Ұстаз ұлағаты – әлеумет әлеуеті
Ұстаз ұлағаты – әлеумет әлеуеті
Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі -Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға , дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мамандық иелерін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді.
Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Ұстаз – таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз – Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Ұстаз – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі . Ұстаздың негізгі басты мақсаты – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер ізденуші, зерттеуші, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде білім беру саласына үлкен жауапкершілік жүктеді. Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды . Өйткені,әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде.
Ұстаз… Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымна ақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі…Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Ұстаз — өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне бел буған періште.Ұстаз — бұл қасиетті мамандық иесі, менің арманым бойынша, өте қайырымды, ешкіммен ешқашан сөзге келмейтін, сабақ барысында оқушыға деген қол үшін аямайтын адам…
Ұстаз деген кім? Ұстаз – шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам. Ұстаз болу — екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі, ол дәрігер сынды жас түлектердің болашағына жауапты. Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Ата-анамыз біз өмірге келген күннен бастап: жүріп-тұруға, оқуға, санауға, жаза білуге, қоғамдық орындарда өзімізді қалай ұстау керек екендігін үйретеді. Алайда ата-ананың үйде берілген тәрбиесі жеткіліксіз, өйткені олар балаға өзінің нәрестесі ретінде қарайды. Ата-анамыздан кейінгі ақылымен бөлісер, ар-ұятты бойға сіңірер бірде-бір адам болса, ол – ұстаз. Ал мектептегі ұстаз балаға жеке адам, тұлға ретінде қарайды.
Осыдан жиырма жыл бұрын алғаш мектеп табалдырығын аттап кірген сәтімде күлімдеп қарсы алған, қолымнан жетектеп партаға отырғызып, «Әліппе» кітабін ұстатқан, алғаш әріп үйреткен-менің сүйікті де ең алғашқы ұстазым –Алшакүл Абдрахманова . Ол кісі- менің ақылшым, алғашқы данышпаным, өмірге бағыттаушым болды. Оның жайдары күлімдеген көздері жадыраған жүзі әлі есімде. Қазіргі күнде алғашқы ұстазыма дән ризамын. Өйткені мен алғашқы ұстазымнан білім жолының таза, тура, әділ жол екендігін ұқтым .Бәрімізді өз баласындай көріп, ақыл айтып, көп нәрселерді үйретіп жүретін осы жанның орны мен үшін қашан да ерекше. Өмірде өз анамнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол- алғашқы ұстазым.
Әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі , нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын. Мен ұстазымды әрқашан өзіме үлгі тұтам.Ұстазымның жолымен жүріп келемін.Өз мамандығымды жақсы көремін, ұстаз болу мен үшін бақыт. Жаһандану заманда жаңа технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Еңбегімнің бағасын ата-ана, жұртшылық береді. Солардың «Жайна – жақсы ұстазым» деген сөзі, кеше ғана «Балабақшамен қоштасудағы» бір баланың «Апай, Ханшайым болып кетіпсіз !» деген сөздері менің шаршағанымды ұмыттырғандай риза болып қаламын. Өскелең ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды тәрбиелеудемін.
Бүгінгі ұрпақ- бақытты ұрпақ. Себебі, технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан-жақты жағдай жасалған. Елбасының айырықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықта у арқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді.Осының барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз.
Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі жас ұрпақтың болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы білім десек, білім ошақтарының басты тұлғасы, жүрегі-ұстаздар. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» .