Жұртына білім сыйлаған… (Ы.Алтынсариннің туған күніне орай)
Абай атындағы РММИ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, тәрбиеші
Қаленова Клара Ғабитқызы
Жұртына білім сыйлаған…
(Ы.Алтынсариннің туған күніне орай)
Кешегі бабаларымыз қалап кеткен, тамыры терең тарихтың сан қатпарына үңіліп, бойлай алмасақ болашағымыз бұлыңғыр. Бүгінгі және келер ұрпақ көне тарихты, бабаларымыздың тектілігі мен ерлігін, өнері мен өнегесін біліп өссін десек, ұлт тарихындағы ұлы ұстаздарымыздың бірегейі болған Ыбырай Алтынсаринді танулары қажет.
Ыбырай Алтынсарин – теңіздей толқып тасыған білімі мен қажырлы қайратымен жас ұрпақты оқу-білімге шақырған дала қоңырауы. Қазақ халқының қилы тағдырында ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған, еңбегі бөлек ірі тұлға. Надандықтың айсыз қараңғы түні қазақ халқын білім сәулесінен тұншықтырып тұрғанда, тұншыққан елге дем болған, қара жерге нұр болған, білім жолында жанған шамшырақ еді.
Тың жерден түрен тартып, дән сепкен диқандай қазақ даласына білімнің алғашқы нәрін себуге белсене кіріскен Ыбырайдың екінші қараша туған күні. Қазақ халықның маңдайына біткен жарық жұлдызының дүниеге келген күнін, жас ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді.
«…Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын» – деп бастаған Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының білім жолында жанған шамшырағы болды. Қазақ даласында мектеп ашу ісі оңай болмағаны рас. Өкімет пен жергілікті биліктің кедергісіне ұшырай жүріп, тұңғыш қазақ мектебін ашты. Қазақтың даласында «Дала қоңырауы» сыңғырлады…
Оқуды ана тілінде жүргізіп, оқыту әдістерін оқушының ынта мен қызығушылығына бағыттай отырып, тәрбиелей оқытуды жоспарлайды. Алғашқы оқулықты өзі құрастырып, өзі сабақ жүргізеді. Оның бірінші бетіне бәрімізге белгілі: “Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық” , – деп бүкіл қазақ даласын білімге шақырған өлеңін жазды. Білімге сусаған қарапайым халық бұл маңызды бастаманы қуана қарсы алды. Ыбырай Алтынсарин шашқан білім сәулесі бар халықты алға жетелеген үміт отындай болды.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» – дейді әл-Фараби. Бабаларымыздан жеткен базыналы ойдың дұрыстығын Ыбырай Алтынсарин де өз ұстаздық тәжірибесінде айқындап берді. Балаларға білім нәрін берумен қатар, «Әке мен бала», «Асыл шөп», «Алтын шекілдеуік», «Бақша ағаштары» т.б. әңгімелері арқылы тәрбиенің бағып-қағудан басталатындығын ата-аналарға ескертсе, «жақсылық пен жамандық қасиеттер адамның іс-әрекеттері арқылы сыртқа көрінеді» дей келіп, зинақорлық, кісі ақысын пайдалану, ішімдікке үйірлілік, біреуді тонау мұсылмандылыққа жат қылықтар деп отандастарын, әсіресе, жастарды ондай әдеттерден аулақ болуға үндейді.
Еңбек – адамның екінші анасы. Жазушы-ұстаз оқып, ұғынуға қолайлы, әрі қызықты шағын әңгімелерінде «Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай тағала еңбек етуге жаратқан», – деп өсиет айтып, тіршіліктің тұтқасы еңбекте деген ой қорытады. Өскелең ұрпаққа тек білім беріп қоймай, сол білімді тәрбиемен ұштастырып отырғандығы, еркін өскен елгезек ұлдары мен қыздарын еңбекке шақыра білуі – Ыбырай ұстаздығының ұлылығы. Ұстаздың үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесімен талай шәкірт түледі. Олар өз кезеңдерінде білімді, елін сүйген азаматтар болды. Солардың бірі де бірегейі – жазушы, қоғам қайраткері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, ауылдарда мектеп ашқан, өзінің саналы ғұмырын ағартушылық қызметке арнаған Спандияр Көбеев еді. Еліне ерен еңбек еткен Ыбырай шәкірттері Спандияр Көбеевпен шектелмейтіні, Ол еккен білім дәнінің бүкіл қазақ даласына жайылғаны бәрімізге мәлім ақиқат.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. Міне, біз – ұстаздар қауымы – Ыбырайдай жаңашылдықтан тайынбай, өскелең ұрпаққа өнеге беруден жарыса еңбек сіңірсек, біздің де шәкірттеріміз елім дейтін ерлер болары сөзсіз.