Тренерлік дәріс сабақ-коучинг “Критериальды бағалау”

Сыдыкова А.С.
№60 ЖББОМ мектеп тренері
Коучинг тақырыбы: Критериалды бағалау

Мақсаты: Критериалды бағалаудың оқытудың тиімділігі мен оқу сапасын арттырудағы ролін айқындау.
Коучинг сессиясының міндеттері:
Білім жүйесінде критериалды бағалаудың алатын орнын әріптестермен талқылау;
Өзін-өзі және өзара бағалауда критерийлерді пайдаланудың маңыздылығын айқындау;
Оқу үдерісінде критериалды бағалауды қолдану жолдары мен түрлерін әріптестермен тәжірибе арқылы бөлісу;
Күтілетін нәтиже:
1. Коучинг сессиясына қатысушы мұғалімдердің педагогикалық шеберліктері жоғарылайды;
2. Оқыту үшін бағалаудағы табыс критерийлері арқылы оқытудың сапасын одан әрі көтерудің жолдарын меңгереді;
3. Оқу үдерісінде оқушылардың жетістіктерін жаңа жүйеде бағалайды.

Түйінді идеялар: «Бағалау» – (латын сөзінен шыққан «жақын отыру» дегенді білдіреді) мұғалімдер балалардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын оята алатын пәрменді тетік. Критериалды бағалау – білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлылығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі. Баға – символ, оқу жетістігін не санмен таңбалау, не сөзбен жеткізу.

Қолданылатын модульдер мен әдіс-тәсілдер: оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер; сыни тұрғыдан ойлауға үйрету; оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау; оқытуды басқару және көшбасшылық; топтық жұмыс; диалогтық оқыту.

Жүру барысы.

Бойыңда білімің бар екен, одан басқалар да өз шырақтарын жағып алардай жағдай туғызыңыз.
Томас Фуллер

Психологиялық жағымды көңіл-күй орнату.
Тиындардың шығу жылдарын өміріндегі жаңалықтармен байланыстыру.
Ұйымдастыру кезеңі. Қатысушылар үлестірілген ата-ана, оқушы, мұғалімдердің суреттері арқылы үш топқа бөлініп отырады.
Ой шақыру.
Мұғалімдерге Ф.П. Решетниковтың «Тағы да екілік» суреті ұсынылады. Мына суретке мұқият қараңыздаршы, ондағы отбасы мүшелерінің әрқайсының көңіл-күйі қандай? Мектептен үйіне тағы да «екілік» бағасын арқалап қайтқан оқушының түр-әлпетінен нені аңғаруға болады? Ол өзін қалай сезініп тұр? Сурет неліктен «ТАҒЫ ДА екілік» деп аталады?
Тағы да екілік! Кеше де, бүгін де, ертең де… Әріптестер, қалай ойлайсыздар, бұл баланың өз бағасын жақсартуға деген ынтасы бар ма? Жоқ болса, неге? Оған кім кінәлі, мұғалім бе, оқушы ма?
Бүгінгі сабақта біз сіздермен қазіргі заманда білім саласындағы нағыз саясатқа айналған проблеманың бірі – бағалау мәселесіне тоқталамыз. Өйткені оқушының білімін бағалау – оның оқуға деген ынтасының мүлдем жоғалуына немесе қызығушылығының оянуына бірден-бір себеп. Мұғалімнің басты міндеті – оқушының өзіне деген, өз күшіне деген сенімінің жоғалуына жол бермеу.
«Дейін және кейін» стратегиясы. «Дейін»: алдымен мұғалімдерге өзара бағалау мен өзін-өзі бағалау туралы өз түсініктерін жазуды сұраймын. Әр топ ақылдаса отырып, өз ойларын постерге жазады, оны тақтаға шығып қорғайды. Бір топ жауап бергенде қалған екі топ олардың жауаптарын тыңдап, әр топ бірін-бірі бағалайды. Бағалап болғаннан кейін оларға бағалау критерийі ұсынылады:
1. Тақырыптың ашылуы
2. Дәлелдердің нақтылығы
3. Қалай бағалауға болады?
4. Сөйлеу мәнері
5. Сабақтың қай тұсында пайдалануға болады?
6. Постердің рәсімделуі.
Жауаптарыңыз критерийлерге сай келе ме? Егер мен бұл критерийлерді тапсырманы орындатпас бұрын, алдын-ала бергенде сіздердің жауаптарыңыз да, бағаларыңыз да басқаша болып шығар еді.
Топтар, енді осы критерийлер бойынша өздеріңіздің жауаптарыңызды бағалап көріңіздер және топтар бірін-бірі қайтадан бағалаңыздар, қай топтың жауабы жақсырақ деп ойлайсыздар? Салыстырыңыздар.
Енді ойланыңыздар, не маңыздырақ, адамның өзін-өзі бағалауы ма немесе басқаның бағалауы ма? Сіздер өзіңізді қалай бағаладыңыз, басқа топтар сізді қалай бағалады? Салыстырыңыздар, өзін-өзі бағалау мен бірін бірі бағалауда алшақтық бар ма? (Критерий бойынша дұрыс бағаласа, алшақтық болмайды).
Дәстүрлі оқытудағы бағалау мәселесіне келетін болсақ, бұл тек мұғалімнің құзіретіне жататын сабақтың ең бір жауапты кезеңі болатын. Және оқушылар көбіне өзіне қойылған бағаға келіспеушілік білдіріп, өз реніштерін білдіріп жататын, тіпті кейде, әсіресе, тоқсан соңында олардың ата-аналары да мектепке келіп дауласып, баға мәселесіне байланысты үлкен шу шығып жататыны жасырын емес. Бүгінгі таңда осындай проблеманы шешудің бір жолы – оқушының жетістігін критерий арқылы бағалау. Бағалау критерийлері оқушыларға да, ата-аналарға да түсінікті болуы керек. Кейде белгілі бір тапсырма бойынша оқушылар критерийді өздері де ұсынуы мүмкін, бұл – олардың оқуға деген қызығушылығының оянғаны.

Топтық жұмыс. Кластер жасау. Әр топқа тапсырма беріледі:
1- топ: Критериалды бағалауды пайдалану оқушыларға не береді?
2- топ: Критериалды бағалаудан мұғалім не ұтады?
3- Топ: Критериалды бағалаудың ата-аналарға пайдасы бар ма?
Топтар өз кластерлерін қорғайды. Топтар бірін бірі толықтырады, ой бөліседі. Олардың жауаптары төмендегідей болуы мүмкін немесе өзім толықтырамын:

Критериалды бағалауды пайдаланудың тиімділігі мен берері

Оқушы
Мұғалім Ата-ана
• Өзінің тақырыпты меңгеру дәрежесін анықтайды
• Өз жұмысына сараптама жасауға үйренеді
• Өзінің білім деңгейін алдын-ала болжайды
• Өзінің және сыныптастарының білім деңгейіне сын көзімен қарауға үйренеді, сын тұрғысынан ойлау қабілеті дамиды
• Критерийдің көмегімен өз білімін бағалауға мүмкіндік алады • Оқушының білім деңгейін анықтайды, дамуын қадағалайды
• Әр оқушының мүмкіндік деңгейін біліп отырады
• Оқушыға оқудың қай тұсы қиындық туғызатынын анықтайды
• Оқушының кемшіліктеріне назар аударта отырып, оның дамуына бағыт береді
• Мұғалім, оқушы және ата-ана арасында кері байланыс орнайды • Баласының білім деңгейі жайлы объективті дәлелдеме алады
• Баласының оқудағы жетістіктерін, оның дамуын қадағалайды, біліп отырады
• Критерий көмегімен баласына оқуда қолдау көрсете алады
• Баласының не үшін баға алғанын біліп отырады
• Ата-ана мен мектеп арасында кері байланыс орнайды

Критериалды бағалауды пайдаланудың тиімділігі –
баға үшін дау-жанжал туындамайды, баға критерий бойынша әділ қойылады

«Дейін және кейін» стратегиясы. «Кейін»: мұғалімдерге тағы да өзара бағалау мен өзін-өзі бағалау туралы өз түсініктерін жазуды сұраймын. Мұғалімдер осы сұрақ бойынша «Дейін» не білгендерін және «Кейін» не біліп шыққандарын салыстырады, қорытынды шығарады. Өз түсініктерін қорғайды, дәлелдейді.

Қорытынды. Жоғарыдағы «Тағы да екілік» суретіне қайта оралу: Қалай ойлайсыздар, суреттегі баланың өз бағасын жақсартуға деген ынтасын ояту үшін не істеу керек?
Критериалды бағалау бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие. Өйткені қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Критериалды бағалау бұл мақсаттар мен міндеттердің барлық талаптарына сай орайластырылған.
Критериалды бағалаудың басты ерекшелігі:
— алдын-ала ұсынылған бағалау шкаласы;
— анық, айқындылығы;
— бағаның әділдігі;
— өзін бағалауға мүмкіндіктің берілуі
Критериалды бағалау сабақтың өн –бойында жүзеге асып отырады. Алдымен топтық жұмысты бағалауда өте тиімді. Өйткені топ жұмысын критерийлермен бағалау жұмыстың нәтижелілігіне және оқушылардың өзара бағалау арқылы өз пікірлерін ортаға салып, еркін жеткізуіне алып келеді. Өз пікірін еркін айту, өзгелердің жұмысына өзіндік бағасын беру өмірге бейімділіктерін арттыра берері сөзсіз. Бағалау парағы топқа тапсырмамен бірге ұсынылатын болғандықтан, оқушылар өзге топты бағалар алдында өз тапсырмаларын орындауда сол критерийді басшылыққа алады.
Критериалды бағалау қалыптастырушы бағалау жұмыстарын (формативті тапсырма) жүргізуде де үнемі жүзеге асып отырады. Оқушылар жұмысты орындамас бұрын дескрипторларға назар аударады. Өзінің қандай білік -дағдыны қалыптастыруда жұмыс орындағанын ұғынып отырады .
Сабақ процесінде өтілетін тақырыпқа байланысты немесе топқа орындауға берілген тапсырмаға табыс критерийі құрылады. Табыс критерийі – нәтижеге қол жеткізудің ең тиімді жолы. Табыс критерийін дайындап, берілген тапсырма орындалып болған соң, топ мүшелері өз есімдерін жазып, әрбір критерий бойынша өздерін бағалайды. Жұмысымыз жүйелі болу үшін табыс критерийінің бірнеше үлгілерін дайындап жүрміз. Сабақ барысында дайын үлгілерді топқа ұсынып, бірлесіп критерий құруын тапсырамыз. Оқушылар алдымен топта ақылдаса отырып, өз ойларын ортаға салады. Сонан соң сынып оқушыларымен түгел бірлесе отырып критерийлерді нақтылап аламыз.
Критериалды бағалаудың артықшылықтары:
• Оқушының жеке басы емес, тек қана жұмысы бағаланады;
• Оқушының жұмысын бағалау алдын –ала ұсынылған критерийлерге негізделеді. .
• Бағалау алгоритмі оқушыларға алдын-ала белгілі;
• Оқушы нақты не мақсатта жұмыс істеп отырғанын біледі;
• Оқушыға өзінің білімділік деңгейі анық көрініп тұрады;
• Критерий арқылы бағалау мұғалімнің оқушы деңгейін анық біліп отыруына мүмкіндік береді;
• Білім берудің сапасы артады.

Рефлексия. Әр мұғалімге жұмысты бағалау парақшалары үлестіріледі, олар бүгінгі сабақтан алған өз білімдерін берілген критерий арқылы бес балдық жүйе бойынша бағалайды:
№ Критерийлер Игеру деңгейі
1 Тақырыптың ашылуы 1 2 3 4 5
2 Коучинг жоспарының жүйелілігі 1 2 3 4 5
3 Шеберлікті арттыруға себі 1 2 3 4 5
4 Қолданылған ақпараттардың маңыздылығы 1 2 3 4 5
5 Ресурстарды іріктеудің тиімділігі 1 2 3 4 5

Кері байланыс. «Үш минуттық тыныштық»: мұғалімдер бүгінгі сабақтан алған әсерлері, не үйреніп шыққандары туралы стикерлерге жазады, тақтаға жапсырады. Топтар бір-біріне екі жұлдыз, бір тілек айтады. Сөзімнің соңында айтарым, бүгінгі алған білімдеріңізбен басқа да әріптестеріңізбен бөлісіңіздер. «Бойыңда білімің бар екен, одан басқалар да өз шырақтарын жағып алардай жағдай туғызыңыз», – деген Томас Фуллердің сөзін ұмытпаңыз.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

1 комментарий

  1. Айжан:

    Керемет 🤘

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *