Аутизмі бар балаларды оқытуда кешенді əдістерді қолдану

Аутизмі бар балаларды оқытуда кешенді əдістерді қолдану

Əрбір ата-ана баласы өмірге келгеннен кейін оның денсаулығының дұрыс болғанын қалайды. Ата-анасы баланың жасаған əрбір қимылына, оның жүзінің жадырағанын, басқан əрбір қадамын, алғашқы шығарған дыбысына, айтқан сөзіне қуанады. Əр бала қоршаған ортаның қамқорлығын қажет етеді. Бірақ кейбір балалар қоршаған ортадан алыстап, өз əлемінде өмір сүреді. Олар əр жаңа нəрсеге қызықпайды, оны танып-білуге қызығушылығы болмайды. Осындай балалар қарым-қатынас жасауда, əлеуметтік ортаға бейімделуде, ата-анасымен сөйлесуде қиындықтарға кездеседі. Осындай белгілер арқылы балада аутизмнің немесе оның кейбір белгілерін анықтауға болады.

Елімізде аутизм туралы ақпарат аз, ал онымен күресіп жүргендер көп. Əлем бойынша 67 миллион адам аталған дертпен арпалысса, қазақстандықтардың үлес салмағы мыңнан асып жығылады. Елімізде аутизмі бар балалардың саны күрт өсуде. 2003 жылы 77 бала тіркелген болса, 3 жылдан кейін бала саны 255-ке жеткен, 2010 жылға қарай 326 бала тіркелген. Ал қазіргі таңда балалар аутизмі мың жарымға жуық балада байқалған [1].

Аутизм ми жұмысының бұзылуынан туады. Мамандар аутизмнің 300-ге жуық себебін атап отыр. Бірақ нақты тұжырым, дəйекті дəлел жоқ. Ең алғаш аутизм туралы Э. Блейлер, Лео Каннер, О.С. Никольская, Г. Аспергер, А. Ретта, К.С. Лебединская сынды ғалымдар қарастырған. Қазіргі кезеңде аутизмді зерттеу өрісі кеңейіп отыр. Аутизм ¾ бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол əлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері əсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (ЕБА) синдромы дейді. Ол болса психикалық даму зақымдалуының бір нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса, оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Нақты симптом ретінде 2-3 жасқа қарай қалыптасуы мүмкін [2].

Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша, аутизмі бар балалардың себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады. Тұқымқуалаушылық фактордың əсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды. Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі.Тұқым қуалаушылық хромосомалық өзгерістер, зат алмасу өзгерістері, анасы жүкті жəне туу кезінде алған жарақаттар, нейроинфекция- лар, тағы басқа жағдай лар барлығы да жағымсыз əсер ету мүмкіндігі бар.

Аутизмнің пайда болу себептерін түсіндіретін нақты дəлелденген ақпараттар өте аз. Бұрынырақ балаларға қызылшаға жəне шошқаборлыққа (свинка) қарсы егілетін екпе салдарынан пайда болады деген болжам болған. Бірақ уақыт өтісімен, көптеген зерттеулер нəтижесінде бұл болжам жоққа шығарылды. Ал, психоаналитиктердің ойынша, баланың алғашқы даму кезеңіндегі «ата-ананың эмоциялық салқындығы» да себеп болады [3].

Себептердің 1-тобы тұқым қуалаушылықпен байланысты. Кейбір мамандардың айтуынша, аутизм тұқым қуалайды жəне ол гендік деңгейде беріліп отырады. Кей жағдайларда бұл тұжырымның растығын дəлелдейтін мысалдар да бар,

себебі аутистік белгілер бір отбасының мүшелерінен байқалып жатады. Алайда ғалымдар аутизмге жауап беретін генді əлі күнге таба алған жоқ.

Себептердің 2-тобына хромосомалық (генетикалық) мутация, зат алмасудың туабітті аурулары жатады. Кейбір генетикалық синдромдар мен зат алмасу ауруларының клиникалық симптомдарының  қатарына аутистикалық белгілер де кіреді. Мұндай аурулардың қатарында сынғыш (фрагильді) Х-хромосома, Ретт, Мебиус синдромдары, сонымен қатар фенилкетонурия, мукополисахаридоз жəне басқалары бар.

Себептердің 3-тобы орталық жүйке жүйесінің түрлі себептермен зақымдалуымен байланысты.

Оған мыналар түрткі болуы мүмкін:

  • жүктілік жəне туу кезінде түрлі патогендік факторлардың əсер етуі: нейроинфекция, вирустық инфекция, жарақат, асфиксия жəне т.б. Мұндай жағдайда аутизмді аурудың салдарынан болған жүйке жүйесінің резидуалды-органикалық күйі деп қарастырады;
  • биохимиялық, нейрохимиялық жəне метаболикалық ауытқулар. Арнайы зерттеулер (жұлын сұйықтығы, қан, несеп сараптамалары) көрсеткеніндей, аутистикалық симптомдар физиологиялық тұрғыдан белсенді заттар (серотонин, катехоламин жəне дофамин) алмасуының бұзылуынан болады. Биохимиялық өзгерістер мен аутистикалық белгілердің арасындағы байланыстың бар екенін дəлелдейтін зерттеулер бар [4].

Аутизмнің алғашқы белгілеріне тоқталатын болсақ, белгілер баланың үш жасына дейін анық байқалады. Əдетте, ер балаларда жиі кездеседі. Ата-анасы баланың құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, əлі сөйлемегенін байқайды. Алғашында бала естімейтін сияқты болып көрінеді, бірақ тексеру барысында нəтижесі олай еместігін көрсетеді. Мұндайда баланың жалпы дамуы тежеледі. Мінезі тұйықтала түседі. Атын атап шақырса, елең етпеуі де мүмкін. Өзге балалармен де ойнамайды. Танып-білуге ұмтылмайды. Тіпті жаңа ойыншық та оны қызықтыра алмайды. Яғни, мұндай балада қалау, сағыну, аяныш, өкініш, қамқорлық сияқты сезімдердің ешқайсысы болмайды. Оған бəрібір. Өз əлемінде, өзімен өзі өмір сүреді. Тəулік бойы ұйықтамай жүре беруі мүмкін. Ештеңені қажет етпейді.

Кейде бала сөйлеуді бастайды, бірақ біраз уақыт өтісімен, сөйлеу қабілетін қайта жоғалтады, күнделікті қылықтары қайталанады, күнде бір ойыншықпен жəне жалғыз ойнайды. Тіпті ойыншық- тың тек бір бөлігімен ғана (мəселен, тек қолымен немесе басымен) ойнауы мүмкін. Күнделікті қайталанатын тəртіптің өзгеруін бала өте қиын қабылдайды. Ата-аналарының айтуынша, бала көзге тіке қарамайды. Көбісінің зияткерлік қабілеттері де төмен [5].

Аутист-балаларды оқытуда кешенді түзете-оқытуда жаңа технологияларды қолданудың артықшылығы оқу материалын визуалды түрде елестете алу қабілеті болып табылады. Қоғамның жəне білім беру жүйесінің қазіргі кездегі дамуы түрлі іс-əрекеттердің интенсификациялық үрдісінің өсуіне байланысты болып келеді. Осыған орай, болашақ білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім берудің көп бөлігі жаңа технологияларға негізделетінін, қозғалмалы ойын жəне ақпараттық технологиялардан тұрады.

Тəжірибе көрсеткендей, кешенді түзете-оқыту əдістері мақсатты түрде аутист балаларды түзете оқыту жəне тəрбиелеуде пайдалану балалардың жан-жақты дамуына, түзету мен толықтыру жақтарына психологиялық-педагогикалық жағдай жасайды. Сонымен қатар əр баланың тұлғалық ерекшеліктерін ескереді.

Түзете-оқыту үрдісінде кешенді түзете-оқыту əдістерін қолдану бала ағзасының компенсаторлы мүмкіндіктерін белсендіріп, ауытқушылықтарды жеңуге, алдын алуға мүмкіндік туғызады. Осы толықтырудың негізінде мүмкіндігі шектеулі балалардың қабылдаудың сақталған түрін жүзеге асыру жəне баланың психикалық функцияларын дамыту қолайлы жүзеге асады.

Ақпаратты көрнекі түрде көрсету қандай іс-əрекет болсын оның əсерлілігін жоғарылатады. Арнайы білім беруде бұл əсердің маңызы зор. Заманауи құралдарды, диагностикалық əдістерді жəне технологияларды қолдану баланың тек сол кездегі ғана функциясын анықтамай, сол кезде пайда болатын объективті қиындықтарды анықтап, оларды қолжетімді тəсілмен жеңуге көмектеседі.

Аутизмі бар балалардың қарым-қатынасқа түсуін, əлеуметтік ортаға бейімделуін, сөйлеу тілін қалыптастыруда кешенді түзете-оқыту əдістерін қолдану бойынша тəжірибелік-эксперименттік жұмыс Талдықорған қаласында орналасқан «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-де жүргізілді. Арнайы мекемелердің педагогикалық ұжымы біз жүргізген зерттеулік ізденіс жұмыстарға оқу-тəрбие үрдісін жетілдіру мақсатында белсенділік танытты. Арнайы мекемедегі педагог-логопед ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тəжірибесін топтастыру үшін арнайы тақырыппен жұмыс жасайды. Логопед ғылыми ізденіс тақырыптары, негізінен, аутизмі бар балалардың сөйлеу тілін қалыптастыру төңірегінде топтастырылады. Сонымен бірге педагог-логопед, біздің тəжірибелік- педагогикалық жұмысымызда көрсетілгеніндей, арнайы мекемелердегі жұмыстардың болашақтағы жоспарына      сəйкес   аутизм   диагнозы     бар    балалармен   жүргізілетін     түзету     жұмыстарында қатыстырылды.

Аутизмі бар балалармен түзету жұмыстарын жүргізуде біз ұсынған əдістеменің тиімділігін көрсетудегі зерттеу жұмыстарының мақсаты ерекше болды. Эксперимент жүргізу үшін зерттеу жұмысы бойынша эксперименттің ұйымдастырылу кезеңдерін белгілеп алдық. Алғашқы кезеңінде тəжірибелік-эксперимент жұмысы ұйымдастырылып, белгіленген іс-шаралар жүйесі жүзеге асты:

  • эксперимент жұмысының мазмұны іріктелді;
  • педагогикалық бірізділік анықталды;
  • оқу үдерісіне ендірілген бағдарламалар мен оқыту формаларының мазмұнының тиімділігі анықталды.

Эксперимент 4 бағытта жүргізілді:

  • аутизм диагнозы бар балалардың сөйлеу тілін, қарым-қатынасын, психикалық процестерін

«Ойын технологиясы» əдісі бойынша ойын элементтерін қолдану арқылы қалыптастыру;

  • глобалды оқыту əдістемесі бойынша аутизмі бар балалардың есте сақтауын дамыту;
  • сенсорлы интеграциялау əдісі арқылы аутизмі бар балалардың қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастыру;
  • ақпараттық технологияны қолдану əдісі бойынша «Дэльфа–142,1» тренажерын қолдану арқылы аутизмі бар баланың сөйлеу тілін жан-жақты дамыту.

Эксперимент жұмыстарын жүргізу кезінде түзету кабинетінде оқытылатын 6 бала қамтылып, зерттелді. Эксперименттік жұмыс барысында қолданылған əдістер:

  1. Ойын технологиясын қолдану.

Аутизмі бар баламен қарым-қатынас орнату.

«Айналма» ойыны.

Ойын барысы: нұсқаушы балалар арасынан барлық баламен амандасып, əр баламен қол алысып амандасатын баланы таңдайды. Сол бала айналма ортасында болатын баланы таңдайды. Барлық балалар қолдарынан ұстап, шеңбер құрады. Ортадағы баламен амандасады. Ортаға балалар кезекпен тұрады. Сəлемдескен кезде мына сөздер айтылады:

Балақайлар, тұрайық;

Шеңбер құра қалайық;

Сен де менің досым;

Мен де сенің досың;

Барлығымыз доспыз.

Қарым-қатынасты дамыту.

«Қуыршақпен ойна» жаттығуы.

Ойын барысы: түрлі тақырыптар бойынша сюжеттік-рольдік ойындар жүргізу. Мысалы,

«Дүкенге барамыз», «Қонақта». Қуыршақ балаға əлеуметтік рольдерге кіруге көмектеседі.

Зейінді дамыту.

«Артығын тап» жаттығуы.

Ойын барысы: нұсқаушы берілген суреттердің ішінен артығын табуды тапсырады. Мысалы, қияр, асқабақ, сəбіз, алма. Артығы: алма.

Қозғалыстық ойындарын дамыту.

«Достармызға үй саламыз» ойыны.

Ойын барысы: нұсқаушы балаларды екі топқа бөліп, олардың Ақтөс жəне Шарик атты екі достарының барын айтады. Олар өте жақсы достар. Тек олардың тұратын үйі жоқ. Қане, оларға үй салып көмектесейікші. Осылайша, бір топ Ақтөске, екінші топ Шарикке үй салады. Ол үшін балаларға кубиктер мен тапсырмалар беріледі. Кім үйді бірінші салып бітіреді.

  1. Глобалды оқыту əдістемесін қолдану.

Ерте жастағы аутист-балаларды оқытуда глобалды оқыту əдістемесін қолдану барынша тиімді болып табылады. Глобалды оқыту – баланың бүкіл сөзді толығымен қабылдауы (жазылуына қарап).

Келесі жаттығуда біз сөздерді бөліктерді бойынша глобалды оқытамыз. Сөздің бөліктері, буындар, жеке əріптер. Мысалы: ма-ма, па-па, а-ға, ал-ма, ал-м-ұрт. Аталмыш əдіс арқылы бірте- бірте қалыпты оқуға өтуге болады деп санаймыз.

Баланы ең алдымен қандай сөздермен таныстырған жөн? Əрине, ең алдымен, біз қарапайым, күнделікті қолданыста жүрген сөздерден бастаймыз. Олар: ана, əке, аға, апке, ата, апа т.б.

Біраз уақыт өткеннен кейін ұзақ сөздерді қосуға болады. Мысалы: қуыршақ, машина, кітап, ойыншық т.с.с., яғни біз бұл кезеңде де балаларың күнделікті қолданатын, айналасындағы заттарға сүйенеміз. Келесі кезеңде біз жақын адамдардың аттарын қосып жазамыз. Мысалы, Айгүл мама, Асқар аға, Жанна тəте т.б.

  • -тапсырма. Нұсқаушы балаға қарапайым заттық суреттерді көрсетеді. Суреттің астында алдын ала даярланған заттың аты жазылған. Балаға берілетін тапсырма: алдын ала даярланған жазуды тиісті суреттің астына қою қажет. Алынатын суреттер: машина, автобус, кеме, қайық, ұшақ, тік ұшақ т.б.
  • -тапсырма. Дəл осы тапсырма, тек осы жолы тапсырма күрделене түседі. Яғни, суреттер іс-əрекетті сипаттайды, сөйлем екі сөзден тұрады. Мысалы, машина жүрді, кеме жүзді, ұшақ ұшты т.б., бала тиісті сөз жазылған карточканы сəйкес суретпен біріктіруі қажет.
  • -тапсырма. Тапсырма ерекшелігі — заттың сынына мəн беру. Яғни түсіне, көлеміне, пішініне. Мысалы, қызыл машина, сары автобус, үлкен қайық т.с.с. балаға берілетін тапсырма тиісті сөз жазылған карточканы сəйкес суретпен біріктіруі қажет.

Əр тапсырада 3 суреттен берілген. 1-суретті дұрыс тапқаны үшін — 2 ұпай, дұрыс жауап бермеген жағдайда 0 ұпаймен бағаланады. Сонымен қатар:

  • 7-9 ұпай — жоғарғы деңгей;
  • 3-5 ұпай — орташа деңгей;
  • 0-2 ұпай — төменгі деңгей.
  1. Сенсорлық интеграция əдістемесін қолдану.

Көп адамдар денесін сезініп, сезімдерін сəйкестендіріп, қоршаған ортаны сол арқылы тануға тырысады. Ал аутизм диагнозы бар балаларға ол қиынға соғады.

Сенсорлы интеграция терапиясы баланың қоршаған орта тітіркендіргіштеріне тым қозып отырғанын немесе қоршаған ортаның аса əсер етпегенін болжап, анықтауға көмектеседі. Осылайша, сенсорлы интеграцияның мақсаты – мидың сенсорлы ақпаратты өңдеуін жүзеге асыру. Сол арқылы бала күнделікті өмірде сол ақпаратты қолдана алады.

Сенсорлы интеграцияның мысалдары:

  • гамакта тербелу (кеңістікте бағдарлану);
  • музыкаға билеу (есту жүйесі);
  • бұршақ толтырылған қораптармен ойын (тактильді сезімдерін дамыту);
  • туннельде жорғалау (кеңістікте бағдарлану жəне жанасу);
  • қозғалып тұрған шариктерге жанасу (көру сезімі мен тактильді бағдарлануы);
  • орындықта айналу (тепе-теңдік жəне көру қабілетіне əсер);
  • бөренеде тепе-теңдік ұстап тұру (тепе-теңдік сақтау) [6].
  1. Ақпараттық технологияны қолдану əдісі бойынша «Дэльфа–142,1» тренажерын қолдану.

«Дэльфа–142.1» логопедиялық тренажеры баланың ауызша жəне жазбаша сөйлеу тілін жан- жақты дамыту, түзету бағдарламасының кешені түрі болып табылады. Ол кез келген дыбыс, əріп, буын, сөз, сөйлем сияқты сөйлеу тілінің бірліктерімен жұмыс жүргізуге, мынадай логопедиялық міндеттерді: сөйлеудің грамматикалық-лексикалық жақтарын дамыту мақсатымен тыныс алуды жəне дауысты түзету, сөйлеу бұзылыстарын түзету үрдісіне ойын элементтерін қосу, сөздік материал мен жаттығу типтерін жан-жақты қарастыруға, түрлі мақсатқа сай материалдарды қолдануға (суреттер, əріптер, буындар, сөздер, сөйлемдер), баланың жеке мүмкіншіліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беруге, логопедиялық жұмыспен қатар баланың қабылдауын, зейінін, еске сақтауын дамытуға мүмкіндік береді.

Тренажерлар зиятында ауытқуы бар, тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар, сөйлеу бұзылысы бар балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жəне қабылдау ерекшеліктеріне сəйкес жасалады.

Жаттығулардың құрылымы:

«Дыбыс» мəзірі:

  • «Мерекелік торт», «Алау», «Шырша», «Шалқан» жəне «Бүршік» ойындары дұрыс, сапалы, бір қалыпты тыныс алуды қалыптастыру үшін берілген. Сонымен қатар бұл жаттығулар ринолалиясы жəне ринофониясы бар балалардың мұрындық реңкін түзеуге қолданылады;
  • «Көбелек», «Ертегілік сарай» жəне «Диірмен» ойындары бірлескен сөздерді немесе сөз тіркестерін айтуға ықпал етеді;
  • «Бауырсақ», «Сусиыр» жəне «Жанартау» жаттығулары экрандағы жануарлардың əрекетіне қарап, түрлі дауыстағы дыбыстарды айтуға көмектеседі. Мысалы, сусиыр аузын қатты ашқан сайын «а» дыбысы қатты шығады;
  •  «Ғарыш атқышы» жəне «Отшашу» жаттығулары қысқа дыбыстарды жылдам əрі анық айтуға ықпалын тигізеді;
  • «Паровоз» жəне «Батпырауық» жаттығулары дауыссыз дыбыстарды айтуға септігін тигізеді. С, ш, х жəне ф дыбыстарын дұрыс айтқанына қарай паровоздың түтіні күнге, əуе шарына, жалауға дейін көтеріледі. Дыбыс айту дұрыс болмаса, паровоз түтіні өзгереді.

«Əріп» мəзірі:

  • «2 бөліктен əріп құрастыр», «4 бөліктен əріп құрастыр», «Əріп жина» əріптің оптикалық контурын бекітуге арналған. Олар деңгейлерге байланысты бөлінеді. Осы үш тапсырмада бала құрастыратын əріпті таңдай алады;
  • «Суреттер» сөздегі алғашқы əріпті табуға, анықтауға арналған. Сонымен қатар ұқсас фонемды əріптерді анықтауға ықпал етеді;
  • «Том жəне Тим» дауыссыз дыбыстардың жұмсақ-қаттылығына қарай дыбысты талдауын қалыптастырады.

«Буын» мəзірі:

  • «Сиқырлы құдық» жаттығуы алғашқы оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған. Сол арқылы балалар қиын буынды сөздерді айтуға жаттығады.

«Сөз» мəзірі:

  • «Тығылмаш» жаттығуы арқылы сөзге дыбыстық талдау жасауға жаттығады. Стимулды материалды таңдауға байланысты (суреттер, аудио) фонемды қабылдауын жан-жақты дамытуға болады;
  • «Мозаика» жаттығуы сөздің жазылуын тануға жəне сөзді тұтас оқуға үйретеді. Еске сақтау мен қабылдауды түзетеді.

«Сөйлем» мəзірі:

  • «Сөйлемді қалпына келтір», «Сөйлем құрастыр», «Түсіп қалған сөзді қой», «Сөйлемді аяқта» жаттығулары сөйлеу тілінің лексика-грамматикалық жақтарын дамытуға арналған. Ол балаға сөздер мен сөйлем арасындағы мағыналық жəне грамматикалық байланысты қоюға жаттықтырады.

«Мəтін» мəзірі:

  • «Мазмұндау», «Əңгімелеу», «Сурет бойынша əңгімелеу» жаттығулары байланыстырып сөйлеу тілін дамытуға арналған. «Мазмұндау» бөлімінде берілген тақырып бойынша əңгімелеуге арналған көмекші сөздер, сұрақтар, сөздіктер берілген. «Суретке қарап əңгіме құрау» бөлімінде суретшілердің 21 түрлі картиналары берілген (портрет, сюжетті суреттер, пейзаж). Əр суретке, оның эмоциялық мағынасына сəйкес музыкалық үзінді таңдалған. Ол баланың суретті сипаттауына көмектеседі.

«Сөздікпен жұмыс» жəне «Белсенді сөздігін қалпына келтіру»:

Тренажерда базалық сөздік енгізілген. Ол жалпы көлемі бойынша 4,5 мың сөзден тұратын 63 сөздіктен тұрады. Ол жалпы жəне тақырыптық сөздер («Киім», «Тамақтар», Мектеп» т.с.с.), сонымен қатар сөздіктер фонетикалық принцип бойынша құрылған). Баланың жеке мүмкіншіліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беріліп, логопедиялық жұмыспен қатар, баланың қабылдауын, зейінін, еске сақтауын дамытуға мүмкіндік берілді.

Аутизмі бар балалардың оқытуда, қарым-қатынасқа түсуін, əлеуметтік ортаға бейімделуін, сөйлеу тілін қалыптастыруда, психикалық үрдістерін дамытуда кешенді түзете-оқыту əдістерін жүйелі қолданып, пайдалану үдерісіне сараптаулар мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік беріп отыр:

  • тəжірибелік топтағы балалардың психикалық функцияларын қалыптастыру сапасы жоғарылады;
  • аталмыш жаттығуларды, тапсырмаларды орындауда балалардың белсенділігі, қызығушылығы арта түсті;
  • аутизмі бар балаларға жүргізілген эксперименттен кейін балалар мен педагог арасындағы қарым-қатынас жаңа қарқын алды;
  • аутизм диагнозы бар балаларға эксперимент жүргізу нəтижесінде жақсы нəтиже көрсетілді.

Түйіндей келе, біз мынандай қорытындыға келдік. Аутизмі бар балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу, өзінің қатарлас құрбыларымен қарым-қатынасқа жиі түсуін бақылау, отбасымен, арнайы мамандармен қарым-қатынасын, əлеуметтік педагог, психолог, логопед тарапынан қолдау табуы қажет. Балаларға түзету-педагогикалық көмек көрсету шараларын жүргізуде кешенді түзете-оқытудың, заманауи əдістердің маңызы зор. Аутизм диагнозы бар балалардың қоғамда өздерін ұстай алуын, достарымен қарым-қатынасқа түсуге əзірлігін  арттырудың маңызды тəсілі арнайы таңдап алынған түзету-педагогикалық көмек көрсетуді қолдану болып табылады.

Қорыта айтқанда, аутизмі бар балалармен жүргізілген жұмыс нəтижесі бойынша зерттеу болжамдарының дұрыс екені дəлелденіп, аутизм диагнозы бар балаларды оқытуда кешенді түзете- оқытудың, заманауи əдістерді пайдаланудың тиімділігі көрсетілді. Яғни, аутизмі бар балалармен жұмыс жүргізу барысында кешенді түрде əдістерді қолдану баланың сауығуына барынша мүмкіндік береді. Ең алдымен, баламен қарым-қатынас орнату оңайға түседі, қызығушылығы оянады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://tezister.net/index.php?newsid=102426&news_page=2
  2. Щипицина Л.М. Детский аутизм. Хрестоматия: учеб. пособие для студ. высш. и средн. пед. психолог. и мед. учеб. заведений. ¾ СПб.: Дидактика Плюс, 2001. ¾ С.
  3. Мамайчук И.И. Помощь психолога детям с аутизмом. ¾ СПб.: Речь, 2007. ¾ С.
  4. Юханнсон И. Особое детство / Пер. со швед. О. Б. Рожанской. ¾ М.: Центр лечебной педагогики, 2001. ¾ С.
  5. Аршатская О.С. Психологическая помощь ребенку раннего возраста при формирующемся детском аутизме //Дефектология. ¾ 2005. ¾ № 2. ¾ С. 46-56.
  6. Питерс Т. Аутизм: от теоретического понимания к педагогическому воздействию. ¾ СПб.: Ин-т специальной педа- гогики и психологии, 1999. ¾ С.

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *