“Ұлы ақын – Абай Құнанбаев!”
Абай – ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы.
Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.
Ғасырлар бойы қалыптасқан экономикалық жағдай, тұрмыс салты үлкен өзгеріске түсіп жатқан аумалы-төкпелі заманда қоғам көшінің ендігі бағытын айқындау, қалайда елдің елдігін, тұтастығын, халықтың ұлттық рухының тазалығын сақтай отырып, жаңа жағдайға бейімделу -бұлар дәуірдің, әлеуметтік өмірдің өзі туғызған тарихи қажеттілік болды.
Осы қажеттілік бүкіл қоғамдық ой-санаға, әдебиет пен өнерге жаңа серпін берді. Нағыз халықтық, реалистік принциптерге негізделген жаңа жазба қазақ әдебиеті, Абай шығармалары осы қоғамдық сұранысқа толық жауап берді.
Ақын шығармаларын оқи отырып, біз оның адам жаны мен уақыт талабын жете түсінген дарын иесі болғандығына көз жеткіземіз.
Абай өзінің адамгершілік, гуманистік, қоғамдық, эстетикалық ізденістерін бүкіл дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұластырып, өзі де жаңа биік деңгейге көтеріле түсті, сол арқылы бүкіл адамзаттық идеяларға жол тапты.
Ол қазақ поэзиясының, халық даналығының барша жақсы тәжірибесін бойына сіңіре отырып, ұлттық поэзияны, өнерді, қоғамдық ойды байытты, жаңа сапалық биікке алып шықты.
Абайдың әдеби мұрасының дүниежүзілік мәні оның өз шығармаларында туған халқының мүддесін, түпкі мақсат-мұратын айқын көрсете отырып, жалпы адамзаттық құндылықтарды жете бағалай білген ұлы ақынға тән суреткерлік дарындылығынан, кемеңгер ойшылдығынан айқын танылады.