Абай қалдырған із – мәңгілік мұра!
Абай қалдырған із – мәңгілік мұра!
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Даналықты көздесең
Жат, тоқып ал көңілге, – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз жырлағандай, Абай – мен үшін өлеңнің атасы. Абай Құнанбайұлы қазақ халқының басындағы мәңгі өшпес жарық жұлдызы. Абай – қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл. Ақын ел арасында болатын көптеген жағымсыз әрекеттер: іштарлық, көрсеқызарлық, сондай ақ көреалмаушылық, еріншектік, жалқаулық сияқты теріс қылықтардан аулақ болуға үндеп, ұрпаққа үлгі көрсетпек түгілі қара басын әрең алып жүрген мына халықтың берекесіз тірлігін күні бұрын көріп тұрғандай ашық та айқын суреттеп, тереңнен баяндаған. Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егіншілікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды:
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде».
Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Абай жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді.
Сонымен қатар ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да кең ауқымды мұра қалдырды. Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі — олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығынан да, халық санасынан өшпес орын алды. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Осындай мәңгі жасыл нәрлі мұраның асылын қанып ішіп, өміріне қажетті дүниелерді бойына жия білген әрбір жас ұрпақ – нұрлы да шуақты болашақтың иесі боларына кәміл сенемін.
Шаймерденова А.Е.
Бастауыш сынып мұғалімі
СҚО Петропавл қаласы