Жауапты мамандық
Мамандығым – мақтанышым.
Дүние жүзіндегі ең ауыр жұмыс, ең үлкен жауапкершілік иесі кім деп сізден сұрайтын болса, ойыңызға қандай мамандық иесі келетін еді, кімді осындай категорияға жатқызатын едіңіз? Бәлкім, ойланбастан өзіңіздің мамандығыңызды айтарсыз, бәлкім, қиялдан бір мамандық ойлап табарсыз. Шындығына келсек, дүние жүзіндегі мамандықтың әрбірі ауыр, әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мамандықтарды осылай бөліп – жару да дұрыс емес шығар. Алайда, саны жетпес мамандықтардың ішінде адаммен тікелей байланысқа түсетін мамандықтардың, оның ішінде адамды тәрбиелеуге тырысатын мамандықтардың жөні бөлек, көтерер жүгі басқа. Өйткені, бұл жұмыста сіздің істесетін объектіңіз жансыз, мылқау зат емес, жаны, тілі бар тірі адам. Оның тілін табу, ортақ келісімге келу оңайға соқпайды. Тәрбиешілік атам заманнан бері келе жатқан жауапкершілікті іс. Ол әрбір салада көрініс табады, әрі қоғамдық өмірде үлкен маңызға ие. Біздің қозғайтынымыз болса, балабақшадағы тәрбиешілік.
Тал бесіктен жер бесікке дейін созылатын мына ғұмырымызда қызықтың бәрі бала кезде басталады. Адам мінезінің қалыптасуы, адами принциптердің орнығуы да осы кезеңнің еншісінде. Қолыңызды кеш сермегіңіз келмесе, болашақта “әттең” дегізетіндей өкінішке түскіңіз келмесе – балаңызды тәрбиесіне жанашыр болатын тәрбиешінің қолына тапсырыңыз. Қазіргі “уақыттың да уақыты жоқ” заманда, балама толықтай уақытымды арнаймын, көңілімнің жүз пайызын оған бөлемін деген жұптар өте сирек, көбіне тәрбиеші маманына жүгінуге тура келеді. Сол себепті, тәрбиеші өте үлкен сұранысқа ие мамандық.
Тәрбиеші дегеніміз өз – өзін бағындыра білген адам, тәрбиені өзінен бастаған адам. Нәпсісін тежей алатын, мақсатына берік адам, “мықты болсаң, өзіңізді жең” демекші, күш жігерін шыңдаған адам.
Абай атамыз айтқандай «жас бала анасынан туғанда екі мінезбен туады, біріншісі – «ішсем, жесем, ұйықтасам, ойнасам» болса, ал екіншісі, «білсем, көрсем, қарасам, ұстасам, ол немене? Ол кім екен?» деген қызығушылығы тұрады.
Еліміздің болашағы болған балаларға тәлім – тәрбие беру өте маңызды. Оларға дұрыс бағыт – бағдар беру мектепке дейінгі білім нәрін беріп, оларды өз баласындай аялап, жан – жақты жетілдіру бала бақша тәрбиешісі үшін оңай жұмыс емес екені айтпасада белгілі.
Егеменді еліміздің енсесін көтеретін рухты ұл – қыздарымызды жастайынан жақсы білімге, өнерге, адамгершілікке тәрбиелеу әр тәрбиешінің негізгі міндеті және адамдық борышы. Бұл мамандық кішкентай ғана бүлдіршіндерді не айтқысы келгенің сөздерінен, көздерінен, көңіл – күйлерінен аңғара білу үшін мол тәжірбиемен қатар жоғарғы біліктілікті, шыдамдылықты, сабырлықты талап етеді.
Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қоғалы ауылы «Қарлығаш» балалар
бақшасының тәрбиешісі: Курмангалиева Айгерим Сагатовна