Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов 90 жаста!!!

Биыл, 2020 жылы қазақ вальсінің королі, бай шығармашылық мұрасы бар композитор, сазгер, тәуелсіз Қазақстанның әнұранының авторы, Қазақстан Республикасының халық әртісі, көптеген фестивальдар мен конкурстардың лауреаты, аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы, оны бүкіл ел мойындаған, жалпы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, қалың жұрттың қайнаған ортасынан шыққан дара дарын, тума талант, аты көзі тірі кезінің өзінде аңыз болып кеткен бірегей өнер иесі Шәмші Қалдаяқов 90 жасқа толып отыр.
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келеді. Шәмші атамыздың жанұясы музыкаға жақын болатын. Әкесі әні мен әуенін шығарса, анасы әдемі ән салатын. Ал Шәмші оларды домбырада орындайтын болған. Бала кезінен әндері қазақ сахнасын асқақтатқан Шәмші Қалдаяқов мандолинаны зерттеді, халық шығармашылық байқауларында отбасымен бірге шығармалар орындады, сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Музыкалық әлеуетіне қарамастан, жас Қалдаяқов шығармашылықпен айналысқысы келмеді. Жасөспірім кезінде ол трактор жүргізушісі болып жұмыс істеді, ал мектептен кейін мал технигі мамандығын таңдады. Сарыағаштағы мамандандырылған техникалық училищеге – Қапланбек ветеринариясына түсті. 1950 жылы оқуын бітіргеннен кейін шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданады. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1955 жылы Ташкенттегі музыка училищесінің музыка теориясы факультетіне қабылданады. Ал 1956-1962 жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В. Великанов сыныбында оқиды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр.
Бүгінде автордың композициялары Қазақстанның шығармашылық мұрасын құрайды. Дарынды қазақстандық жасаған әр ән дерлік танымалдылыққа ие болды. Бірақ автордың танымал болуына алғашқы қадам болған «Менің Қазақстаным» туындысының тағдыры ерекше болды. 2006 жылдан бастап бұл композиция Қазақстанның әнұраны болды. Ол өзінің алғашқы жұмыстарын таңқаларлықтай етіп, қазақтың халық әндерімен тыңдарманды тамсандырды. Тыңдаушылар бірден Қалдаяқов жасаған туындылардан ерекше дыбыс пен әуен байқады: елдің әр түкпірінде Қалдаяқовтың әндері шырқалды. Жұртшылықтың Шәмшінің әндеріне деген сүйіспеншілігі соншалық, оны қазақ вальсінің патшасы деп атады. Қалдаяқовтың осындай танымал әндерін Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов өз репертуарларына қосты. Шәмші Қалдаяқовтың әндері негізінен қазақстандық эстрадалық өнердің бастауы болды. «Бүгін ұлт руханиятына көптеген жұмбақ музыка мен әсем әуендер сыйлаған «Менің Қазақстаным» мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толады. Шәмші шығармашылығы – ұлттың баға жетпес қасиеті. Оның шығармаларын кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы», – деп жазды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматыда Орталық концерт залына оның есімі берілді, ал Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығына орай «Шәмші әлемі» деп аталған мәдени кешен ашылды. Мемлекеттік сыйлық осы мерекеге орайластырылды, ол композиторға қайтыс болғаннан кейін «Бақыт құшағында» әндер жинағы үшін берілді. Көрнекті композиторды еске алу мақсатында 1992 жылдан бастап музыкалық байқау өткізіледі. Бүгінде бұл Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі болып бекітілді. Ал 2020 жылдың желтоқсан айының басында Қазақстанда композиторды еске алу кеші жоспарланды. Оның туғанына 90 жыл толуына арналған іс-шарада халықтың ең танымал және сүйікті туындылары орындалатын болады деп жарияланды.
Қорытындылай келе, қазақ халқының ән өнеріндегі қайталанбас ерекше құбылыс – Шәмші. Шәмші – әлемдік деңгейдегі композиторлардың қатарындағы ғажайып тұлға. Ғасырлар, жылдар алмаса келе талай оқиға көмескі тартары заңдылық. Ал Шәмші атамыздың ісі мен жырларына ондай қауіп төнбек емес. Оның өлең ағыны – өмірдің өзіндей тоқтаусыз. Композитордың жырлары бір кезеңнің баяны ғана емес, күллі адамзатқа тән азаттық пен теңдіктің өшпейтін ұраны. Шәмші Қалдаяқов сонысымен мәңгілік.

Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д.
Нұрайлым Тасыбаева, 1 курс студенті.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *