«КИБЕРБУЛЛИНГ» ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Бүгінде қай-қайсымыз болсын «айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» (Ы.Алтынсарин) осы жаһандық «тордың» тұтқынымыз. Мұндайда ес білетін ересектерден бұрын оңы мен солын танып үлгермеген балалар мен жасөспірімдер үшін алаңдайтын болдық. Оған себеп – баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізетін буллинг пен кибербуллингтің кесірі. Бүгінде еліміздегі 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12%-ға жуығы – осы кибербуллингтен жапа шеккендердің қатарында.

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назардан тыс қал­дырған жоқ. Мемлекет басшысы биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жол­дауында «Балаларды кибербуллингтен қор­ғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», деген еді. Ел Президентінің осы тапсырмасын тиісті органдар қаперге алады деп сенеміз. Себебі, ертеңгі ұрпақты кибершабуылдан қорғауды заң жүзінде қолға алатын күн әлдеқашан туған болатын. Бұл жұмыс жедел қолға алынбаса алдағы күні сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Тіпті, осы бастама Мемлекет басшысының қолға алуын күтіп отырмай, Қазақстан интернет желісіне алғаш қосылғаннан-ақ басталуы тиіс еді. Себебі, бүгінде жат ағымның жетегінде кеткен жастардың басым көпшілігін де осы кибершабуылдың құрбаны деп қарауға болады.

Буллинг пен кибербуллинг мәселесін қозғамас бұрын осы сөздердің шығу тарихына, мән-мағынасына үңілген жөн болар еді. Буллинг (bullying) сөзі ағылшын тілінен аударғанда қорлау, қудалау, мазалау, кемсіту, қорқыту дегенді білдіреді екен. Бүгінде осы буллинг ұғымы интернет желісі дамығалы бері әсіресе әлеуметтік желілерде жиі көрініс тауып, оны кибербуллинг деп айдарлап алдық. Яғни кибербуллинг – адамды интернетте, мәселен, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау дегенді білдіреді. Жасыратын несі бар, осы күні балалар заман ағымынан, көштен қалмасын деп гаджеттер мен телефонға үйірсек етіп алдық. Сарапшылардың ай­туынша, еліміздегі ата-аналар балаларына смартфонды алғаш 3 жасында ұстататын көрінеді. Ал 4-6 жастағы балалардың 54%-да өзінің жеке телефоны немесе планшеті болатын болса, бала 14 жасқа келгенде бұл көрсеткіш 97%-ға жетеді екен.

Хат-хабар алысып, жүріс-тұрысын қадағалап тұрған жақсы әрине. Бірақ, таяқтың екі ұшы болмай қоймайды ғой. Өкініштісі сол, бүгінде заманауи технологиялардың пайдасынан гө­рі зия­ны көбейіп барады. Әсіресе, әлем­ді әбігерге салған пандемия кезінде бала­ның білім алуы да онлайн жүйеге көшіп, оқушы компьютер мен телефоннан бас алмайтын болды. Мұндайда бала сабағын оқып қана қойса жақсы ғой. Ата-анасы біле бермейтін түрлі қосымшаларды жүктеп, интернет кеңістігін шарлай бастайтыны көңілге күдік ұялатады. Әлеуметтік желілерді ақтарып, бұрын-соңды түрін көріп-білмеген, жасынан да, жынысынан да бейхабар «достар» табатынын қайтерсіз. Ондай онлайн достың да досы бар. Бірі ермек үшін әңгіме-дүкен құрса, енді бірі арам оймен баланың сеніміне кіруге тырысады. Біз қозғап отырған бүгінгі мәселе де осы ойында жымысқысы бар жүзіқаралар туралы болмақ. Олар алдымен түрлі ойындар арқылы баланы қызықтырады. Одан соң бала туралы мәліметті жинап алып, бірте-бірте қорқыту, бопсалау, сендіруге көшеді. Ақыр соңында аңқау бала жалған аккаунт иесінің айтқанына көніп, айдағанына жүретін деңгейге жетеді. Осындай «достықтың» соңы бала­ның өз-өзіне қол жұмсауымен аяқ­тал­ған қайғылы оқиғалар да аз болмай отыр. Біз мойындай бермейтін бүгінгі шындық – осы!

Осы мәселені қоғам белсенділері де жиі көтеріп келеді. Ондай белсенділердің қатарында халықаралық «Expo&Women» ұйымының басқарма төрағасы Ләззат Асқарова да бар.

– Көп жыл мектепте жұмыс істедім. Балалармен тығыз қарым-қатынаста болдым. Алайда буллинг сөзі бұрын-соңды қолданысымызда болған жоқ еді. Әрине, балалар арасында түрлі кикіл­жің, түсінбестік болып жатады ғой. Ұстаз әрі сынып жетекшісі ретінде бұл мәсе­лелерді барынша шешуге, бала­ларға қолұшын созуға тырысып жүрдім. Кейінгі жылдары бұл мәселе тым күрделеніп кетті. Бұған ең алдымен адамдардың «маған барлығы рұқсат етілген» деген түсінік-танымы себеп болып отыр. Екіншіден, біз құқық түсінігін де бұрмалап алған тәріздіміз. Аузыңа келгенді айтуға, өзіңнен жасы кішіні қорлауға, сенен жақсы оқитынды келеке қылуға, телефоны қымбатырақ болса көре алмауға етіміз үйреніп барады. Бұл да адами құндылықтардың құрдымға кетіп бара жатқандығының бір көрінісі. Осы мәселе мені балалардың анасы, неме­релерімнің әжесі, қоғам белсендісі ретінде алаңдатады.

Буллингпен қатар, кибербуллинг мәселесі де аса маңызды. Бірнеше жыл бұрын кибербуллингтің салдары тұрмақ, бұл сөз туралы да естімеген болатынбыз. Технологияның дамуы мен интернет желісінің қолжетімділігі адамдардың «маған барлығы рұқсат етілген» деген пайымын одан сайын нықтай түсті. Қолданушылар белгісіз аккаунт ашып, бейтаныс адамның суретін қоя алады. Мұның қауіптілігі сол, жүзі­қаралар осы интернет желісі, жалған аккаунт арқылы балалармен танысып, олар­дың сеніміне кіретінді шығарды. Сеніміне кіріп алған соң қорқыту, бопсалау, оғаш қылық жасауға итермелеу сынды заң бұзушылықтарға баратын болыпты.

Деректер елімізде ай сайын әр бесінші бала осы кибербуллингтің қатысушысы немесе зиян шегушісі екенін айғақтап отыр. Бір қызығы, зерттеушілер кибербуллингке бел буғанның да, одан жапа шеккеннің де болашақта психикалық ауытқушылыққа шалдығатынын анық­тап­ты. Өкініштісі сол, бұл жат әдет ин­тер­неттегі қазақ тілді аудитория арасына да дендеп барады. Мәселен, Арыс қала­сының азаматы Telegram әлеуметтік желі­сінде арнайы топ ашып, балалар мен жасөспірімдерді өз-өзіне қол салуға итер­мелеген көрінеді. Алайда құ­қық қорғау органдары қылмыскерді уақытылы анықтап, бала өліміне жол берген жоқ.

– Несін жасырайын, менің үлкен қызым планшетті қолына небәрі 2 жасында ұстады. Тіпті, сол кездің өзінде бір­те-бірте мультфильм көре бастады. Өкініштісі сол, ата-аналар балаға смартфон мен планшетті үйренсін, айналасын танысын деп емес, өзіне көбірек уақыт қалсын, мазалай бермесін деп береді. Үй тұрмақ, көлікте отырсақ та, мей­рамханаға барсақ та балаға гаджет ұс­татамыз. Ол – дұрыс емес. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Біз осыдан арылуды үйренуіміз керек, – деп отыр ТМД және Балтық елдеріндегі Касперский зертханасының басқарушы директоры Евгений Питолин.

Осы күні ғаламторда баланың өз-өзіне, жақындарына, туыстарына қол жұмсауына итермелейтін ойындар да аз емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын кибербуллингтердің жемісі саналатын «Көк кит», «Тыныш үй», «Мені сағат 04:20-да оят», «Қызыл жапалақ», «Киттер мұхиты», «Құс жолы», «NaN», «F57» сынды ойындар дүние жүзін дүрліктіргені белгілі. Енді алаңдап отыр­ғанымыз, осындай қауіпті ойындар қазақ тілінде де пайда бола бастапты. Мысал ретінде «Жұмаққа бастар 5 қадам» ойынын айтуға болар еді.

Мұндай ойындардың жолы жабылып, аккаунт иелері әшкереленіп жат­қанымен, біржола келмеске кетті деп айтуға тағы болмайды. Мәселен, біз атаған «Көк кит» ойыны түрленіп «Жаңа жол» деген атаумен тарағанын естідік. Сонымен қатар #тынышорман, #жапалақешқашанұйықтамайды, #F15, #L13 және #YG4 хештегтері де елді алаңдатып отыр. Арыстағы азамат Telegram-ды пайдаланған болса, қалған ойындардың басым көпшілігі «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде орналастырылғанын айтқымыз келеді.

P.S. Бала тәрбиесін ата-әжеге емес, әлеуметтік желіге, интернетке табыстаудың зардабын ең алдымен ата-ана тартады. Заманауи технологияның мүмкіндігі күн санап түрленіп жатқан ХХІ ғасырда осы мәселеге мән беретін кез келген сыңайлы. Бауыр етіміз бассыздыққа бармасын, ала жіптен аттамасын десек алдымен өзіміз үлгі болуымыз қажет. Заң күшеюін күшейеді ғой, бұдан бұрын балаға барынша көп көңіл бөлу де артық етпейді. Ол енді – өз қолымызда!   

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *