Сабақтың тақырыбы: Ертегі айта білеміз бе?
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты
сынып тәрбиешісі: Жаппарова Мадина Мүсірәліқызы
Сабақтың тақырыбы: Ертегі айта білеміз бе?
Сабақтың мақсаты: “Ертегі” ұғымын кеңінен ашу, шығу кезеңдері туралы түсінік беру. Ертегінің танымдық, тәрбиелік мағынасымен танысу.
Демонстрация арқылы бірден видео қосылады (Аяулым)
Шерхан: Қош келдіңіздер,құрметті ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі өткелі отырған тәрбие сағатымызда көргенімізге қуаныштымыз. Бәріміз де кішкентайдан әжелеріміздің ертегілерін тыңдап өстік.Міне,бүгін де біз әжелерімізді еске түсіріп,бірге ертегі әлеміне сапар шегеміз.
Видео-роликте көрсетілген суреттер, талантты шәкіртеріміздің өз шығармашылықтарынан.
Талшын: Әжем менің көп біледі ертегі,
Ерінбестен ертегіні шертеді.
«Ерте,ерте, ертеде» деп, бастайды,
Бірнешеуін қабат айтып тастайды.
Еліктіріп,ертек бізді баурайды,
Қызықпасқа ешбір лажың қалмайды.
«Айта берсе екен» деп,
Отырамыз «Ұйқыға әлі ерте» деп.
Шерхан : Тәрбие сағатымыздың шымылдығын домбырамыздың әсем үнімен бастайық.
Камашев Сырымның орындауында «Адай» күйі (демонстрация)
Талшын: Ертегі ұғымымен танысу үшін сыныбымыздың оқушылары дайындаған бейне-роликке назар аударайық.
Видеода айтылатын сөздер:
Шалқар: Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.
Толғанай: Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем–эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды
Аяжан: Ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайыптың көркем бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады. Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады.
Айдана: Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классик. Ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар идеол. та қызмет атқарған. ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ.
Шерхан: Осы естіген мәліметтерден не түсіндіңдер, жаңа ақпараттар болды ма? (Жақсылық жауап береді)
Талшын: Ұстаздарымыз ертегіге бөленіп өскені белгілі. Әжелеріңіздің, аналарыңыздың ертегісін көп естіген шығарсыздар. Ендеше бірге еске түсірейік. (жұмбақтар жасырылады)
Хамза: Үйін жинап ертеңмен
Мейіз тауып алыпты
Мысығы келмеген соң
Ол өкпелеп қалыпты
Бұл қай ертегі ?
(Мақта қыз бен мысық ертегісі)
Аружан: Атай өзі салғанын
Көрді өсіп қалғанын
Ары тартты , бері тартты
Бірақ оны тарта алмады.
Бұл қай ертегі ?
(Шалқан ертегісі)
Әди: Апасынан қашып кетті
Атасынан қашып кетті
Кездестіріп біраз аңды
Біраз жолдан асып кетті.
Бұл қай ертегі ?
(Бауырсақ ертегісі.)
Шерхан: Лақтарым, шұнақтарым , ашыңдар есікті.
Аналарың келді сендерге сүт әкелді.
Бұл кай ертегі ?
( Қасқыр мен жеті лақ ертегісі.)
Жаннұр: Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т.
Тоғжан: Қазақ халқының ертегілерінің тақырыбы—туысқандық, бауырмалдық, мейірімділік туған еліне жеріне деген адалдық,жақсылыққа жақсылық, жануарларға деген аяушылық. Ертегілерінің мазмұны және мәтіні жағынан тартымды, тілі орамды. Ол кісінің ертегілеріне психологиялық-педагогикалық тұрғыдан көз салмай тұрып, ең алдымен “ертегі сөзінің мағынасына, шығу тарихына көз жіберсек. Фольклордың қара сөзбен айтылатын ерекше мол түрінің бірі- ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Ертегінің шығуы ХІХ ғ/ң ІІ-нші жартысынан басталады. Ғажайып қал, қиял әңгімелері орасан зор уақиғалы қызық әңгімелер, салт тарихпен байланысты оқшау әңгімелер, бәрі де ертегінің түрлері.
Арайлым: Ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді:
1)жануарлар туралы ертегілер;
2) қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер;
3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер;
4) тұрмыс-салт ертегілері. Сюжеттері тек қазақтың өзіне тән ертегілермен қатар, басқа елдермен ортақ сюжетке құрылған ертегілер де бар.
Толғанай: Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әр түрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі – миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен.
Аяжан: Миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, рудың тотемдік бабасы, ілкі атасы мен жасампаз қаhармандар туралы, олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап, бірте-бірте «қасиетті» сипатынан айрылған, құпия болудан қалған.
Асыл: Осының нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер басқа сипат қабылдаған, тіпті мифті айтушы бара-бара өз жанынан да қосатын болған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипаттан айырылған. Мифтің себеп-салдарлық белгісі жоғалған. Бірте-бірте мифтің бұрынғы масштабы тарылып, әңгіме жеке бір адамның тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға, содан соң ертегіге айналады
Талшын: Көрермендермен сұрақ-жауап
1)Ертегілердегі тілегіңді орындайтын сиқырлы зат?(Сиқырлы таяқша)
2)Сүйікті ертегіңіз қандай?
3)Ертегілерде жиі кездесетін жағымсыз кейіпкер?(Жалмауыз кемпір)
4)Қай ертегіні қайта оқыр едіңіз?
5)Ертегінің түрлерін ата?1)(жануарлар туралы ертегілер;
2) қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер;
3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер;
4) тұрмыс-салт ертегілер)
Айым: Әлемде ертегісі жоқ ел жоқ. Бірақ әр елдің, әр халықтың сол халықтың сарқылмас рухани қазынасы.Әрі ертегі арқылы біз өткен ата-бабаларымыздың ой-қиялдарын, тұрмыс-салтын, тіл байлығын білеміз. Әр ертегі тұнып тұрған тәрбие құралы. Мысалы, балаларға арналған ертегілер баланы адалдыққа, тапқырлыққа, адамгершілікке тәрбиелейді.Өкінішке орай қазіргі кезде радио, телевидение арқылы шетелдік ертегілер желісімен түсірілген көркем фильмдер, мультфильмдер жиі көрсетіледі.Ондағы кейіпкерлер есімі, жер-су аттары таныс емес және біздің менталитетімізге жат оқиғалар баяндалады.Ал, қазақ ертегілерін көру немесе тыңдау олардан көрі әлдеқайда тиімді.
Альбина: Ертегіге бай елдердің бірі – қазақ халқы. Қазақ фольклорындағы ертегілердің сан алуан түрлері бар. XIX ғасырдан бастап, қазақ ертегілерінің ғажап та көркем үлгілерін В.Радлов, Г.Потанин, И.Березин, А.Алекторов, П. Мелиоранский, Ш. Уәлиханов, Ә.Диваев сияқты белді де белгілі ғалымдар жинап, жариялай бастады. Қазақ фольклорының кейбір нұсқалары «Дала уалаяты», Айқап», «Туркестанские ведомости», «Тургайская газета», т.б. мерзімді баспасөз бетінде жарияланып келді. «Образцы народной литературы тюркских племен» атты 10 томдық жинақтарында В.В. Радлов қазак, қырғыз, ұйғыр, өзбек, әзербайжан сияқты кептеген Тұркі тайпалардың әпостық жырлары мен ертегілерін молынан жариялаған. Сонымен қатар қазақ әпосы мен ертегілерін жинап бастыру ісінде башқұрт ғалымы, профессор Әбубәкір Диваевтың еңбегі де елеулі.
Шерхан: Бекболат Толғанайдың орындауында, Кеңес Дүйсекеевтің «Ноктюрн» атты шығармасы.
Ғайни: Ертегілердің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшеліктері бар.Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиға желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады.Ертегі баяу басталып,оқиға желісі күрделене түседі.Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей келе әділдік, үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс табумен аяқталады.Әсіресе адам өміріне байланысты іс-әрекеттер өткір сықақ- мысалмен бірігіп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді.
Шалқар: Ертегінің , білім беру және тәрбие беру құралы ретіндегі алғашқы жазбаларды біз академик Мұхтар Әуезовтың еңбектерінен кездестіреміз. Ол ертегінің маңызды ролін барынша терең түсінді және ертегі балалардың оқуын, білімді меңгеруін оңайлатады деп санады.
Халқымыздың балаға тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі– ертегі.
Ертегіде – халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары, еңбек сүйгіштігі, дәстүрлері, отанға деген сүйіспеншілігі бейнеленген.
«Жақсылық пен Жамандық» ертегісі
Демонстрацияда ертегі видеосы қосылып тұрады. Оқушылар өз кейіпкерлерінің сөздерін айта береді
Қатысатындар:
Автор – Тоғжан
Жақсылық – Ғани
Жамандық – Мырзаәли
Қасқыр – Ғайни
Түлкі –Айым
Арыстан – Дархан
Көрген ертегіден қандай ой түйдіңіздер?(Жаннұр мен Айдана жауап береді)
Өлеңдер
Жаннұр Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді –
Ертегіні тәуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем, жасымда
Шешем маған айтпапты еш ертегі.
Балалық-ай – жамау-жасқау көрпелі,
Ақауы бар көңіл енді дертеді.
Айтпайын деп айтпады ма – мұршасы
Болмапты ғой айтар оның ертегі.
Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін,
Сәби көздің жасын өзің сүртесің,
Таңсәріде кететін ол шығырға
Әкеміздің киіп солдат күртесін.
Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.
Кешке келсе, күтіп оны тұратын
Жанбаған от, сауылмаған сиыры.
Парыз-бейнет босатпайды арқаны,
Отын шауып, диірменін тартады.
Су әкелу, тезек теру аз болса
Мүгедек боп оралған жар бар тағы.
Қалай бәрін үлгертті екен, есепте!
Қалай ғана тесілмеді қос өкпе?
Ертегі боп ұйқыны бір қандыру –
Әзер жетіп жығылатын төсекке!
Ертегіде жібердің деп есені
Жазғыруға болмайды енді шешені.
Апашымның азайғанда бейнеті,
Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!
Қартайды ана.
Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі
Жүз жасайтын кейуаналар жайында
Мырзаәлі: Шырша маңы
Сынысады
Шұбырған аң әдемі.
Қызықтырып,
Сыр ұқтырып
Ертегілер әлемі.
Бейнелеп бұл,
Он екі жыл,
Оқушылар қолымен.
Аңыз – шындық,
Айтса жыр ғып,
Көрем өмір төрінен.
Тоғжан: Бұлттар қалқып барады,
Өзен шалқып ағады.
Құстар қанат қағады,
Балалар не табады?
Ертегілер елінде,
Ғажап гүлдер төрінде,
Бір сиқыршы хош әні,
Достарым деп тосады.
Асық, мейлі асықпа,
Ол жер мүлде қашықта.
Талай белден өтесің,
Талмай жүрсең – жетесің.
Жайдары жарқын
Күлімдеп әр күн,
Нұр болып шашыл,
Гүл болып ашыл.
Сонда жұпар есілер,
Барлық жұмбақ шешілер.
Онда би боп бір өзің,
Айға мініп жүзесің.
Кіріп алтын сарайға,
Тынығасың тоғайда.
Онда теңіз түбінде
Жатыр жұмбақ күбің де.
Кім қақпағын ашады –
Арманы іске асады.
Ернар: Адамның балалық шағы ертегімен тығыз байланысты. Біз әжемізден ертегі айтып немесе оқып беруін жиі сұраймыз. Сиқыры бар оқиғаларды тыңдауды тағаттана күтеміз. Көңілді де аянышты, қорқынышты да күлкілі ертегілер бізге біраздан таныс. Олармен біздің әлем туралы, жақсылық пен жамандық, әділет туралы алғашқы көзқарастарымызды қалыптастырамыз. Бір қарағанда жәй кішкентай ғана әңгіме сияқты, ал шын мәнінде осы әңгімелерде халық даналығы, мейірімдік пен зұлымдық туралы қаншама түсініктер жатыр. Дархан: Қазақ ертегілері мейірімділікке, адалдыққа, әділеттілікке үйретеді. Жамандықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тәрбиелейді. Әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді . Әр ертегі тұнып тұрған тәрбие құралы.
Әділжан: Қазіргі таңда жаңа технология дамыған заманда балалардың қиялынан тек қана робот машиналар немесе роботтар деген қиял ғана туады. Олай дейтін себебім телеарналардан көбінесе шетелдік ертегілер көрсетіліп жұр. Ал қазақ ертегілері – тәрбиенің айнымас көмекші құралы, олар бізге түсінікті тілде өмір туралы, қиын жағдайлардан шығу жолдарын көрсетеді. Балаларымыз,жас ұрпақ тәрбиелі болуы үшін күнде ертегі айтсақ та,артық емес. Ертегі-тәрбие бастауы.
Шерхан:Бала тәрбиесінде ертегінің атқарар рөлі зор. Оны ертеден – ақ тәрбие құралы ретінде қазақ халқы ғана емес, барлық ұлт өкілдері қолданып келеді. Әйтсе де, ата – ана кез келген ертегіні балаға айта беруге болмайтынын және ертегіні де дұрыс аяқтау керек екенін білгені дұрыс.
Талшын: Балаға өмірдің құндылығын түсіндіреді.Өмірде орын алатын әртүрлі жағдайларға көзқарасын қалыптастырады; Еңбексүйгіштік, адамгершілік қасиеттеріне тәрбиелейді.Жақсы әдеттерге үйретеді.
Тастекей Аружан «Ертегілер» әні
Шерхан: Бүгінгі тәрбие сағатымыз арқылы ертегі туралы түсініктеріңізді кеңейтіп,тың ақпараттар беріп қана қоймай, «Жақсылық пен Жамандық» ертегісі арқылы жақсы ойлар қалыптастыруға себепкер болдық деп ойлаймыз.
Талшын: Бүгінгі тәрбие сағатымызда көргенімізге қуаныштымыз. Шуақты күндерде кездескенше. Ең бастысы ертегі оқи жүрейік,өзгелерге де кеңес берейік!