Тәуелсіздік -тірегім.
Атыгаева Бекзада Абдумажитовна
Тəуелсіздік -тірегім.
Тəуелсіздік-қасиетті, киелі ұғым. Ол ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, үміті мен сенімі. Ол-азаттықтың алтын арқауы, елдігіміздің мызғымас тұғыры. Егемендік бізге оңай келген жоқ. Тамыры тереңге тартқан тарих беттеріне үңілер болсақ, орыс отаршылдығы кезеңіндегі Сырым, Исатай, Махамбет, Жанқожа, Кенесары, Бекболат, Жəмеңке мен Ұзақ, Амангелді бастаған ірі көтерілістер мен ұлт азаттық күрестер Тəуелсіздікті аңсаған еліміздің жанкешті ерлігі мен тірлігін көрсетеді. Отызыншы жылдардағы қос нəубеттің қасіретін қалай ұмытамыз. Қолдан жасалған ашаршылық салдарынан халқымыз қынадай қырылды, «Қызыл империяның» құйтырқы саясатының құрбаны болған халқымыздың биік рухты, маңдайалды ұлдары «халық жауы» деген жаламен жазықсыздан-жазықсыз атылды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының кемел келешегі жолында басын бəйгеге тігіп, ажал оғына қасқая қарсы тұрған Алаш арыстары Əлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай əділдіктің ақ туын жықпай, арманда кетті. Тарихта теңдесі жоқ, миллиондаған жанның өмірін қиған Ұлы Отан соғысының отты жылдарында да қазақ халқының ұл-қыздары қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті. Кешегі Желтоқсанның ызғарында намысты ту етіп көтерген қазақ жастары тотолитарлық режимге қарсы шығып, ақ мұзда алау жаққаны биік рухтың, елжандылықтың жарқын көрінісі. Тəуелсіздікке жол ашқан ұлт-азаттық көтерілістің соңғы серпіні болды десек қателеспеспіз. Осылайша, Көкбөрідей киесі бар, көк түріктей иесі бар қазақ халқының сағы сынбады, бағы жанды. Тағдырымызға тəубе! Небір қилы заманды, «тар жол тайғақ кешуді» басынан өткерген қазақ халқына Алланың мейірі түсіп, Егеменді ел атандық! 1991 жылы 16-желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» конституциялық Заңы қабылданғанына да, міне, биыл-23 жыл толмақ. Осынау жылдар аясында еңсеміз биіктеп, рухымыз шалқи түсті. Төрткүл дүниеге «қазақ» деген ұлт, «Қазақстан» деген мемлекет танылды, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Шекарамыз айқындалып, жеріміз түгенделді. Елдігіміздің нышандары- Елтаңба жарқырап, көк Туымыз желбіреп, Əнұранымыз асқақтай шырқалды, ана тіліміз жанданып, дініміз оралды. Еуразия жүрегінде, арқа төсінде айдай сұлу Астана бой көтерді. Болашақтан үлкен үміті бар, өркениет өресіне қол созған, экономикалық жағынан дамып келе жатқан, тарихы тереңнен бастау алатын іргелі, бейбітсүйгіш ел екенімізді дəлелдедік. Осының бəрі
Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салихалы саясатының жемісі. Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде «Бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап, сақтаған қасиетті туған жеріміз-бірінші құндылығымыз. Бұл жер жүзден астам этностарды құшақ жая қарсы алып, қазір олар тату-тəтті өмір сүріп жатыр.
Екінші құндылық- бұл Тəуелсіздігіміз бен Азаттығымыз. Ол өз тағдырымызды өзіміз шешуге жəне тарих, бүкіл əлем алдында жауапты болуға құқық береді. Үшіншісі-бұл халықтың бірлігі, Туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісім» деп, Қазақ елінің үш маңызды құндылығын айқындап берген еді. Олай болса осынау үш құндылығымызды көзіміздің қарашығындай сақтау əр қайсысымыздың азаматтық, перзенттік борышымыз. Тарих атты ұлы көште əр кезеңнің алар орны, шығар биігі бар. Иə, уақыт бағамында 23 жыл қысқа ғана мерзім болғанымен, тəуелсіз еліміз үшін жүріп өткен жол, еңсерілген іс ғасырға пара-пар. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік рəміздерінің тарихы, олардың қадір-қасиеті мен мəн-мағынасының құндылығы бір бөлек.1992 жылғы маусымның 4-інде алғаш рет тəуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рəміздері бекітілді. Бұл күн мемлекеттік рəміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мəңгі қалды. Мемлекеттік рəміздер – біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тəуелсіздік-Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі –рəміздеріміз бар. Оның біріншісі- Елтаңба, екіншісі-Əнұран,үшіншісі-Көк байрақ, төртіншісі – қазақ тілі» деген сөзі соның дəлелі. Сондықтан рəміздерімізді қастерлеу, оған құрметпен қарау- бойымыздағы елжандылығымыздың, Отанға деген сүйіспеншілігіміздің бір белгісі.Ту- мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рəміздің бірі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Туының бiрыңғай көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанды, Қазақстан халқының береке-бірлігін, ынтымағын, ниет-тілектің тазалығын, адалдығын бейнелейді. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым, бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты, күш-қуатты меңзейдi. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң жəне өмiрдiң белгiсi. Күн – уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс –биік мақсаттар мен жарқын болашақтың, қырағылық пен мəрттіктің символы, ол билiк, айбындылық бейнесi. ҚР мемлекеттік туының авторы – суретшi Шəкен Ниязбеков.
Елтаңба – Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рəмiздерiнiң бiрi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рəмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рəмiздiк тұрғыдан алып қарасақ мемлекеттік гербiнiң негiзi – шаңырақ. Ол – гербтiң жүрегi. Шаңырақ – мемлекеттiң түп-негiзi отбасының бейнесi. Шаңырақ – күн шеңберi. Айналған күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi. Шаңырақ – киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар – дала дүлдiлi, ер-азаматтың сəйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тəуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол – ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол – өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тəттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi.
Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тəжi iспеттi. Əрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Ж.Мəлiбеков пен Ш.Уəлиханов.Гимн – ел азаматтарын тиімді əлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномəдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мəнге ие, маңызды дыбыстық рəміз саналады. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині
«салтанатты əн» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді əлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномəдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мəнге ие, маңызды дыбыстық рəміз саналады. Кез келген халықтың тарихында музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың əнұраны болған. Мұндай əндер қазақ халқында да көп. Соның бірі – жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» əні. Осындай бір екінші əн – «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келген еді. Ақын Жұмекен Нəжімеденов пен сазгер Шəмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақстаным» шын мəнінде қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімі мен үкілі үмітін арқалаған ресми емес гимн болды. Тарлан тарих араға жылдар салып оны мемлекетіміздің ресми Əнұранына айналдырды. Осы тұста тəуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ақындар Мұзафар Əлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дəрібаева мəтін сөздерін жазған алғашқы Əнұранымыз өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарғанын əділдік үшін айта кету керек. Ал заман талабына сай 2006 жылғы қаңтардың 6-сында Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рəміздер туралы»
Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін, арада төрт күн өткесін, яғни қаңтардың 10-ында «Менің Қазақстаным» ресми Əнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа гимнінің туған күні ретінде жазылды. Əуенін Шəмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нəжімеденов жазған Əнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор – еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін паш ететін, ортақ мақсатқа топтастырып, біріктіруші күшке ие-мемлекеттік рəміздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлей білейік! Ашық аспанда көк туымыз желбіреп, Əнұранымыз асқақтай берсін!