.Тоқсамбаева (Шәкәрім энциклопедиясы). Ал енді, «ар» ұғымы Шәкәрім философиясында қалай көрсетілген, оны қалай талдаған?
«Ынсап, ұят, ар, рахым, сабыр, сақтық –
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық…» (Талап пен ақыл)
«…Сабыр,сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан». (Талап пен ақыл)
Міне, Шәкәрім шығармаларын қарасақ, ар мәселесіне қаншама өлең жолдарын жазып, тура ойларын айтқан.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» атты фәлсафалық трактатында сонау Пифагор дәуірінен бастап адамзаттың адасқандығы туралы айтқан. Ол еңбегінде «Біздің атақты деп жүргендеріміздің дені адасушылар. Біразы адасып жүріп жол табушылар, ал бір парасы адамзатты одан әрі адастырушылар. Білемін деп білмей сөйлеушілер, түсінемін деп түсініксіз кітап жазушылар. Жаратушының алғашқы білімін қиратушылар. Ақылдымын дегендер менмендікке салынып, адамзаттың алдағы замандарда ашар есіктерін жаптырушылар» – деп айтады. Яғни, Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегінде не туралы айтылған? Жалпы анық деген не?
Ол ең біріншіден Конттың «позитивизм» ілімін қарастырады. Яғни онда «біз көзімізбен көріп, физика ғылымымен тексеріліп анықталғанға сену, ал көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық» – деген. Шәкәрім Конттың позитивизмін «анық» деп аударып қарастырады. Сонда қазіргі анық деп танып отырған дүниенің барлығы да анық па? Өз қолымызбен ұстап, көзімізбен көрген нәрсе анық па? Әлде анық сөзінің мағынасы мүлде бөлек пе? Шәкәрім осылай анық жолын күрделі қарастырады.
Бірінші анық – Жаратушы білімі. Жаратушы – Алла. Ол шексіз. Адамзаттың осы уақытқа дейін табынып жүрген от, топырақ, пұт секілді нәрселерін жоққа шығарады. Яғни, атом – қозғалыста болатын нәрсе. Ал қозғалыстағы дүниелер шекті болып келеді. Ал Жаратушы – шексіз. Абай атамыздың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлең жолдарына қосылып, Жаратушының білімі, құдыреті, шеберлігі – абсолют. Абсолют ұғымын Шәкәрім өлшеуі жоқ нәрсе деп қарастырған. Жаратушы абсолют – онтология; Жаратушы білімі абсолют – гносеология. Жаратушы өзі де,білімі де – тұтас абсолют.
Екінші анық – Жан. «Мен жанды былай түсінемін: біз дененің түп негізін тексергендей жанның да түп негізін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Ғылым жолында әлденеше өзгерсе де, дененің еш нәрсесі жоғалмаған секілді, жанның да еш нәрсесі жоғалмайды» – дейді. Жан баста бар болса , тұрған денесі орын болуға жарамағаннан соң, денеден шыққан кезде біржола жоғалып кетпейді, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлығының ішінде бар болып жүреді. Жан әр түрге түседі: инстинкт – сезімді жан; сознание –аңарлық жан; мысль – ойлайтын жан; ум – ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады дейді. Жанның бұлай болуы дене секілді жан да өсіп-өніп жоғарылайды.
Үшінші анық ретінде – ұждан мәселесін қарастырады. Ол – Шәкәрім философиясының негізгі категорияларының бірі.
«Ұждан – екі өмірдің азығы»; «Ұжданды ақыл» идеясы Шәкәрімнің философияға қосқан үлкен үлесінің бірі.
«…Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім. Яғни, «Абайдағы – ынсап, әділет, мейірім» үшеуін қосып айтқанда мұсылманша – ұждан, орысша – совесть». «Бұл не? Бұны ұстап тұрған кім?» деп қойған сұрағына өзі «ұждан адам жанының басты қасиеті, онсыз жан тірексіз қалады, адам адамгершіліктен айырылатынын» – айтады. «Үш анықтың» алғашқы екеуі анық, рухқа келгенде әлгі екеуіндегідей анықтық жоқ, бірақ ұжданға нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, жан тазарта алмайды. Керісінше, ұжданы сол адамның азығы болса, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды. «Меніңше, совесть –жанның тілегі. Неге десеңіз, жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын шынға жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауды керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез ой істерін керек қылады. Соның қатты керегі совесть – ұждан. Оны осы өмір үшінде, соңғы өмір үшін де керек қылады. Себебі, егерде бұл осы өмір үшін ғана керек болса, ол не пайда, не мақтан үшін болады. Ол жоғарылаудың ең жоғарғы жәрдемі» – дейді Шәкәрім.
Ол өз философиясында басқа да ғалымдардың еңбектерін аударған. Соның бірі – Лев Толстой. «Таңбаймын, шәкіртімін, Толстойдың, Алдампаз, арам сопы кәрі қойдың. Жанымен сүйді әділет,ардың жолын, Сондықтан ол иесі терең ойдың…» – деген сөздерінен Шәкәрімнің Толстойға тұлға ретінде құрметпен қарап, екеуінің эстетикалық көзқарастары сәйкес келетініні туралы айтқан. Ол Толстойды «әділетті, ардың жолын таңдаған» деп көрсетеді. «Орыс, қазақ – адамның бірі бірдей, Ешкімді алалама оны білмей, Кем-кетікке болысу – ар міндеті, Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей» – деген сөздері «Алты әңгіме» атты шығармасында «Ар ілімі» концепциясының талданатының көрсетеді. Шәкәрім танымал «Үш анық» еңбегінде: «Еңбекпенен,өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл,қайнар өмір
Ар ілімі оқылса» – деп, «білім беру саласында «ар білімі»деген білім оқытылуы тиіс деп ойлаймын» – деген ойларын айтып өтеді.
«Екінші мінез – намысқорлық екен…» (Абайдың 39 қарасөзі)
«Ар демек – адамшылық намыс деген,
Арың кетпес жағыңа қарыс деген.
Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,
Сөз емескүншіл болып,алыс деген.
Намыс сол – өзің қорлан кемдігіңе,
Құрбынмен ұмтылып бақ теңдігіне. Алмай өз алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзің ізден еңбегіңе». (Талап пен Ақыл)
Шәкәрім философиясында ар-ұждан, намыс мәселелері ғана емес, заман шындығы, халық жағдайы, ел қамын жан – жақты қарастырылған. Тіпті бір өлеңінің өзінен жан, тән, рух, абырой, ұят секілді бірнеше мәселелерді кірістіргенін байқауға болады… Міне, осыдан кейін Шәкәрімнің қазақтың тұңғыш «Кәсіби философы» деген атағына қалай сенбеске?…
Әдебиеттер:
1. Нысанбаев Ә.Н., Барлыбаева Г.Ғ. Қазақ философиясының тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін). – Алматы, 2015.
2. Ш.Құдайбердіұлы. Қазақ айнасы. –Алматы, 2008. – 286 б.