Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…»
Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру қоғамдағы ең ірі, маңызды болып табылады, «Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы – мұң» – деп Ұлы Абай айтқандай, балалардың тәрбиесіне ерте жастан мән беру керек. Себебі, дәл бүгінгі уақытта заман талабы күшейіп, білім мен техниканың дамуы күннен – күнге ілгерілеп келеді. Алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тереземіз тең дәрежеде болу- ұрпағымыздың нағыз сауатты болуында.
Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке, тәриелеудің де маңызы зор. Балабақша балалардың тәрбие, білім алып өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай туғызатын орта. Кішкентай бүлдіршіндеріміз өскен ортасынан, тәрбиешісінен, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен үлгі алуға тырысады. Бұл жерде халқымыздың «Бала естігенін айтады, көргенін істейді»- деген нақыл сөзі де тегін айтылмаса керек. Әр баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру, бүлдіршін кезінен – адамгершілікке, имандылық пен өзіне – өзі қызмет етуге, мәдени – гигиеналық машықтарды қалыптастыруға, Отанын сүюге баулу. Бала бойында адамгершілік қасиеттерді ойын, салт – дәстүр, мақал – мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар арқылы сіңіру ата – ана мен тәрбиешілердің басты міндеті.
Әр ертегі тұнып тұрған тәрбие құралы. Балаларға арналған ертегілер баланы адалдыққа, тапқырлыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Сәбидің қиялына қанат бітіріп,ойлау қасиетінің қалыптасуына жол бастайды.Мысалы «Мақта қыз бен мысық» ертегісі өте тартымды, қызықты. Бұл ертегіде Мақта қыздың досы мысық Мақта қыздың тілін алмай қатығын төгеді де, оны қайтарып беру үшін көптеген адамдарға жолығып, көп қиыншылық көріп барып, қатықты төлей алады. Ертегі баланы әрбір іске қимылына жауап беруге үйренуге тәрбиелейді.
Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұрамыздың бірі – бесік жыры, мақал- мәтелдер. Сәбилер бесік жырын тыңдай отырып, ананың әлдиін өзінің туған тілінің әуенімен естиді.
Ілімге, білімге, өнерге, әділдікке бағытталған мақал – мәтелдер арқылы балада қайырымдылық, ілтипат сезімдері артады. Мысалы, «Үлкенге -құрмет, кішіге – ізет» деген мақал – мәтелдер арқылы бала бойында үлкенді құрметтеу, қамқорлық сезімдері пайда болады.
Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді. Баланы ойнай білуге баулып, ақыл – ой қызметін қалыптастырады.
Балаларды еңбексүйгіштікке баулуда, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерді дамытуда біздің балабақшамызда бүлдіршіндерді тәрбиелеу мен білім беруде білікті, білімді мұғалімдер мен тәрбиешілер жемісті жұмыс атқаруда. Балабақша баланың дамуына, оның мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға бағытталған «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытудың Үлгілік бағдарламасын» басшылыққа ала отырып, жұмыс істеймін. Бағдарлама мазмұны баланың тұлғалық және физиологиялық, әлеумет, коммуникация, шығармашылық, танымдық дамуын қамтамасыз етеді.
Балабақшада тәрбиеші, психолог, логопед, медицина қызметкерлері ата- аналармен бірлесіп біршама жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда: жиналыстарда кеңес баяндамалар оқылады, бірлескен сайыстарға қатысу,мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру, т.б.
Тәрбиешілер бірлікке жұмылдырып, бала бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттерді сіңіреді. Мектепке дейінгі жастағы балаларға тіл үйрету өте жеңіл. Бүлдіршіндерге тіл үйрету мәселесіне балабақша, ата-аналар да ерекше көңіл бөліп отыр.Балабақшада тілдерді меңгеруге деген балалардың құштарлығын ынта – жігерін арттыру мақсатында түрлі байқаулар, көбінесе ауызша, рөлдік, дидактикалық ойындар, оқу іс – әрекеттері де жемісін беріп келеді. Патриоттық, қоршаған ортамен таныстыру, танымдық іс-шаралары да жиі өткізіледі. Балалардың үлкендермен бірлесіп әртүрлі жұмыс түрлерін: мүсіндеу,жапсыру, сурет салу, ойын, би т,б.жасауына жағдай жасалған. Әр топтың өз жас ерекшелігіне сай бағдарламамен жұмыс жасайды. Осыдан келіп, бүлдіршіндеріміздің жақсы қылықтар, ұжымдық қарым-қатынас, адамгершілік сезімдері, еңбексүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу,жауапкершілік, патриоттық сезімдер туралы түсініктері қалыптасады. Адам баласының даму көзі оның отбасы мен балабақшада алған тәрбиесімен басталып, әрі қарай жалғаса береді. Тәрбиенің алтын бесігі – балабақшамыздағы сәбилерді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпаймын!
Туребаева Разия Кенжалиевна