Менің тәжірибемдегі қашықтықтан оқыту технологиясы
Тулеушов Галымжан Сатыбалдиевич
Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі
Интернет пен компьютерлік технологиялардың дамыған заманында білім беруді қашықтықтан жүзеге асыру жаңа дүние емес. Көптеген батыс елдері қашықтықтан оқыту бойынша үлкен прогресстер жасады. Елімізде бұл жаңашылдықтан артта қалмай, еліміздегі белді деген университеттер өзінің қызметтерін қашықтықтан жүзеге асыруда. Сонымен қатар Елбасымыз негізін қалаған Назарбаев Зияткерлік мектептерінде семинарлар мен тренингтер, шетелдік әріптестермен және өзара тәжірибе алмасу да ішінара вебинар форматында өтетіндігі бәрімізге белгілі. Мақалада қашықтықтан оқытудың негізгі тұжырымдамасы және осы бағытта өзім жасаған жұмыстар жайында сөз қозғалады.
Жалпы, қашықтықтан оқыту – мұғалім мен оқушы арасында белгілі бір арақашықтықта ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен оқыту. Қашықтықтан оқытуды онлайн және оффлайн деп екі түрлі формаға ажыратып көрсетуге болады. Қазіргі таңда мен қашықтықтан оқытудың екі формасын да қолданып сабақ өткізудемін.
Қашықтықтан оқытудың оффлайн формасы мұғалімнің тікелей қатысымын қажет етпейді. Бұл форматтағы оқыту көбіне белгілі тақырып бойынша алдын ала түсірілген сабақ барысын юдеми (udemy), курсэра (coursera), ютуб (youtube) секілді арнайы платформаларға орналастырылып білім алушыға ұсынылады. Оффлайн оқыту мұғалім мен оқушының бір мезетте интернет желісі арқылы байланыста болуын міндеттемейді. Оқушы ақпаратқа өзіне ыңғайлы қалаған уақытында қол жеткізе алады. Оффлайн форматында «ChemEasy химия бізбен жеңіл» атты ютуб каналында мен де оқушыларыма арнап видео сабақтар түсіріп салып жүрмін. 10 минуттық сабақты дайындап түсіруге және өңдеуге барлығы 1 сағат аралығында уақыт кетеді. Оффлайн форматында сабақ дайындау үшін мен «Camtasia Studio» атты экранды түсіретін бағдарламаны, жазу үшін SketchBook бағдарламасын және қосымша «One by Wacom» ұсынған графикалық планшетті қолданамын. Бұл бағдарламалар қолдануға ыңғайлы, әрі сапасы өте жоғары видео сабақ түсіруге мүмкіндік береді. Видеоны түсіріп өңдеген соң материалды «ChemEasy химия бізбен жеңіл» атты ютуб каналына жүктеймін және сілтемесін оқушыларыма жіберемін. Оқушылардың сабақты қарағандығын, берілген сабақты меңгергендігін тексеру мақсатында видеодағы тақырып бойынша қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын дайындаймын. Әдетте бұл тапсырмалар оқушылардың жеке почталарына жіберу арқылы жүзеге асады. Тапсырмаларды орындауға және кері өзіме жіберуге сұрақтардың қиындығына сәйкес уақыт беріледі. Оқушы орындаған әр тапсырма мұқият тексеріліп, кері байланыс түрінде жіберіледі. «ChemEasy химия бізбен жеңіл» каналында дайындалған сабақтар тек өз оқушыларым арасында ғана емес сонымен қатар бүкіл ел аумағында кеңінен таралуда. Қазіргі таңда ютуб каналыма тіркелушілер саны күн санап өсіп, салынған видеолардың алғашқылары 15000-нан аса көрермен көріп, жақсы пікірлер қалдырған. Бұл өзім жасаған жұмыстардың оң нәтижесі деп білемін.
Қашықтықтан оқытудың келесі түрі онлайн форматы мұғалімнің тікелей қатысымын қажет етеді. Бұл форматта оқыту көбіне скайп, вебинар, соңғы кезде жиі сөз болып жүрген зум (zoom) секілді бағдарламалар мен платформалар арқылы жүзеге асады. Біз Назарбаев Зияткерлік мектептері қазіргі таңда майкрасофт тимс (Microsoft Teams) платформасы арқылы жұмыс жасаудамыз. Бұл платформа сөйлесулерді, сұхбаттарды, онлайн жиналыстарды, ортақ файлдарды бөлісуді, тапсырмаларды бір интерфейсте жасау арқылы жұмыс өнімділігін арттырады. Майкрасофт тимс бағдарламасында жұмыс жасау өте ыңғайлы. Оқушылар үшін арнайы топ құрып, есептерді арнайы тапсырмалар бөліміне салуға болады. Бұл оқушылардың тапсырманы орындап мұғалімге кері жіберуге мүмкіндік береді. Майкрасофт тимс платформасында жұмыс жасау барысында кездескен негізгі кедергі бір уақытта тек 4 адамның ғана видео трансляциясын көре алуымда болды. Бұл оқушылардың бөлім бойынша жиынтық бағалауын жүргізу кезінде кедергі келтіреді, себебі экран арқылы 4-ақ қана оқушы сіздің бақылауыңызда болып қалғаны назардан тыс қалады.
Мақалада қарастырылған оқытудың екі форматының да басты мақсаты оқушының терең білім алып, ақпаратты жоғары сапалы деңгейде меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталғандығы. Қазіргі таңда мен аталған оқытудың оффлайн және онлайн форматын өз тәжірибемде кеңінен қолданып жүрмін. Бұл маған сабақты сапалы өткізуге, ал оқушыларымның түсінікті, сапалы білім алуына мүмкіндік беруде. Толықтай оффлайн немесе толықтай онлайн форматта оқыту ол жақын болашақта жүзеге аспайтындығы айдан анық. Сөз соңында айтқым келетіні, әлемдік білім беру тенденциясымен тереземіз тең деңгейде жүреміз десек аталған қашықтықтан оқыту әдістерін бірдей дәрежеде мектеп өміріне енгізуіміз міндетті. Бұл сөзімізге Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың асқан көрегендікпен айтқан Қазақстан халқына жолдауы дәлел бола алады: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет.