Қызықты ұлттық ойындар

Алматы облысы
Талдықорған қаласы
Дене шынықтыру нұсқаушысы
Максутова Перизат Джилкибаевна

Қызықты ұлттық ойындар

         Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ойын жатады. Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып.
Енді өзімнің іс-тәжірибеме келетін болсам, мен балабақшада бірінші және екінші кіші топ балаларымен «Әке-шеше», «Тақия тастамақ» және «Оқтау тартыс» атты қазақтың ұлттық ойындарын жиі пайдаланамын. Мысалы «Әке – шеше» ойынына келетін болсам, бұл ойынды көбінде енді ғана қара табан болып оң, сол тани бастаған балалар екі топқа бөлініп алып бір-бірінің етегінен ұстап айналып жүрген сайын:
-Әкеке, шешеке,
Әкеке, шешеке, – деп қайта-қайта айтып, екі топ бір-біріне қарама-қарсы тоқтаған кезде бірінші топтағы балалар:
-Әкем етті еңбек,
Бақыт, байлық бермек, – деп тақпақтаса, екінші топтағы балалар оған:
-Шешемде ақыл мол кені, ақылды адам бол деді,- деп жауап қайырады.
Онан соң екі топ:
-Әкеке, шешеке,
Әкеке, шешеке,- деп әндетіп бір айналып келіп, қайта қарама-қарсы тұра қалып бірінше топ:
-Әкем берді базарлық, мен істедім тазалық,-деп тақпақтағанда, оған екінші топ:
-Шешемде ақыл мол кені,
Әдепті бала бол деді,- деп жауап қайтарады.
Ойын осы қағида бойынша бір жағы жауап таба алмай, жеңілгенше жалғасады. Жауап таба алмаған топ жеңілген болып есептеліп, топтың ән айтып, би билеп ойын көрсетеді.
Бұл ойынның ғылыми және тәлім тәрбиелік мәні өте жоғары, яғни, балалар екі жолдан өздері құраған осы бір өлең жолдарында әрі поэзиялық, әрі үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Бұл ойын балалардың поэзиялық қабілеттерін арттырып, өлең құрағыштыққа, сөз тапқыштыққа баулып, ана тілдеріне жаттықтырады. Балалар бір-біріне еліктеп, бір-бірінен үйреніп, өнер-білімді қадірлейтін жақсы азамат болып жетіле әрі еңбексүйгіштікке баулиды. Еңбек пен өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттырады.

Іс тәжірибемде қолданып жүрген келесі ұлттық ойын « Тақия тастамақ» деп аталады. «Тақия тастамақ» ойыны. Ойын шарты: балалар шеңбер бойымен жағалай отырып, ойыншы болып сайланған бастаушы бала өлең сөздерін айта жүріп қимылмен «тақияны» бір баланың артына қояды.

Ойым бар бір ойын бастамақ,
Аты оның «Тақия тастамақ».
Шеңбер боп отыра қалыңдар,
Ым қағып жүрмесін қас-қабақ.
Ақырын, аспаймын-саспаймын,
Шеңберді айнала бастаймын.
Біріңнің тұсыңа жеткенде,
Сездірмей «тақия» тастаймын.
Қайтадан келгенше оралып,
Түк сезбей отырсаң омалып.
Арқаңды осқылап қуамын,
Маубасқа керегі сол анық,

– деп шеңберді айналып келіп «тақия» тасталған баланы қуады. Бала жүгіріп келіп өз орнына отырып үлгермесе, ойынды қайта бастайды.
Келесі ұлттық ойынның аты «Оқтау тартыс» деп аталады. Ойынға ұзындығы 1,5 метрдей жуан оқтау керек. Ол оқтаудың тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны бір-бір баладан шығып, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады.
Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына оқтаудағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, оқтаудың шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, топтық іс-әрекетке тәрбиелейді.

Қорыта келе айтатыным, ұлттық ойындар балаларды алғырлық пен шапшаңдыққа және топпен ойын ойнауға үйрететініне көз жеткіздім. Ата-аналарға да үйде балалармен қазақтың ұлттық ойындары туралы балалардың түсініктерін кеңейте отырып, басқа түрлерін үйретіп, үнемі ойын барысында пайдалануға кеңестер беріп отырамын.
Болашақтада ұлттық ойындарды өз іс-тәжірибемде үнемі қолданбақпын. Себебі мектепке дейінгі жастағы балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп отыруды көздеймін. Сонда барып алдымыздағы кішкентай бүлдіршіндердің Қазақстанның бір тұлғасы болып өсетініне өз үлесімді қосатыныма кәміл сенемін.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *