Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…»
Ұстазымды мәңгі өлмейтін үлгі дер ем,
Өйткені орны бөлек өзгелерден.
Ұстазым еш жалықпай білім беріп
Көңілге нұр, өмірлік азық берген.
Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршін шағымнан мұғалім жұмысына қызығушылық білдірдім. Үйде жұмсақ ойыншықтарымды оқушы етіп отырғызып қойып, өзім мұғалім болатынмын. Журнал ашып, әрқайсысына атау беріп, оларды бағалауды қызық жұмыс санайтынмын.
«Бала – ойынмен жетіледі» деген рас екен. Сол кездегі бала қиял бүгінде шындыққа айналып, ұстаздық жолында мақсаттарымның кірпішін қалаудамын. Биыл бастауыш сынып оқушыларына тәлім – тәрбие мен қоса білім беріп жүргеніме 12 жыл болыпты…
Осыдан 24 жыл бұрын ең алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабын ұстатқан, алғаш әріп үйреткен-менің сүйікті де ең алғашқы ұстазым –Рамазанова Ғайни Бейсембековна. Ол кісі- менің ақылшым, алғашқы данышпаным, өмірге бағыттаушым болды. Оның жайдары күлімдеген көздерінен шашырағын жылу қазіргі уақытқа дейін жадымда сақталған.Әліппені, көбейту кестесін жаттатпай ұйқы бермейтін. Бұған өте қатты ашуланып, төрт қабырғаның төрт бұрышында да тұрып шыққан да кездерім, тіпті сынып болып жазаланған да кездер болды. Қазіргі күнде алғашқы ұстазыма дән ризамын. Өйткені мен алғашқы ұстазымнан білім жолының таза, тура, әділ жол екендігін ұқтым.Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол- алғашқы ұстазым.
Бастауыш сыныпта оқыған әліппем, орта буында маған «Әдебиет» деген үлкен әлемнің есігін ашты. Осы үлкен есікке барар жолды ұстазым Әбілова Гүлжан Әбілқызынан таптым. Гүлжан Әбілқызы -оқу үрдісінде оқушылармен қарым-қатынаста үйлесімділік құрған ұстаз. Алғашқы күннен бастап сабаққа деген қызығушылығым оянған болатын. Гүлжан мұғалім-өз ісінің шебері, майталман ұстаз….Ол кісі — алтыннан да бағалы ойларын, ақыл-кеңесін беруге әрдайым дайын жан.Сынып жұмысынан тыс тапсырмалар беріп шығармашылығымызды шыңдатып, аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға дайындап мені күні бүгінге дейін есімде мен үщін алғаш рет екеуіміз Көкшетау қаласына барғанбыз.. Ұстазымның келбетінен өз мамандығын сүйетін мұғалім екендігін бірден түсінуге болады. Менің мамандық таңдауға өз ықпалын тигізген бірден – бір кім десеңіз,ұстазым Гүлжан Әбілқызы дер едім.
12 жылдық еңбек өтілімде өзімнің де басымнан талай осынау жауапкершілігі мен талабы мол ұстаздық қызметтің түрлі қызығы мен шыжығы өтті. Мақтанышпен айтатыным 2017 жылы «Үздік педагог – 2017» байқауында Қорғалжын ауданының орта білім беретін 14 мектебінің арасынан топ жарып шығып, облыстық байқауға жолдама алып, 19 аудан және 7 қалалық мектептерінің білім саласының тәжірибелі майталмандарымен сынға түсуім еді. Байқау қорытындысы бойынша сабақ шеберлігім бойынша қазылардың құрметін есту мен үшін үлкен жетістік деп білемін.
Беретін әр сабағыма үлкен жауапкершілікпен қарап, оқушылардың бойына адамгершілік пен қоса дарындылық қасиеттерін қалау үшін сабақтарыма Сыни тұрғыдан ойлау, PISA стратегияларын логикалық ойлауын қамтамасыз ететін тапсырмалар мен жаттығулар дайындаймын. Аудандық және облыстық деңгейде оқушыларым ғылыми жоба қорғап, ІІ және ІІІ орын иеленді, «Ақбота», «ПОНИ» , «Алтын сақа» байқауларына жыл сайын оқушы дайындаймын. Шәкірттерім аудандық,облыстық және республикалық байқауларына қатысып,жүлделі орындар иеленіп жүр.
Келешекте мұғалім мамандығының мәртебесі биіктесе деймін. Басқа жерде танысы болмай не лайықты жұмыс таппай мұғалім бола салғандар емес, «Қазақ баласын тәрбиелеймін, Қазақстан болашағының тасын қалаймын» деген мақсатпен келгендер ғана ұстаздық ұлы есімге ие болса екен дер едім.
Байтурова Айслу Тулетаевна