Тәрбиелі ұрпақ – ел болашағы

Тәрбиелі ұрпақ – ел болашағы.

Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы.

 

Бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің бірі – отбасындағы балаларды ата – ананың алаламауы. Өзін отбасында артық адам секілді сезінуі баланың психологиясына кері әсерін тигізуі ықтимал. Осының салдарынан баланың бойында бір дұшпандық, ата – анасын сыйламай кету деген сияқты жағымсыз мінездер қалыптаса бастайды. Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін, балаларды бөліп жармай оларды бірдей көру керек.

Баланың өз ойын түсінікті, ұғымды жеткізе білуі отбасынан бастап қалыптасады. Оның алғашқы ұстазы – ата – анасы, тетелес ағалары мен әпкелері. Олармен күнбе – күн араласу, сөйлесу арқылы баланың тілі, іс – әрекеті, мінезі күн санап жетіле береді. Адамның тілі неғұрлым бай болса, ойыда соғұрлым кең болады.

Тәртіп – әдептің бір түрі. Ол адамның жеке және қоғамдық өмірінде, күнделікті тұрмыс тіршілігінде, ұжымдық және қоғамдық істе ерекше маңызды. Бәленің көбі тәртіпсіздіктен туындайды.

Біз күнделікті тіршілікте «тәртіпті бала», «тәртіпті қыз», «тәртіпті оқушы» дегенді жиі айтамыз. Сол арқылы балаға жақсы баға береміз. Оған көңіліміз толады. Баланың отбасынан алған тәртібі, тәрбиесі – оның келешегінің айнасы. Қандай қоғам болсада, тәртіпті қажет етеді. Сондықтан қайткенде де баланы тәртіпті болып өсуіне ата-ана жауапты. Тәртіп – өзіңді-өзің қадағалудың, өзіңді-өзің басқарудың көрінісі мен құралы.

Тәртіпті адам барлық жерде де: үйде, балабақшада, мектепте, қоғмдық орында, іс үстінде, демалыста болсын, адамдар арасында немесе жеке, соқа басы жүргенде болсын, өзінің басқалардың алдындағы жауапкершілігі мен міндетін ұмытпайды.бұл оның мәдениеттілігінің де белгісі. Өйткені ол адам үшін тәртіптілік – амалсыз атқаратын міндет емес, іштей мойындап қажет саналған іс – әрекет. Ондай адам сыпайы әрі талапшыл болады. Демек, тәртіптілік – жөнділікті, тәртіпсіздік жөнсіздікті тудырады.

Бүгінгі бәсекеге қабілетті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, кісінің алажібін аттамайтын иманды азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді.

Тәртіп көрген адам бала күнінде,

Өнерімен қуандырар түбінде.          Жүсіп Баласағұн

Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру. Балаларымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата – анасына, құрбы – құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты.

 

Алматы қаласы, №179 бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі:

Бейсембаева Маржан Тоқтарқызы

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *