Ұстаз — ұлы тұлға
Ұстаз — ұлы тұлға
Мұғалім ардақты ұмытылмас,
Өзіме бала күннен үні сырлас.
Нәр алып алғашқы рет сол ұстаздан,
Арманның асқарына ұмтылған жас!
Н.Әлімқұлов
Ұстаз… Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымнаақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі…Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ұстаз — өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне бел буған періште.Ұстаз — бұл қасиетті мамандық иесі, менің арманым бойынша, өте қайырымды, ешкіммен ешқашан сөзге келмейтін, сабақ барысында оқушыға деген қол үшін аямайтын адам…
Ұстаз деген кім? Ұстаз – шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам. Ұстаз болу — екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі, ол дәрігер сынды жас түлектердің болашағына жауапты. Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Ата-анамыз біз өмірге келген күннен бастап: жүріп-тұруға, оқуға, санауға, жаза білуге, қоғамдық орындарда өзімізді қалай ұстау керек екендігін үйретеді. Алайда ата-ананың үйде берілген тәрбиесі жеткіліксіз, өйткені олар балаға өзінің нәрестесі ретінде қарайды. Ата-анамыздан кейінгі ақылымен бөлісер, ар-ұятты бойғы сіңірер бірде-бір адам болса, ол – ұстаз. Ал мектептегі ұстаз балаға жеке адам, тұлға ретінде қарайды.
Осыдан он жыл бұрынең алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабын ұстатқан, алғаш әріп үйреткен-менің сүйікті де ең алғашқы ұстазым –Бота Диханбаевна. Ол кісі- менің ақылшым, алғашқы данышпаным, өмірге бағыттаушым болды. Оның жайдары күлімдеген көздерін үйде күнде көріп үйренгендіктен бе, біраз уақытқа дейін тентектеу болып өстім. Әліппені жаттатпай ұйқы бермейтін. Бұған өте қатты ашуланып, төрт қабырғаның төрт бұрышында да тұрып шыққан да кездерім болды. Қазіргі күнде алғашқы ұстазыма дән ризамын. Өйткені мен алғашқы ұстазымнан білім жолының таза, тура, әділ жол екендігін ұқтым.Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол- алғашқы ұстазым.
Бастауыш сыныпта жылап оқыған әліппем, бүгінгі күні маған «Әдебиет» деген үлкен әлемнің есігін ашты. Осы үлкен есікке барар жолды ұстазым Айгүл Мухсинқызынан тапқан болдым. Айгүл Мұхсинқызы-оқу үрдісінде оқушылармен қарым-қатынас үйлесімділік құрған ұстаз. Алғашқы күннен бастап сабаққа деген қызығушылығым оянған болатын. Айгүл мұғалім-өз ісінің шебері. Себебі, бізге қиын кезеңдерде қол ұшын созудан шаршаған емес.Ол кісі — алтыннан да бағалы ойларын, ақыл-кеңесін беруге әрдайым дайын жан.Сынып жұмысынан тыс тапсырмалар беріп, шығармашылығымызды шыңдатады. Ұстазымның келбетінен өз мамандығын сүйетін мұғалім екендігін бірден түсінуге болады.
Әр оқушының пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты екені баршамызға белгілі. Егер оқушы мен мұғалім арасында қарама-қайшылық болса, ол сабақтың қаншалықты қызық болғанымен де баланың оны білуіне құлқы болмайды, сабақты оқығысы да келмейді. Мұғалімдер өз елінің жас болашағына тәлім-тәрбие береді, бұдан тек қана баланың өмірі қалыптаспайды, сонымен қатар бұл ұлттың, елдің қоғамы қалыптасады. Қазақстанның өркендеуіне, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына үлкен әсер етеді.
…Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.
Ұстазымды мәңгі өлмейтін үлгі дер ем,
Өйткені орны бөлек өзгелерден.
Ұстазым еш жалықпай білім беріп
Көңілге нұр, өмірлік азық берген.
Шәкіртіңе бір өзің үміт арттың,
————————————————– ——————— ————————————————–
Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер.
Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындау.
Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Тіпті зәру. Әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін әрбір ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз.
Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да ұстаз.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім.
Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күні сізді құшаяқ жая қарсы алған аяулы жанның екінші анаңыздай болып кетерін сезініп көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Бірақ әрбір күн өткен сайын жаныңыздан табылып, әр аптаның жеті күнінде жеті рет көрісіп, көңіл ұясына тұрақтап қалған ұстазға деген махаббат өлмек емес.
Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Ұстаз – таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз – Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.
Ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған , Қазақстанның Еңбек ері, «Алтын жұлдыз» медалі мен «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл Төреқызы Миразова апайымыздың бойынан осы қасиеттердің бәрі танылады. Ұстазға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.
Ақ жүрекпен сезіп «Ұстаз бақытын»,
Шәкіртімен өткен барлық ғұмыры.
Сізге арнаймыз тілектің ең жақұтын,
Даңқыңыздың биік болсын тұғыры, –
деп, шын жүректен тілек тілейміз Аягүл Төреқызына.
Әл-Фараби: «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек»,-деген. Осы Әл-Фараби атамыз «ұстаздар қандай болу керек?» деген тұжырымынан біз Аягүл Төреқызының бейнесін көреміз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаз – Аягүл Төреқызының еңбегі зор. Сондықтан да Аягүл апайдың жарқын бейнесі әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”.Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстазымыз Аягүл апайымыздың жөні де, жолы да бөлек. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбегінің жанғаны күн–түн демей ел баласы үшін төккен терінің арқасы екендігін баршамыз мойындаймыз.
Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауына ел көлеміндегі ең басты, өзекті мәселелердің бірі — қоғамдағы мұғалімдер мәртебесін айқындау. « Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Бәрі мектептен басталады. Отбасынан кейінгі тәрбие мектепте қалыптасады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөздің аясында осы ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр. Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші адам, ұлы тұлға. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек именіп тұратынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей ерекше көңіл-күйді, толқуды бастан кешетініміз содан. Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Мектеп – алтын ұя. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Отбасынан, мектептен алған тәрбие, тағылым бұл сіздің өміріңізге берілген ең алғашқы жолдама, рухани талшық. Педагогикадан арнайы оқулық жазған Алаштың күн келбетті көркем ақыны, ардағы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп тегін айтпаса керек. Біз бүгінде мұғалім, ұстаз атына сол сөз биігінен қарауымыз керек». Елбасының сөзі ойымызға зор серпін, қуат береді. Мұғалім озық ойдың адамы. Ол ұлттық құндылықтардың қадірлеушісі, бардың бағасын, жоқтың қадірін білетін адам.
Алаштың арман қаласы Алматыда да сол ұлттық құндылықтарды бағалаушы мұғалімдердің бірі – Аягүл Төреқызы Миразова. Ұстаздықтың осы қасиетті міндетін терең сезінгенде ғана ұлт ұпайы түгел болады. Ұлы Баукең Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан Елбасы Жолдауында айтылғандай, осынау ұлы қызмет иелерінің мәртебесі әрқашан да биік, орны төрде болу керек.
Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Қазақ педагогика саласындағы Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері – Аягүл Төреқызы Миразова өзінің бір сұхбатында ұстаздар қауымы туралы былай дейді: «Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты. Балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу – ұстаздардың бақыты. Әрбір оқу жылының өз міндеттері мен талаптары болады. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға бірінші кезекте отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз қажет. Мектептің жақсылығы, нәтижелі болуы -ол ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Оқушылардың мектепке күліп кіріп, күліп шығуы – ұстаздар жетістігінің айқын көрінісі. Сондықтан, бүгін мектепке келген балалар мен олардың ата-аналарына мектеп талаптарын түсіндіріп, баланың білімді және тәрбиелі болуына күш салуымыз керек. Бұл – үлкен жұмыс. Қазір ата-аналар балаларын үйлерінің қасындағы мектепке бере салмайды. Таңдайды. Алыстығына қарамай жақсы мектепке бергісі келеді. Бұл ата-ананың бүгінгі таңда баласының біліміне, болашағына бей-жай қарамағандығы. Ата-аналарға да артылар жауапкершілік үлкен. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Бізде басқа Отан жоқ. Болашақ жастардың қолына. Сондықтан, Отанын сүйетін, еліне қызмет ететін, ата-анасын әлпештейтін, ұстазын сыйлайтын азаматтарды тәрбиелеп өсірсек, бұл міндетіміздің орындалғаны. Ұстаздардың жүгі жеңіл емес. Ұстаз ретінде әріптестеріме денсаулық тілеймін. Еңбектері жансын! Сол еңбектерінің рахатын көрсін! Беделімізді жоғалтпайық! Ұстаз деген ұлы атқа қай заманда да сай болайық!»
Кейінгі жас ұстаздар сіздің жасаған еңбегіңізді үлгі тұтып, сіздің бойыңызға дарытқан қасиеттеріңізді өз бойына дарытуға талпынып, алға ұмтылса, Қазақ елінің болашағы жарқын болады деп сенемін. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, шәкірт жүрегіне гүл егіп, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздардың мәртебесі арта берсін! Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызының да қаншама маман иесін тәрбиелеп, қаншама елдің саналы азаматтарын, дара тұлғаларын өсіріп, елге қомақты үлес қосып келе жатқаны жанымызға қуаныш, бақыт сезімін ұялатады. Бүкіл тәрбиелеп өсірген шәкірттері құрметпен бас иеді ұлы ұстазға! Мәртебеңіз арта берсін, Аягүл Төреқызы!