Балабақшада қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстырудың маңызы

Алматы облысы

Талдықорған қаласы

Назарбаева Гульжан Бауыржановна

Балабақшада қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстырудың маңызы

 

«Бала тәрбиесі оның табиғи ортасымен

                                                         халқының салт сал-дәстүрі рухында

                                                               тәрбиеленетін болса, көкірегі ояу,

                                              салауатты  азамат болып өседі»

 

Ы.Алтынсарин

          Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз  дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу – елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы.

Салт- дәстүр дегеніміз атадан балаға жалғасып отыратын тұрмыстық, әллеуметтік ұстанымдар.Дәстүр- адамдардың іс-әрекеттерін, өмірлік көзқарастарын, рухани болмыстарын реттеу мәселесінде негізгі рөл атқарып, тәрбие негізін қалауға көмектеседі.Кез келген дәстүр  белгілі бір заманда өзінің өмір сүру заңдылығына толық ие болғаннан кейін  ғана  әрмен қарай жалғасын тауып, келер қоғамнан тұрақты орын алады.Демек,біздің қазіргі қоғамда қолданып жүрген қазақтың әдет-ғұрыптары  мәңгілік өмір сүру құқығын алған салт-дәстүрлер деп айтуға толық негіз бар.

Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл – оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Н.Шайкенов: «Ұлт дәстүрі – заңнан биік», – деген. Демек, салт-дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры берік ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегені  әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосықпен, әдепті ырым, тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Ұлттық тәлім, салт-сана сабағы адамгершілік тәрбиесінің аса сенімді әрі ғажайып жол екенін көрсетті. Отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық, жоғары адамгершілік қасиеттер осы жол арқылы дарыған. Батыр жазушы Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың басында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті», – деп жазды. Олай болса, әдет-ғұрып – қазақ халқының мызғымас заңы деп қабылдаған жөн.

Елбасымыздың Рухани жаңғыру болашаққа бағдар мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»-деген сөзін негізге ала отырып балбақшада жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде.

Бүлдіршіндер  бойына қазақтың салт – дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастырып, қазақ халқының салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып, олардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыру біздің басты мақсатымыз.Осы мақсатты көздей отырып биылғы оқу жылының міндетіннің бірін «Қазақ халқының сал-дәстүрі арқылы балалардың бойында рухани адамгершілік қасиеттерді дамыту»-тақырыбын алып балабақшада жүйелі жұмыс жүргізудеміз.Атап айтсақ  балабақша тәрбиешілерінің өткізген «Қадірлесең салт-дәстүр- қымбатты асыл қазына», «Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері», «Салт-дәстүр – асыл қазына», «Знакомство с обычаями и традициями казахского народа» атты ұйымдастырылған ашық оқу қызметтері. «Қош келдің Наурыз»,  «Тұсау кесу», «Ат қою», «Бесікке салу» атты ойын сауық іс-шаралары, «Ұлттық ойындар» жарысы, ата-аналармен бірлесіп  ұйымдастырылған «Қол өнер » көрмелері, осының дәлелі.Сонымен қатар  атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер көген той, тулақ шашу ,салбурын, сыралғы, туған жерге аунату сынды ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді  жаңғыртып, таныстыруды болашақта жоспарлап отырмыз.                                   Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып,салт-дәстүрмен, жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану – ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана,балабақшада тәрбиеші, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жеткіншек ұрпаққа айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.

Балалар, үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, кішіге – байғазы, сәбиге – көрімдік, көрші қонғанға – ерулік, жетім – жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, алғашқы қымыздан – қымызмұрындық, соңғы қымыздан – сіргежияр, сағынғанға – сәлемдеме, қуанышқа – шашу шашып ешқашан салт – дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағын тәрбиелеу біздің міндетіміз деп білемін.

«Ата салтың- халықтық қалпың» демекші, өз ұлтымыздың қадір қасиетін, ой-өрісін танытатын  салт-дәстүрімізге мейілінше құрметпен қарап, оларды қастерлеу барша қазақтың елдігіне сын.Қазақ елін өзге жұрт сыйлап, бағаласын десек, ұлттық сал-дәстүрімізді ардақтай білейік, асқақтата білейік.Ертеңгі ұрпағымыз ұлт-жанды, отаншыл болып өссін десек, ата дәстүрімізді ардақтауды үйретейік.

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *